Көптеген жеке компаниялар «Қазақфильмде» коммерциялық фильмдер түсіргенімен, ондағы табыс киностудия бюджетіне түспеген.
Енді киноға бөлінетін қаржының 30%-ы «Қазақфильмге» бағытталады – Аида Балаева
580
оқылды

Бүгін Мемлекет басшысы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметіне қатысты және бірқатар маңызды жаңашылдықтарды қамтитын Заңға қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Осы ретте Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева саладағы өзгерістер туралы мәлімдеме жасады.

- Атап айтқанда, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы өзінің жаңа даму кезеңіне қадам баспақ. Енді елімізде түсірілетін фильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы тікелей «Қазақфильмге» бағытталады. Бұл киностудияның жұмысы тиімді әрі қаржылық тұрғыдан тұрақты болуына мүмкіндік береді.

Өкінішке қарай, киностудияда болып жатқан оң өзгерістерге көңілі толмайтын киногерлер де жоқ емес. Әрине, ашықтық пен жариялыққа, кіру режимін қатаңдатуға, киностудия қызметінің тиімділігін тексеруге бағытталған қаржылық реформалар барлығына бірдей ұнай бермейді.

Дегенмен, естеріңізге сала кетейін, киностудия – мемлекеттік нысан, сондықтан оның арнайы ережелері болуы заңды. Өйткені студия аумағында қымбат құрал-жабдықтар мен мәдени мұра объектілері орналасқан. Сондықтан бұған түсіністікпен қаруға тиіспіз.

Қаржылық мәселеге келер болсақ, тиімді менеджмент құрал-жабдықтар мен үй-жайларды жалға беру киностудияның мүддесіне сай жүзеге аспағанын көрсетті. Көптеген жеке компаниялар «Қазақфильмде» коммерциялық фильмдер түсіргенімен, ондағы табыс киностудия бюджетіне түспеген.

Коммерциялық аумақтарға аудит жүргізу кезінде де жалға алу құнын бекітуде таңдамалы тәсілдер болғаны анықталды. Мәселен, екі келісімшарт бойынша жалға алу бағасы әдейі төмендетілген, соның салдарынан бір жағдайда 11 ай ішінде 5 940 миллион теңге, ал екіншісінде 7 ай ішінде 42 миллион теңге шығын келген.

Құрал-жабдықтар мен үй-жайларды жалға беруде қатаң режим мен бақылау орнату, жаңа қаржыландыру жүйесімен дұрыс басқару арқылы студияны өзін-өзі қамтамасыз ететін табысты орталыққа айналдыруға болады. Мұның алғашқы нәтижесі қазірдің өзінде байқала бастады.

Мысалы, өткен жылы студия төрт коммерциялық фильмді экранға шығарды, оның ішінде «Шырмауық» (режиссер А.Шарғын) және «Капитан Байтасов» (режиссер Д. Қамшыбаев) көркем фильмдері, сондай-ақ екі деректі фильм бар.

Сонымен қатар, «Алтын адам» атты анимациялық фильм толығымен «Қазақфильмнің» техникалық базасында жасалып, оны 2025 жылдың наурыз айында көпшілік назарына ұсыну жоспарлануда.

Қазіргі кезде «Жабайы» және «Малай» атты көркем фильмдер түсіріліп жатыр және «Күлпәш», «Бүркітші» жобалары жүзеге аспақ. Сондай-ақ биыл өз қаражаты есебінен «Муза» атты деректі фильм түсіру жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының «Қазақфильм» киностудиясы жұмысын жетілдіру бойынша қойып отырған міндеттерді орындауда бүгінгі қабылданған заң шешуші рөл атқарады деп сенемін.

Бұған дейін де атап өткенімдей, «Қазақфильм» тек жұмысын жалғастырып қана қоймай, қарқынды түрде дамитын болады, – деді Аида Балаева.