Ұлт мұратын ту қылып ұялмастай күн кешкен, мұратының жолында мұнар-мұнар мұң кешкен, асқақ рухымен аспанмен тілдескен, тіл мен діл үшін түнде көзін ілместен, күндіз күлместен тірлік еткен – Мұхтар Мағауин!
Мұнар да мұнар, мұнар күн...
136
оқылды

Қазаққа дау төнсе қалқан-қабырғасы, жау төнсе адырнасы болған, алапат қалам қуатымен шуақты шығармалар тудырған, дәуірдің дімкәс жүрегін дәру сөзімен жудырған қаламгері, «Аласапыран» заманнан бергі алтын қорымызды болашаққа жеткізуші алаугері, жауынгер-жазушы Мұхтар Мағауинге уақыт жетіпті. Иә, жазушы, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, тарихи романдардың авторы Мұхтар Мағауин бұл жарық дүниеден артына өшпес із, өлмес сөз қалдырып өтіп барады. 

Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпан­да Семей облысының Шұбартау аудан­ында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мемле­кет­тік университетінің Филология фа­куль­тетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Әр жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Жазу­шы» баспа­сында қызмет істеген. Ғылым академиясына қарасты Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтын­да, Мәскеуде Максим Горь­кий атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша лекция оқыған. Жазу­шы ХV-ХVІІІ ғас­ырдағы ұмытылған ескілікті қазақ поэзия­сын қайыра ашып, ресми әдебиет тарихы­на енгізген. «Аласа­пы­ран» тарихи ро­­ман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сый­лығы берілген.

Халық жазушысының қаламынан көркем прозада «Аласапыран», «Көк мұнар», «Шақан – Шері», «Сары қазақ», «Қыпшақ аруы», «Кесік бас – тірі тұлұп хикаясы», «Жармақ», «Шыңғыс хан», «Ал­тын Орда» романдары, көсемсөзде «Ұлтсыздану ұраны», «Қазақсыз Қазақ­стан», «Ұлы Ота­нымыз – мәңгілік Тұр­ан», «Отарлау эпо­пея­сы» сияқ­ты көркем дүниелер туды. 

Оның өзіне ғана тән қолтаңбасы бар-тын. Ғұмыр бойы ізденістен арылған жоқ. Сол ізденіс 5-7 ғасырлық мұра боп, қазаққа қайта оралды. Қазақтың жоғалт­қанын тапты, өшкенін тірілтті.

Марқұм Мұхтар Мағауиннің ұлы Едіге: «Қаңтардың 9-ы бейсенбі ақшамда дүние салған әкеміз Мұхтар Мағауиннің жана­засы қаңтардың 11-і сенбі күні сағат 10:00-де түріктің Diyanet Center of America мешітінде (9610 Good Luck Rd, Lanham, MD 20706) оқылады, қонақасы да сол орында 13:00-де беріледі. Жерлеу рә­сімі 11:00-де Parklawn Memorial зир­атын­да (12800 Veirs Mill Rd, Rockville, MD 20853) өтеді» деп хабарлама қал­дырды. 

Қаламгердің артында 30 томдық мол мұра қалды. Бұл мұра ұлттың шамшыра­ғы­на айналары сөзсіз. 

Шырағыңыз сөнбесін, қазақ Абызы!

 

МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫМЫЗДЫ  ТАҢБАЛАҒАН  ЖАЗУШЫ

Бес ғасырлық жыраулар поэзиясын туған халқының рухани қазынасына қосқан, мың жылдық тарихымызды таң­ба­лап, көркем шежіресін жасаған классик жазушы, халқымыздың біртуар ұлы Мұхтар Мағауин өмірден озды. 

Мемлекет басшысы қаламгердің жары мен балаларының қайғысына ортақтасып хат жолдады, тілеулес пейілін білдірді.

Барша қазақ баласы сияқты біз де бала күнімізден Мағауин шығармаларын оқып өстік. Оның еңсеңді көтеріп, ұлт тарихына мақтанышыңды оятатын рухты шығарма­лары­мен есейдік. Кейін дидарласып, дәмдес те болдық. Белгілі жазушы Дидах­мет Әшімхан қаламгермен таныс­тыр­ғаны есімде. Мұхтар Мағауиннің әйгілі Тоны­көк жазбасына сүйеніп тұрған суреті бар. Құдды бітік тастан тың тыңдап, мың жыл­дық бабалар өсиетін жүрегіне сіңіріп тұрғандай. Қаламгердің бір ғана бейнесі оның бүкіл болмысын, өмірлік миссиясын ашып көрсетеді. Мұхтар ағаның жарқын бейнесі дәл осы қалпында ұрпақ жадында қалатыны сөзсіз.

Өмірінің соңғы сәттеріне дейін қалам­ын серік етіп, жазудан танбай өткен классиктың мол мұрасы қашанда туған еліне қызмет ете бермек.

Тұтас қазақ халқына, жазушының әуле­ті мен туған-туыстарына көңіл айта­мын.

Асыл ағамыздың алды пейіш, арты кеніш болғай!

Ерлан ҚАРИН,

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі

ОЛ ҚАЗАҚПЕН БІРГЕ МӘҢГІ ЖАСАЙ БЕРМЕК

Қазақ әдебиеті, қазақ өркениеті үлкен қайғылы қазаға ұшырады. Кеше қазақтың көрнекті жазушысы, классигі Мұхтар Мағауин дүниеден өтті. Мұхтар Мағауин дегенде – бұл біздің бүкіл әде­биетіміздің бүтін бір бөлшегі еске түседі. Ол – қазақ әдебиетінің тарихына да, жалпы қазақ тарихына да, бір адамдай еңбек сіңірген жазушы. Оның шығарма­лар­ын бүткіл қазақ оқырманы оқыды десек, артық айтқандық емес. Әсіресе, «Қазақ тарихының әліппесі» деген кітабы – кейінгі ұрпақтың өзінің тарих­ын біліп өсуіне, үйренуіне, сезінуіне, әрбірден соң өзінің қазақ екеніне мақ­тануына лайық керемет шығарма. 

«Аласапыран» романы, одан өзге де әңгімелері, повестері қазақ әдебиетінің қымбат мұрасына айналды. Біз Мұхаң қайда жүрсе де, үнемі «ол кісі не жазып жатыр екен?», «қазаққа қандай жаңа шығарма береді?» деп күтіп отыратын едік. Ол кісі көзі жұмылғанға дейін қолы­нан қаламын тас­таған емес. Қанша­ма дүниелер жазды, қан­ша­ма мол мағлұматты қазаққа беріп кетті. 

Мұхтар Мағауин дүниеден өткенімен, ол бізбен бірге мәңгі жасай береді. Оның қаламынан туған көркем дүниелері – мәңгілік құнды мұралар!

Жатқан жері жарық болсын! Мұндай дарынды тума таланттар қазақтың жүре­гінен өшпейді. Қазақтың келешек ұрпағы да Мағауинді бағалайды, сонымен өсіп-өнеді, ерекше құрмет тұтатын болады. 

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,

Жазушылар Одағы төрағасы

ҚОШ, МҰЗБАЛАҚ!

Уа, дүние, «қаңтардың 9-ы, бейсенбі күні ақшамда», «айбынды ғұнның, ержүрек түріктің, кемеңгер Шыңғыс хан­ның, асқақ Алтын Орданың, оған жалғас нұр шұғылалы Алаштың әулеті», «бар ғұ­мырын жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен» Ол – Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің де «көзі жұмылып», «бұрынғы алапат Баба­лары сияқты»:

– Қайырлы болсын Сіздерге,

Бізден де қалған мынау жұрт! –

«өлмес, өшпес мәңгілік» (өз сөзі) са­пар­ға аттаныпты. 

Ұлтының рухани тұтастығы мен тәу­елсіздігі үшін Еркін ой аспанында: дауыл­дар мен жауындарға, найзағай мен жай оғына, тосқауыл мен торға қарамастан, отты көзі жарқырап, қанатын сауыс-сауыс мұз басқан сұсты қалпымен, қашан да шамырқанған өршіл намыспен үнемі рух майданының алғы шебінде атой шаңқыл­ын ойнақтатқан көшпелі қазақ өркениеті­нің Мұзбалағының қанаты талып, бақилық тыныштыққа ораныпты. Енді алпыс жыл бойы еркіндіктің сұңқары боп қазақ ас­панында атой салған Еркін рухтың дауысы қайтып естілмейтіні өкінішті. Қанатының суылы естілмегенімен де, ол биікке көтеріп кеткен қазақтың және қазақ әдебиетінің әбілһаят суына малынған алтын тұғыры шоқтығы жоғары биіктен, өзі айтқандай, «шұ­ғыласын шашып» тұрады. «Күн сөн­генше сөнбейтін» (Сұлтанмахмұт) күндер­ге бет алған қазақ елінің мәртебесін көтер­ген рух деңгейі, мәңгілік үні өшпейтін «Қобыз сарыны» болып қалады.

Ол, жиырма алты жасында: отар пиғыл­ды, дәрілқарап дінді, нәсілдік астам­шы­лықты дәріптеп, «халық жауын» әш­кере­леген ұрпақтың дойыр дөңайбатына тос­­қауыл қойып, ұстазы Б.Кенжебаевтың алғауымен: «Қазақ әдебиеті Бұқар жырау­дан басталады. Одан бұрын қазақта әде­биет те, мәдениет те болған емес!» – деген нәубетті желеудің «жебеушілеріне» тосқау­ыл қойып, сөз тарихына «Жыраулар әде­биетінің дәуірі» (ХІ-ХVІІ ғғ.) деген аса маңызды да құнарлы «Заман-ай!» дәуірді, нысаналы пәнді санат­қа қосып, санамызға сіңірді. Таңданарлығы, «Қобыз сарыны» моно­графиясы жариялан­ған соң, бұл дәуір – жыраулар әдебиеті жаппай жоғары, төменгі сатылардың оқу бағдар­лама­сына енді де, Мағауиннің бұрынғы «оппонент­тері» Мағауиннің жеке басына деген «оппози­циялық» сұқтарын ұстанып, өздері­нің «апологеттік» шендерін қорғаш­таумен болды. Марқұм Алтынбек Сәрсен­баевтың: «Қобыз сарыны» үшін Мұхтар Мағауинге «Халық қаһарманы» атағын беру керек. Әлі де кеш емес!» – дейтіні сон­дықтан.

Бұдан кейінгі «Кешқұрым» әңгімесімен «Жармақ», «Шыңғыс ханның» арасын жал­ғастырған М.Мағауиннің шығарма­лары қазақ әдебиетінің алтын өзегінің бірі және берегейі болып табылады. Бұл шы­ғар­ма­лардың әрқайсысы М.Мағауиннің өзіне тән күрес, намыс рухында жазылды. Өйткені көп «біздің» ішінен жеке өзінің «Менін» сақ­тап қалу үшін де өзі айтқандай, «бар ғұ­мырын жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткізді». 

Иә, өкініштің өксігіне булыға отырып:

– Қанатыңнан қайырылдың, қазақ,

Мұзбалағыңнан айырылдың, қазақ, –

деп Мұхтар Мағауиннің барша жанашыр жа­ми­ғатына көңіл айтамын. Абай айтқан­дай, «менікі» өлгенмен, «МЕН» өлмейді. 

Қош, бақұл бол, Мұзбалақ!

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, 

жазушы

МАҒАУИН РУХЫ МӘҢГІЛІККЕ КӨШТІ

Осыдан екі айдай ғана бұрын Атлант­тың ар жағындағы алыс Америкадан Мұхтар Мағауин ағатайым қоңырау ша­лып, «Қор­ғанбек, амансың ба, айналай­ын?!» деп, ағалық ақ баталы тілегімен алқап, сөз ара­сында азырақ ауырып жүргенін, сондағы емханада емделіп, жақсы боп қалғанын да айтып еді. Бірақ Едіге ұлы қағаберісте әке сырқатының нашарлығын құлаққағыс етіп үлгерді. Мұндайда қолдан не қайран келеді? Шипасын беруін, алдағы сексен бес сең­гірін әлемдік деңгейдегі классик жазу­шымыз Алашымен бірге амандықта қарсы алып, асқақтата атап өтуді тілеген едік. Әттең-ай, әттең, сол сеңгірге 22 күн қал­ғанда Америка­дан, Едіге бауырымнан қаралы хабар жетіп, жан дүниемізді күңірентіп жіберді.

Қазақ руханиятында Мұхтар Мағауин атты бөлек әлем бар. Алаш алыптарымен ал­қаулас, рухтас һәм бауырлас бұл әлемді аса көрнекті жазушы дейтін жадағай, жаттанды сөздер сипаттап бере алмайды. Мағауиннің шығармашылық әлемі құдды қазақтың мың жылдық рухының қызғыш құсындай зар шертеді, ұлттық рух кеңіс­тігін мың жылдық қобыз үніндей әуелете кернейді, сөйтіп исі Алаш бала­сының тоқ­сан толғаулы жан күйін толғаған аласапыран ұлы сарынға ұласады. Ұлттық әдебиетіміздің тұтас бір дәуірін жасаған, кеңістігін ілгері-кейінді кеңейткен Мағау­ин әлемі қазағымен бірге мәңгілік жасай бермек. Атар таңдай ақиқат – осы. Арыс­тарды, абыздарды ас­қақ­та­тып еді. Өзі де арыс абызға айналды. Сүйегі – Америкада, рухы – Қазақияның аспанында. Ма­ғауинтанудың мәңгілік дәуірі шын мәні­сінде енді басталады деп білемін. Елім дегенде Едігедей еңіреп өткен ер қаламгер де осы – Мұхтар Мағауин ағатайым!

Иә, ағатайым! Қырық жылдан бергі ағалы-інілі сыйластығымыз, Алматыға алғаш табаным тиген 17 жасымда «Жалын» журналында өлеңімді шығаруы, өзіме деген әкедей қамқорлығы, сонау Көкше­таудан Алматыға, әдеби ортаға ізгі ниетпен арнайы шақырып алдыртуы, өтпелі қиын кезде анам қайтыс болғанда қайғыма ортақтасып, қасымнан табылуы менің Мұхтар ағатайым­ның адамгершілік бол­мысын, жан-жүрегі мейірімге толы кісілік келбетін айшық­тайды.

 Қош, қош, қазақтың ұлы перзенті, Алаш­тың асыл абызы, ұлтымыздың ұлы жазушысы. «Мен!» дегені өзіне ғана жара­сатын менің Мұхтар ағатайым! Рухы мәңгі­лікке көшкен Мұхтар Мағауиннің мәңгілік күйі миллиондардың кеуделерінде күмбір­лей берсін!..

Қорғанбек АМАНЖОЛ, 

ақын, Халықаралық «Алаш»

әдеби сыйлығының лауреаты

ҚАЛАМЫҢНЫҢ ҰШЫНДА АРЫСТАРДЫҢ АРМАНЫ...

Қазақ руханияты, қазақ көркем ойы, қазақ прозасы үлкен ауыр қайғыны бастан кешкен күн болды. Қазақтың ұлы жазу­шысы Мұхтар Мағауин өмірден озды.

 Мұхтар Мағауин – біздің ұғымымызда, қазақ әдебиетінің, қазақ көркем сөзінің тұтас бір дәуірі. Шын мәнінде, біз ол кісінің тәрбиесін көріп өстік. Ол кісінің тәлімін, тағылымын көрдік. Ол кісімен сырласқан, сыйласқан уақыттарымыз аз болған жоқ. Қарамағында қызмет еттік. 

Жалпы, Мұхтар Мағауин қаһарман­дықпен еңбек етудің, қаламға, ұлтқа адал болудың үлгісін көрсетіп кетті. Сонау 1969 жылы шыққан «Қобыз сарыны» кітабынан бастап, «Көк мұнар», «Бір атаның бала­лары» шығармалары, кешегі «Шыңғысхан» еңбегіне дейін ұлтты сүюдің, ұлтқа адал болудың ғажайып өнегесі болды. Ол өз өмірін тек қана жазуға арнады. Жоспарлы түрде жұмыс істеді.

Мұхтар Мағауиннің «мен мәңгілік аруаққа айналам» деп айтқанын жазып жатыр. Қазақтың қабырғалы қаламгеріне қазақтың басы талай қайта айналып соғатын болады. 

Ол кісі 80 жасқа келгенде: «Сөйле, қо­быз» деген өлең жазып едім. Сонда мынадай өлең жолдары бар еді:

– Алмас қылыш жарқ етсе,

қолыңда алтын балдағы,

қаламыңның ұшында арыстардың арманы.

...Көк бөрінің терісі сыпырылып тірідей,

Қара қайыс қолдағы –

Енді бізге қалғаны.

Арыстардың арманының рухын жақ­қан, солардың арманына шырақшы болған, тек қана ақиқаттың алдаспаны секілді шындық­тың биігінен сөйлеген, сондай бір аяулы қаламгер, асыл аға, ұлттың бір ұяты, намы­сы, ары деуге бола­тындай ағамыз еді. 

Алды жарық болсын! 

Кешелі-бері бүткіл Қазақ елі, қазақ байтағы Мұхаң туралы айтып, жоқтап жатыр.

Бұл әлі басы деп ойлаймын. Әлі талай рет қазақ Мұхаң тақырыбына оралатын болады. 

Ұрпақтан ұрпаққа жететін, сағынысып еске алатын есімге айналады. 

Барша қазақ еліне көңіл айтамын. 

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

БІР МАҒАУИН!

Келмек барын және кетпек барын бәріміз білеміз.

85 жасына титімдей уақыт қалғанда Мұхтар Мұқанұлы Мағауин ағамызға да уақыт болыпты...

Кеше таңертеңнен бүкіл қазақ бала­сы­ның қабырғасы қайысып, жазушы қазасына орай азалы күй кешіп жатыр... 

Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, Түркияның Халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, Улан-батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі.

Мұхтар Мағауин – қаламынан маржан төгілген жазушы, «Әдебиет – ардың ісі» болса, осы саланы қопара зерттеген әдебиет зерттеушісі, қанша ғасыр бойы көмілген ұлы тарихымызды тереңдете зерттеген тарихшы. Мұқаңның жазушы­лық, ғылыми зерттеу, тарих және әдеби сын, көсемсөзді қоса алғандағы жазған еңбектері отыз томға жуық. Мол мұра!

Осының бәрін бір Мағауин істеді. Мың адамның құзырындағы тірлікті жалғыз өзі істеген жан.

Былай қарасаңыз: армансыз адам тәріз­ді, ойға алған дүниесінің бәрін орайын кел­тіріп, жазатындарын жазып, айтатынын айтып-ақ кеткендей...

Мұқаңның жүрек түкпірінде үлкен Шер бар еді! Құлдық сана қамытын киген жұртын Ұлттық сана биігіне шығару үшін барлық амалды жасады. Соны түсінген бар ма? Ұғынған қанша? Түйсінген нешеу?..

«Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айнал­ам! Иә!» – депті Мұхтар Мағауин. Алла дәр­гейіне алғай!

Ет-бауырымыз езіліп, қайғылы ха­бар­ды еңсере алмай тұрған қазіргі шақ та өтер. Мағауин мұрасына үңілер, жаз­ған­дарының қалыбы мен қасиетін түсінер кез де жетер. Ноқтаға басы сый­ма­ған, қай қиыр­ға кетсе де Қазағын қимаған Мағауин мұ­расы намысты, зерделі, кеуделі оқыр­ма­нын күтіп жатады. Есті қазақтар көбей­се, сесті қазақтар молайса, Мұхтар аға­мыз­дың еңбегі еш, есіл болмағаны, жаз­­­­ғаны мен айтқаны текке кетпегені деп білеміз!

Нұртөре ЖҮСІП, 

сенатор

БЕЛГІЛІ БИІК КӨКСЕҢГІР ҚҰЛАДЫ

«Асқар таудың өлгені – басын мұнар шалғаны» деп Көмекей әулие айтқан күн бүгін. Дәл Қыс-Тоғыста алыс Америка­дағы Алаштың арысы Мұхтар Мұқанұлы Мағауин өтті өмірден! Қанша ауыр хабар болса да жазмыштың жазуына бейшара­мыз… 

Ұлттың Төрт Құбыласының бірі – әдебиет. Сол Құбыланың алтын ұстыны құлап түсті! 

Мағауин құлдықта өлесі халде жат­қан қазақ рухын қайта оятқан тұлға еді. Бізді тірілткен қасиетті парақ жабылды. Ен­ді Мұхтар ағам Күлтегін Мәңгі­та­сы­ның қасынан Керулен жағалап көшкен ал­тын тоғанақты керуендерімен мәңгі са­парын бастады… Қош, басын мұнар шал­ған «Белгілі биік Көксеңгір!» Қаза қайырлы болсын, Қазақия! 

Светқали НҰРЖАН,

(Айт-Ман)