Бұл үзіндіден түсінгеніміз, ән мен күйімізді жинау Александр Викторовичке ұсыныс Орынборда жүргенде түскенін көреміз.
Затаевичке қазақтың әні мен күйін жинауға кім тапсырма берген?
Фото: автордыкі
2,739
оқылды

Александр Затаевичтің қос еңбегі жайлы сөз қозғалса, олардың ішкі мазмұнына көңіл бөледі. Әрине «Қазақтың 1000 әні» мен «Қазақтың 500 ән мен күйі» жинағында қызық, зерттеуге лайықты дүние көп-ақ. Алайда бізді басқа мәселе толғандыратын. Александр Викторовичке осы мұраларды жинауға не (кім) түрткі болды? Айдалада жүріп «қазақтың ән мен күйін жинап берейінші» демегені анық қой. Сондықтан бүгінгі әңгімеміз осы сұраққа жауап іздеуге арналады.

Әуелі естеліктер мен түрлі жинақтарды бір сүзіп өттік. Қызықты мәлімет табамыз деген кітаптарды шолып өттік. Нақты, дәлелді ешкім жазбаса да, «Затаевичке тапсырма берген Ахмет Байтұрсынұлы мен Сәкен Сейфуллин» деп қысқа қайырады. Біз бұған да қанағаттанбай, Затаевичтің өзінің жарияланған мұрағатына зер салдық. Хаттары мен жиын протоколдарына үңілдік. Бұлжытпас дәлел болмаса да жанама дәйектер оқыдық. Барлық ақпаратты «А. Затаевич. Зерттеулер, естеліктер, хат пен құжаттар» атты 1958 жылы жарық көрген жинақтан алғанымызды ескерте кетейік.

Әуелі Затаевичтің 1934 жылы 10 наурызда өз қолымен жазған өмірбаянын бізге қажет бір тұсын оқиық. Варшава, Мәскеу, Санкт-Петербургтағы қызметін жаза келіп, Орынбор жайлы былай депті:

«1920 жылы мамыр айында Орынборға көшуіме тура келді. Бұл жерде 1917 жылдан бастап әйелім балаларыммен бірге өз ата-анасының үйінде тұрып жатқан. Осы Орынборда менің қазақ музыкасымен танысуым басталды. Бұрыннан өзіме қызықты жұмыспен айналыса бастадым. Бір айырмашылығы бұрын композиторлық пен сынға (критика) көп көңіл бөлсем, енді музыканы жинау мен нотаға түсіру саласымен айналыстым. Және өмірімдегі жазылған табысты еңбектер осы саламен байланысты».

Бұл үзіндіден түсінгеніміз, ән мен күйімізді жинау Александр Викторовичке ұсыныс Орынборда жүргенде түскенін көреміз. Ал кім себепкер болды? Жауап іздеп көрейік. Мұралар жинақталып, енді баспадан шығаруға арналған жиынның хаттамасында келесідей жазылған:

«Қазақстанды зерттеу қоғамы жиналысының хаттамасы.

Уақыты 7 мамыр 1922 жыл.

Қоғамның 14 мүшесі мен басқа да қонақтар қатысты».

Қоғамның мүшесі А. Затаевичтің «Қазақтың халық әні» баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы екі жыл ішінде 600 жуық қазақтың әуенін жинап, оны аймақтар бөліп, нотаға түсіргенін атап өтті. Баяндама соңында И. Алданғаров екі әнді айтып берді».

Кез келген істі жауапты мекеменің басшысы мақұлдайтыны белгілі. Осы уақытта мәдениет пен білім беру саласының жауапты мекемесі «Оқу-ағарту халық комиссариаты» болды. Бүгінгі министрліктің баламасы. Ал Қазақстанның  Оқу-ағарту халық комиссары (бірінші басшысы) 1920 жылдың қазан айы мен 1921 жылдың қазан айына дейін Ахмет Байтұрсынов еді. 

Қаракөз әнінің нотасы. Сол жақта жоғарыда «әнді жеткізген Ахмет Байтұрсынов» деп көрсетілген

Жоғарыда келтірілген хаттама 1922 жылы жазылды, әрі ол жерде «екі жыл ішінде жинады» деп анық көрсетілді, 1920 мамыр айында Орынборға келген А. Викторовичке ұсынысты қазан айында қызметке кіріскен Ахаң айтқаны анық. Сонымен қатар Затаевичтің өзі «Қазақтың 1000 әні» жинағында Ахаңның көп көмек көрсеткені жайлы бірнеше рет айтып өтеді. Әрине, субординация сақтап, «Ахмет Байтұрсынұлы басшы болғанда…» деп жаза алмағаны анық.

Енді келесі құжатқа назар салайық. Бұл «Қазақтың 1000 әні» жинағын баспадан шығаруға арналған келісімшарт. 

А. Затаевичпен ҚазКСР-ның Оқу-ағарту халық комиссары арасындағы «Қазақтың 1000 әні» жинағын баспадан шығаруға арналған келісімшарт.

17 қаңтар 1923 жыл 

Бір тараптан А.В. Затаевич, ал екінші тараптан ҚазКСР-ның Оқу-ағарту халық комиссарының өкілі А.Л. Мелков төменде жазылғандармен келіседі…

Бізге бұл жерде шарт мәтіні емес, уақыты аса маңызды. Бұл 1923 жылдың қаңтар айы. Осы уақытта Оқу-ағарту халық комиссары Нұғыман Зәлиев, ал Халық комиссарлар кеңесі төрағасы (қазіргіше айтсақ премьер-министр) Сәкен Сейфуллин (1922 ж. желтоқсан айы – 1924 ж. қазан айы). Бұл жерде жинақты баспаға дайындау және басып шығаруға қыруар қаражат қажет екенін ескерсек, Сәкеннің бұл іске араласқаны әбден мүмкін.

Құрметті оқырман, репрессия кезінде сотталып, атылып кеткен есімдер құжаттардан да өшірілетіні анық. Сондықтан ашық дереккөздерден «міне, Ахмет пен Сәкен көмектесті» деген мәлімет кездестірмедік. Дегенмен басқа жерде жазылған естеліктер мен бұл мақалада келтірілген жанама дәлелдер негізінде «Затаевичті ән мен күйімізді жинауға, хаттауға, жасалған жұмыстың қаламақысын беруге, дайын жинақты баспадан шығаруға көмектескен Ахмет пен Сәкен сынды бір топ азамат тұрды» деп сеніммен айтуға болады. 

Рүстем НҮРКЕНОВ, өнер зерттеушісі