2022 жылдан бері шетелдік интернет-компаниялар Қазақстанның бюджетіне жалпы көлемі 69,1 млрд теңге мөлшерінде «цифрлық салық» аударған.
Интернет нарығы, қанша екен салығы?
коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
294
оқылды

Бұл қаражат цифрлық экономиканың дамуы мен онлайн-коммерцияның ел бюджетіне оң ықпал еткенін көрсетеді. Естеріңізге сала кетсек, сол жылдан бастап шетелдік интернет-компаниялардың ел аумағында жеке тұлғаларға электрондық түрде тауарлар сатып, қызмет көрсеткені үшін қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеу міндеттелген болатын. Қазақстанның Салық кодексіне сәйкес, салық мөлшері 12% деп белгіленген еді.

Үш жыл ішінде Қазақстан бюджетіне ең ірі салық төлеушілер қатарында iHerb (12,8 млрд теңге), Аpple (11,4 млрд теңге), Google (10,8 млрд теңге) компаниялары бар. Бұл компаниялар Қазақстан аумағында онлайн-қызметтер мен тауарлар сату бойынша көш бастап, елдің цифрлық экономикасын дамытуға айтарлықтай үлес қосқанын көреміз. Ал ең аз салық төлегендер қатарында: 2024 жылдың ақпанында тіркелген Dare Sunny Ltd, 2022 жылдың наурызында тіркелген Google Voice Inc, 2024 жылдың шілдесінде тіркелген «ТриИнком» компаниялары. Олардың бюджетке қосқан үлесі салыстырмалы түрде төмен болғанымен, елімізде тіркелу арқылы бұл мекемелер салықтық базаның кеңеюіне әсер етті.

Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) мәліметінше, «цифрлық салық» нәтижесінде 2024 жылдың алғашқы үш тоқсанында бюджетке 26,4 млрд теңге түскен. Атап айтқанда: бірінші тоқсан – 8,1 млрд теңге, екінші тоқсан – 8,4 млрд теңге, үшінші тоқсан – 9,9 млрд теңге. Салыстырар болсақ, түсім көлемі 2023 жылғы жалпы сомамен шамалас. Мысалы, сол жылы бұл көрсеткіш 26,3 млрд теңгені құрады. Ал 2022 жылы оның көлемі соңғы екі жылға қарағанда айтарлықтай төмен, яғни 16,4 млрд теңге болған.

Үш жылдың деректерін салыстыр­ғанда, «цифрлық салықтың» жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп келе жатқаны байқалады. Бұл шетелдік интернет-компаниялардың Қазақстан аумағындағы экономикалық қызметінің кеңеюі мен салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру нәтижесі деп білеміз. Аталған салық түрінен түскен қаражат мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруға және әлеуметтік саланы қолдауға айтарлықтай үлес қосуда.

Сонымен қатар «цифрлық салық» әлемдік деңгейде экономикалық әді­леттілікті қамтамасыз ету үшін енгізілген жаңа тетіктердің бірі. Соның арқасында трансұлттық компаниялардың кірісіне байланысты әр мемлекетте тиісті үлесін төлеп, жергілікті экономиканың дамуына ықпал етуде.

Сондай-ақ отандық нарықта қызмет көрсететін шетелдік интернет-компа­ниялардың саны да жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2022 жылдың соңында Қазақстанда 44 компания тіркелген болса, 2023 жылы тағы 19 компания тіркеуден өткен. Ал былтыр 19 желтоқ­сандағы жағдай бойынша, тіркелген компаниялар саны тағы 31-ге артты. 2024 жылдың 30 желтоқсанына қарай Мемлекеттік кірістер комитетінің тізі­мінде барлығы 98 компания тіркелгені белгілі болып отыр.

Ведомство ұсынған деректерге сү­йенсек, қазір шетелдік компаниялардың ҚҚС төлеуші ретінде шартты тіркелу талаптары өзгеріссіз әрі Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 778-бабымен реттеледі. Шетелдік интернет-компанияларға ҚҚС енгізу Қазақстанның цифрлық экономикасы үшін маңызды қадам. Өйткені бұл бюджетке тұрақты кіріс әкеліп қана қоймай, халықаралық деңгейдегі әділ салық салу принциптерін жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Еске салсақ, шетелдік интернет-компаниялар Қазақстан аумағында қызмет көрсету үшін арнайы Merchant ID (MID) кодтары арқылы төлем алушы ретінде сәйкестендіріледі. Бұл кодтар компанияның онлайн төлемдерді қабылдау жүйесінде тіркелгенін және салық төлеу міндеттемелерін орындау үшін қажетті идентификация екенін білдіреді.

Бүгінде шетелдік компанияларға арналған «Цифрлық салықты» төлеуші ретінде тіркелу тәртібі барынша жеңіл­детілген. Компания Мемлекеттік кірістер комитетіне тек өтініш-хат жолдайды. Тіркеу шартты негізде жүзеге асырыл­ғандықтан, компаниялардың Қазақстан аумағында нақты заңды мекенжайы болу міндетті емес. Салық төлеушілерден салық декларациясын тапсыру талап етілмейді, бұл олардың әкімшілік жүктемесін айтарлықтай жеңілдетеді.

Сонымен қатар бұл рәсімнің артық­шылықтарының бірі – шетелдік ком­панияларға айыппұл салу немесе күрделі салықтық әкімшілендіру механизмдері қолданылмайды. Мұндай икемді тәсіл шетелдік бизнес үшін Қазақстан нарығына кіруді жеңілдетіп қана қоймай, елдің салықтық жүйесіне деген сенімнің артуына әсер етеді. Сондай-ақ бұл жүйе шетелдік компаниялар мен қазақстандық пайдаланушылар арасындағы қарым-қатынасты барынша реттейді. 

Кейбір шетелдік компаниялар белгілі бір жағдайларда мұндай салықты төлеуден босатылады. Мысалы, егер Қазақстанға тауарды әкелу кезінде кедендік төлем ретінде баждар мен салықтар төленген болса мекеме осы жеңілдікті пайдалана алады. Бірақ баждар мен салықтардың құны немесе салмағы нормадан асып кеткен тауарларға қатысты төлемдер қайтарылмайды. Одан бөлек, тауар мен қызмет құны импорттың салық салынатын көлеміне енгізілсе және тауарды немесе интернет-қызметті сатып алушы заңды тұлға болса да шетелдік кәсіпорындар салықтан босатылмақ.

Бұл ерекшеліктер шетелдік ком­паниялардың қызметіне Қазақстанның салықтық талаптарын бейімдеу мақ­сатында енгізіліп, әділ және тиімді салық салу механизмін қалыптастыруға ықпал етуде. Соның арқасында 2024 жылдың алғашқы жартысында Қазақстандағы бөлшек электрондық коммерция нарығы айтарлықтай өсім көрсетті. Оның көлемі 1,45 трлн теңгеге жетіп, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 61%-ға артқан. Бұл өсім цифрлық сауданың даму қарқынын көрсетді, сондай-ақ шетелдік және отандық интернет-компаниялардың белсенділігін көрсетеді.

Қазақстанның электрондық сауда нарығындағы мұндай динамика цифрлық салық жүйесінің енгізілуімен тығыз байланысты. Цифрлық экономиканың өсуі, салық салудың тиімділігі және қо­лайлы бизнес-орта шетелдік компа­ниялардың Қазақстан нарығына қы­зығушылығын арттырып, бұл саланың әрі қарай дамуына ықпал етеді деген ойдамыз.

Кәмила ДҮЙСЕН