Ол 2 сағаттан астам уақыт бойы допты жерге түсірмей 7994 рет тепкен.
14 жастағы түркістандық бала әлемдік рекордты жаңартпақ
сурет видеодан алынды
1,429
оқылды

Түркістан облысында тұратын 14 жастағы Мейрамбек Сілеусінов допты жерге түсірмей, 7994 рет тепкен. Спорт сарапшыларының айтуынша, бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Бұл туралы Aikyn.kz 24.KZ телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мейрамбек Сілеусінов доп тебуден "Ордабасы" футбол академиясы ұйымдастырған сайыста 2 сағаттан астам уақыт бойы допты жерге түсірмей 7994 рет тепкен. Десе де Мейрамбектің нәтижесі әлем рекорды ретінде ресми түрде әлі бекітілген жоқ.

– Жарысқа 1 аптадай дайындалдым. Теңертең сабаққа кетемін, түсте келген сайын күніге 2-3 мың рет доп тебемін. Жарысқа барғанда қорықпадым. 8 мыңды істеймін дедім, кейін бас жүлдені алдым", - деді Мейрамбек.

Ол 3 жылдан бері футболмен айналысады. Оны бұған ағасы Бекарыс баулыған. Ол інісінің ерекше қабілетке ие екенін байқап күн сайын бос уақытында доп тебуді үйреткен.

"Мейрамбек өзі жастайынан допқа құмар болды. Осыны байқағаннан кейін қызығушылығын ояту мақсатында  доп алып, дайындығын күшейте бастадық. Жалпы жетістікке жету үшін, ең алдымен, шыдам керек. Адам шыдаса ғана нәтижеге жететіні анық", - деді Мейрамбектің ағасы Бекарыс Тойлыбаев.

Мейрамбектің рекорды әзірге құжат жүзінде бекітілмеген. Бірақ оның 3 сағатқа жуық допты түсірмей тепкенін дәлелдейтін видеолары бар. Егер рекордтар кітабына енгізу үшін қайта доп тептірсе оған да дайын. Ал оқушының осы көрсеткішіне қарап, оны үлкен футбол клубтары шақырта бастаған.

"Біздің ойымыз қазір бұл баланы ауданнан алып кету керек. Ағасына да айттық. Енді ағасы жақында інісі екеуі Шымкентке көшпекші. Содан кейін біз академияға аламыз. Ол жерден жақсы ойнаса, өзіміздің Ордабасыға шақырамыз. Ары қарай жататын жерін де, тамағын да "Ордабасы", Оңтүстік академия төлейді", - деді "Ордабасы" футбол академиясының өкілі Арман Пірманов.

8-сыныпта оқитын Мейрамбек болашақта Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ойнауды армандайды. Сонымен қатар доп тебуден өз рекордын 10 мыңға жеткізіп, әлемде бірінші болуды қалайды.