Сол уақытта облыс аумағында индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында қос жоба жүзеге асырылатыны айтылып жүрді. Бұл аймақ экономикасына айтарлықтай үлес қосып қана қоймай, фармацевтика саласының өркен жаюына тың серпін береді деп күткен еді.
Дерек көздеріне жүгінсек, мия өсімдігі ежелгі Геродот дәуірінен жеткен қолжазбаларда скиф тамыры деген атаумен белгілі болған екен. Содан бері сан алуан дертке шипа саналған мияны күллі адамзат белсенді түрде қолданып келеді. Медицинада адам денсаулығына пайдасы орасан екені дәлелденген күннен бастап оған деген сұраныс та аспандап кетті. Бір кездері мия өсімдігін тамырымен қопарып, Қытай асырып жатқаны да сөз болып, елді дүрліктіргені көптің жадынан шыға қойған жоқ.
Қолда бар мәліметке сәйкес, Сырдария мен Жайық жағалауы ежелден құнды өсімдіктің көп өсетін аймақтары қатарына жатады екен. Мамандар тарапынан, өсімдік тамырын өңдеу де оңайға соқпайтын көрінеді. Мия тамырын 40 метр тереңдікке дейін жайып өседі. Барлаушылар көп жағдайда оның тамырын 1 метр тереңдікке дейін ғана қазып алатын көрінеді. Табиғат жанашырлары бұдан терең қазу емдік өсімдіктің түбегейлі жойылып кетуіне әкеп соқтыратынын алға тартады.
Бір қызығы, қызыл мияны егуге көп шығын кетпейді. Өйткені бұл өсімдік суды көп қажет етпейді. Ыстыққа да, суыққа да төзімді келетін өсімдікті бір ексе, 10 жылға дейін өздігінен қаулап өсе беретін қасиеті де бар.
Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртер болсақ, мияны консерві өнімдеріне, өнеркәсіпке және косметикаға пайдаланады. Ресейде мия тамырын өңдеумен 6 кәсіпорын айналысады. Германияда өндірілетін кремдердің 25-30 пайызы осы қызыл мия шырынын құрайды екен. Өйткені бұл өсімдіктің адамның терісін жасартуға ықпал ететін қасиеті жоғары екені әлдеқашан дәлелденген. Сондай-ақ іргедегі Қарақалпақстанда осыдан 35 жыл бұрын-ақ қызыл мияны өңдеп, экспортқа шығаруды жолға қойыпты.
Негізінен, мия өсімдігін қазақ топырағында өңдеу ісі сонау ХІХ ғасырда бастау алғаны айтылады. Содан бермен қарай мия тамырының емдік қасиеті халыққа кеңінен дәріптеліп, зор сұранысқа ие болып келеді.
Ал Сыр өңіріндегі мия тамырын өңдеу зауытының жарнамасы алғашында жер жарғанымен, бастамасы көз қуанта алмады. Соның ішінде облысқа қарасты Жалағаш ауданында ашылған өндіріс орны бірнеше рет жұмысын тоқтатып, көптің көңіліне күдік ұялатып тұр.
Нақты айтқанда, 2014 жылы Қызылорда облысына қарасты Жалағаш және Шиелі аудандарында мия тамырын өңдеу зауыттары іске қосылатыны сөз болды. Аталмыш зауытты Қазақстан–Қытай бірлескен кәсіпорны негізінде жүзеге асыру көзделді.
Соның ішінде Жалағаш ауданындағы жоба қытайлық «Борихунда» компаниясы мен жергілікті «Бис Групп» қаржысы есебінен жүзеге асырылған еді. Сол уақытта кәсіпорын орналасқан 8,75 гектар жер телімі мемлекеттік қолдау шарасы ретінде кәсіпкерлерге берілгені де сөз болды.
Ашығын айтқанда, жоба 2013 жылы «Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуы» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Соның негізінде 2014 жылдың желтоқсан айында зауыттың құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Сол кезде құзырлы орындар тарапынан зауыттың жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрағаны айтылды.
Алайда бірегей саналған өндіріс орны өнімділігімен көз қуантпады. Нысан іске қосылғанымен, көп ұзамай жұмысын тоқтатты. Сол уақытта оның себебін үлескерлер арасындағы өзара келіспеушілік салдарымен түсіндірді. Содан 2017 жылға дейін зауыт жұмысы тоқтап қалды.
Ал 2017 жылы зауытқа 115 мың долларға жаңа қондырғылар орнатылып, жұмысы қайта жанданғаны жария болды. Тіпті, сол жылы тұңғыш рет мия тамыры өңделіп, Қытайға 20 тонна глицирризин қышқылының қара ұнтағы жөнелтілсе, 2018 жылы 13,6 тонна өнім экспортталғаны жария болды. Бірақ кәсіпорынның аяқалысы ұзаққа бармай, сол 2018 жылы қайта тоқтады. Бұл жолы өндіріс орнының жұмысын тоқтатуын Жалағаш кәсіпорны шығарған өнім құнының әлемдік нарықта арзандауымен байланыстырды.
Осыдан кейін бес жылға жуық уақыт тұралаған зауыт жұмысы 2022 жылы қайта қолға алынғандай болған. Сол кезеңде жергілікті әкімдік тарапынан мия тамырын өңдеу зауытын қайта іске қосу мақсатында «Бис Групп» ЖШС қытай технологтарының қатысуымен жөндеу жұмыстарын қолға алғанын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ сол уақытта зауытты газға қосу жұмыстарының шеті де көрініп қалды. Бірақ бұл бастаманың соңы түрлі себептермен тағы сиырқұйымшақтанып кетті.
Соңғысы 2023 жылы сол кездегі Жалағаш ауданының әкімі арнайы брифингте зауыт қайта іске қосылғанын сүйіншілеген болатын. Тіпті, қосымша 30 жаңа жұмыс орны ашылатынын жарнамалаған еді. Бірақ көптің үміті тағы ақталмады.
Қазіргі уақытта жергілікті жұртшылық зауыт жұмысы тоқтап тұрғанын айтып, дабыл қағып жүр. Бұған дейін сан мәрте ашылып, қайта жабылған өндіріс орнының болашағынан үміт жоқ екенін алға тартады.
Зауыт жұмысының бұл жолы тоқтап қалуының себебін білу мақсатында Жалағаш ауданы әкімдігімен байланысып көрдік. Аудан әкімдігі зауыт тарапынан нақты ресми мәлімет болмай тұрғанын алға тартты. Ал Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан сұрағанымызда, нақты мәлімет жинақталғасын ғана ақпараттандыра алатынын мәлімдеді. Нәтижесінде, зауыттың бұл жолғы жұмысын тоқтату себебі жұмбақ болып қалды.
Бір белгілісі, бүгінде зауыт жұмысының болашағы бұлыңғыр тартып тұр. Бұған дейін түрлі себептермен бірнеше мәрте ашылып, қайта жабылған өндіріс орнына елдің сенімі де жоғалған. Тіпті, халық тарапынан көпке күмән болған кәсіпорын жұмысын тоқтата салған дұрыс болар деген пікірлер де айтылып жүр.
Қалай дегенде де, қүрғақ уәденің құрбаны болған зауыттың бүгінгі ахуалы әзірге беймәлім. Өндіріс орнының бұл жолғы тоқтау себебін құзырлы орындар алдағы уақытта түсіндірер деп үміттенеміз.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы