Бұрнағы жылдары мұнда жемқорлық пен субсидия жымқыру дауы ушыққан болса, одан соң жалған статистика бой көрсетті. Мұның барлығын Президенттің өзі де сынға алып, саланы ретке келтіруді тапсырған болатын. Енді осы статистика мәселесінде бізге БҰҰ көмектескелі отыр.
Олқылықтар түзелмей тұр
Расын айтқанда, жалған деректер ауыл шаруашылығындағы нақты жағдайды бағалауға мүмкіндік бермей отыр. Бұл дегеніміз – экономикамызға қатер төніп тұр деген сөз. Өйткені ауыл шаруашылығы – ел дамуының басты факторы, азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануда да, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын құруда да бұл сала үлкен әлеуетке ие. Бүгінде еңбекке қабілетті Қазақстан халқының 38%-ы осында еңбек етеді. Ауыл шаруашылығы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бойынша төртінші орында, экономикадағы үлесі бойынша жетінші орында тұр. Сондықтан да мұндағы статистика жай ғана сандар емес, стратегиялық мәні зор ақпараттар. Оған бей-жай қарауға болмайды. Арнайы комиссияның мәліметтеріне сүйенсек, ірі қара мал саны ресми деректерден орташа есеппен 20%-ға алшақ екен. Сондай-ақ қайтыс болған 143,7 мың адамның және жоқ адамдардың, яки ЖСН-ы дұрыс емес 64,2 мың адамның атына мал тіркеу жағдайлары кездескен. 2023 жылы тамыз айында картоп егілген алқаптарға қатысты деректер тексерілгенде, айырмашылық 75%-ды құраған. Келтіре берсе, мұндай бұрмалаушылық өте көп.
«Аграрлық сектордағы бастапқы статистикалық ақпаратты кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтердің әкімдері жасақтайды. Олар шаруаларға, ферма қожалықтарына, жеке кәсіпкерлерге, қосалқы шаруашылықтарға қатысты мәліметтерді электрондық шаруашылық бойынша есепке алу (ЭШБЕА) базасына енгізеді. Ол Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросына келіп түседі. Бұл жерде белгілі бір мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін екенін ескеру керек. Өйткені кейбір жергілікті атқарушы органдар нысаналы индикаторларға қол жеткізу үшін өзіне қарасты аймақтың нақты статистикасын көрсетпей, төмен көрсеткіштерді жасыру үшін оны бұрмалап, асыра көрсетілген жалған мәлімет беруі ықтимал. Оның салдары субсидиялау, кредиттеу кезінде қате шешімдерге, бизнес субъектілерінің, екінші деңгейлі банктердің салаға деген сенімсіздігіне әкеледі. Нәтижесінде, мемлекеттік қолдау мен ауыл шаруашылығы өндірушілерін ынталандыру механизмдері жұмыс істемей қалып жатады. Соңғы жылдары жалған мәлімет ұсыну схемасымен қосымша субсидиялар алуға, яки мемлекеттік қолдау арқылы оңай ақша табуға ұмтылу деректерінің көбейіп кеткенін білеміз», – дейді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығындағы деректердің ашықтығын жақсарту үшін жинау және өңдеу тәжірибесін жетілдіру қажет. Нақты айтқанда, статистиканың сапасы қолмен енгізу кезінде қадағалаудың жоқтығымен байланысты. Мысалы, ауыл шаруашылығы деректерін қалыптастыру бойынша АШМ-ның 70 формасының 50-ден астамы әлі автоматтандырылмаған. Бірқатар ақпараттық жүйелерде олқылықтар мен қателіктер бар.
«Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша біз Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы техникасына қатысты ақпараттық жүйесінде жойылған кәсіпорындар мен қайтыс болған адамдардың меншік иесі ретінде тіркелгенін анықтадық. Дәл осындай сәйкессіздіктер мен деректердің бұрмалануы ауыл шаруашылығы бойынша басқа да әкімшілік ақпарат көздерінде кездесті. Соның ішінде жануарларды есепке алу базасында және Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрында. Бұл олқылықтар әлі де болса түзелмей тұр. Сондықтан биылға жоспарланған ауыл шаруашылығы санақтары кезінде деректер базасын бір мезгілде жаңарту дұрыс болар еді», – дейді ол.
Кешенді шаралар қажет
Бұл жағдай депутаттарды да алаңдатып отыр. Олар мұндағы мәселелерді кешенді түрде шешу керек деп санайды. Мемлекет басшысының Ұлттық статистика бюросын реформалау және цифрландыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен Мәжілісте «Мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері жөніндегі заң жобасы» әзірленген екен. Соның аясында Ұлттық статистика бюросы базасында деректер контролерлері институты құрылуда. Бұл ұғым заңнама деңгейінде енгізілген. Аталған мамандар басқа ведомстволардың әкімшілік деректерінде сапасыз ақпаратты анықтап қана қоймай, проблемалар туралы уақытында хабарлап, жедел ден қоятын болады. Сондай-ақ «Цифрлық статистикалық тіркелімдер» жобасы қолға алынған. Әкімшілік деректер негізінде эталондық дерекқорлар құруды көздейтін бұл бастама мәліметтердің қайталануын болдырмауға және респонденттердің есептік жүктемесін азайтуға көмектеспек. Дегенмен жобаны сәтті жүзеге асыру үшін деректерді жинау процестерін толығымен автоматтандыру және әкімшілік деректер сапасын арттыру қажет, бұл талқыланып отырған тақырып аясында ақпараттық жүйелер мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйелерін жаңғыртуды қажет етеді.
«Мемлекет басшысы статистикалық ақпаратты қалыптастыру тәсілдерін өзгерту жөнінде бірнеше рет тапсырма берді. Өйткені орасан үлкен дата-орталықтар мен цифрландырудың даму дәуірінде ақпарат жинаудың ескі әдістері өзектілігін жоғалтты. Аталмыш заң жобасы деректерді басқару және статистикалық ақпаратты қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау үшін құқықтық жағдай жасайды. Өзгерістер аясында деректерді басқару жөніндегі талаптар Үкіметтің қаулысымен бекітілетін болады. «Ұлттық регистрлерге» құқықтық мәртебе беріледі. Бұл – Электрондық үкімет архитектурасы шеңберінде барлық салалар бойынша эталондық деректерді қамтитын базалар. Оның ішінде, қайталанатын және дұрыс емес мәліметтер болмайды. Бұдан басқа балама деректер ұғымы енгізіледі. Бұл – әкімшілік және статикалық емес деректер. Ұлттық статистика бюросының келісімі бойынша олар статистикалық есептер мен деректерді талдау үшін ұсынылатын болады. Ұлттық анықтамалық ақпарат ұғымы да енгізіледі. Ол жіктеуіштер, каталогтар, анықтамалар мен номенклатуралар жиынтығын білдіреді», – дейді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Депутаттар ауыл шаруашылығының экономикалық маңыздылығы жоғары бола тұра, өкінішке қарай, жалпы ішкі өнімге қосатын үлесі аз болып тұрғанын айтады. Орта есеппен бұл көрсеткіш 5%-ға жуық. Оның негізгі себептері: өнімділіктің төмен болуы, суармалы жер көлемін ұлғайту қарқынының баяулығы, суды тиімсіз пайдалану, көлік-логистикалық инфрақұрылымның әлсіз дамуы, материалдық-техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігі және басқалар. Соның ішінде статистика жайын да айта кеткен абзал. Сол себепті олар ауыл шаруашылығындағы статистикалық есепті мал басын есепке алудың ақпараттық жүйесін, дақылдардың ғарыштық мониторингін, салық және зейнетақы есептеулер, кедендік декларацияларды және электрондық шот-фактуралардың базасын интеграциялау арқылы жүргізуді ұсынады. Сондай-ақ кәсіби фермерлерді, жетекші IT-компанияларды және халықаралық сарапшыларды тартып, жұмыс тобын құру арқылы ақпараттық, әдістемелік және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру керек. Егер шаруа қожалығы жергілікті әкімдердің сұрауы бойынша өндірілген өнім көлемін ұлғайтып көрсететін болса, оған тиісінше салынатын салық көлемі де ұлғайтылуы қажет.
БҰҰ көмекке келеді
Биыл 1 тамыз бен 20 қазан аралығына елімізде Екінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізілмек. Бұл жұмыста Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) маңызды рөл атқармақ. Нақтырақ айтқанда, Ұлттық статистика бюросына «2025 жылғы аралас ұлттық ауыл шаруашылығы санағын техникалық қолдау» жобасы аясында көмекке келмек. Біздің мамандарды оқытып, біліктілігін арттырып, әдістемелер ұсынады. Халықаралық ұйым еліміздің аграрлық секторының тиімділігін арттырудағы маңызды кезеңге дайындық жұмыстарын әлдеқашан бастап кеткен екен. Еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі семинар өткізуде. Мәселен, былтыр 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында республика бойынша 54 елді мекенді қамтыған ауыл шаруашылығы санағының пилоттық кезеңі өтті. Бұл 2025 жылғы Ұлттық санақты сәтті жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болды. Аталмыш шара тиімді басқару шешімдерін қабылдау, тұрақты даму және азық-түлік қауіпсіздігі үшін дәл және өзекті ақпаратпен қамтамасыз етуге бағытталған. Осы пилоттық кезеңнің нәтижесін бекіте түсу үшін ФАО 2024 жылдың 11-15 қарашасы аралығында Астанада Бюро қызметкерлеріне халықаралық статистика сарапшыларын тарту арқылы семинар-тренинг өткізді. Расмия Алиева, Гиорги Квиникадзе және Энтони Бургарда сынды білікті мамандар озық тәжірибелер, цифрлық деректерді жинау және өңдеу әдістері бойынша сессиялар өткізіп, алдағы ауыл шаруашылығы санағында әкімшілік деректер мен цифрлық шешімдерді тиімді пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.
«ФАО сарапшыларымен талқылау сессиялары ағымдағы дайындық шараларына жан-жақты шолу жасап, алдағы санақты ұйымдастыру бойынша ұсыныстарды әзірлемек. Біздің техникалық қолдауымыз тиімді санақтарды ұйымдастыру үшін Ұлттық статистика бюросының институционалдық және әдістемелік мүмкіндіктерін нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ статистикалық мәліметтерді салыстыру мен үйлестіруді жақсартуға мүмкіндік береді», – дейді ФАО-ның Қазақстандағы байланыс және серіктестік кеңсесінің бағдарламалар үйлестірушісі Жаңыл Бозаева.
Ауыл шаруашылығының пилоттық санағы дайындық барысындағы кемшіліктерді анықтап, негізгі санақ процесін жетілдіруге мүмкіндік берген екен. Тестілеу кезеңінде деректерді жинау әдістері талданып, қолданылатын технологиялардың тиімділігі бағаланып, жұмыс процесі кезінде туындауы мүмкін проблемалар анықталған. Бұл өз кезегінде әдістемені түзетуге, кадр даярлығын жақсартуға және 2025 жылғы негізгі ауыл шаруашылығы санағы кезінде саланың жай-күйін дәлірек және толық айқындауға негіз болмақ. Жоба ФАО штаб-пәтері мен оның аймақтық кеңселерінің қолдауын қоса алғанда, тұрақты өзара әрекеттесу мен тәжірибе алмасуды қамтиды.
Нұрлан ҚОСАЙ