Ораздың балалық шағы, жігіттік кезі, мемлекет және қоғам ісіне белсене атсалысқаны хақында Кенен Әзірбаев жалпы көлемі 500 жолдық поэма арнаған екен. Өкініштісі, ол шығарма ешқайда басылмай, тағдыры белгісіз болады. Кененнің ұстазы, әйгілі ақын Жамбыл Жабаев та Ораздың отбасы, өскен ортасы хақында ой жүгіртіп, жүрегінен жыр төгеді.
«Қара болсаң, қара бол, ханнан аулақ,
Кедейдің сөзін айттың, дауын даулап.
Қара қылды қақ жарып жүрсең егер,
Бағың өсіп кетерсің, отың лаулап».
Ораз Жандосов 1929 жылдың 1 маусымынан бастап Халық комиссары қызметінен төмендетіліп, құрылуына атсалысқан Қазақ университетіне қарапайым оқытушылық қызметке жіберіледі. Оған да мойымай, көптеген зерттеу лекциясын жүргізеді. Қазақстанды зерттеу қоғамын басқара жүріп, еліміздегі кітапхана ісінің де дамуына атсалысты. 1929 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтының директоры болды. 1931 жылы сол кездегі Қазақ мемлекеттік көпшілік кітапханасын ұйымдастырды әрі тұңғыш директоры болды. Киелі қара шаңырақтың тізгінін өз қолына алған ол аз уақыттың ішінде қазақ оқырманын кітапханаға тарту мақсатында қыруар шаруа атқарды. Дегенмен Оразды бұл орында да көп тұрақтатпай, әртүрлі шаруашылық-науқандық жұмыстарға жіберіп отырады. Күшпен ұжымдастыру жылдарында кеңестік билік Оразды Алматы облысының Қастек пен Қордай аудандарына және Әулиеата облысының Сарысу ауданына уәкіл етіп тағайындады. Сол кезде де жергілікті жерлерде қалыптасқан ауыр жағдайларды республика басшылығына қаймықпай шындықты ашық айтып отырды. Сөзімізге дәлел ретінде Жандосовтың 1933 жылы Сарысу ауданының жай-күйі туралы айтқанын келтірсек: «Ауылдарды аралаған кезімде, мен ондаған күн бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім. Бұл жағынан тірі қалған әйелдер мен балаларға ешкім көмек көрсетпейді». Осылайша, ол ашаршылық кезіндегі небір адам шошырлық қасіретті оқиғаларды биліктен қаймықпай жариялап отырды. Кеген аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарып жүрген 1934 жылдың 6 қаңтарында Алматы облысының партия коференциясында ол былай дейді: «Бұрынғы басшылар саяси қателіктеріне байланысты туындаған қиыншылықтарды жою үшін күресу қажет. Ол үшін жергілікті жерлердегі ескі басшылықтың жіберген қателіктерін сынаудан қашпауымыз қажет. Біздің міндет – жоғарғы жылдамдықпен қарқынды жұмыс істеу».
Конференциядан соң ол қайтадан партия органдарына жауапты қызметтерге тартыла бастайды. 1933 жылы Кеген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Дәл осы тұста Ораз Жандосов Жамбыл мен Кененге көп көмектесіп, Жаркенттегі өлкелік ұйғыр мәдениетін ұйымдастырып, Дүнген музыка театрына көмегін де аяп қалмайды. Ораз Қыйқымұлы жөнінде тарихшы ғалымдар іргелі зерттеулерін жариялап жүр. Ұлттық ғылым академиясының академигі тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді бүгінде ҰҚК Алматы қалалық архивінде Ораз Жандосовтың ІІІ том тергеу материалдары сақтаулы тұрғанын айтады. Осы орайда айта кетейік, тінту кезінде 9 дәптерге жазылған «Теміртас» атты қолжазба аудармасын да белсенділер алып кеткен. Бүгінде зерттеушілер жоғалған «Теміртасты» көркем туынды болуы да мүмкін деген пікірлер айтады.
«Ұлтым» деп ұрандап, «жұртым» деп жалындаған Ораз қай кезеңде, қандай шаруаға кірсе де елінің мүддесін алдыңғы қатарға қойып отырды. Бастапқыда бізге белгісіз болып келген сот тергеу материалдары егемендік алып, еңсемізді тіктеген соң ақтаңдақ беттер айқындала бастады. О.Жандосовтың тарихи ерліктері зерттеушілер арқылы нақты дәлелденіп отыр.
Мысалы, ол 1916 жылғы көтерілістің 10 жылдығына байланысты жазған мақалалары мен хаттарында: «1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының алдына ел болып қалу немесе өшу туралы мәселе қойды» деп биліктен тайсалмай, көп ұзамай басына үйірілер қара бұлттан қаймықпай жазады. Академик Мәмбет Қойгелді Ораз Жандосовтың осы пікірін сол кездегі екінің бірі бара бермейтін ерлікке теңейді. Негізінен, О.Жандосов көтерілістің түп-тамыры тереңде екенін меңзеп, Исатай мен Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыстарының өзара сабақтас және көтерілістердің түпкі мақсаты отарлық езгіден құтылу екендігін айтады. Ерліктерінің тағы бірі, сол кездегі Верный қаласының аты Алматы деп ауыстырылуына аянбай тер төккен еді. «Қазақ коммунистерінің арасындағы екі топтың барлығы маған белгілі. Олардың біреуіне – Садуақасов Смағұл, бұрынғы жер жөніндегі комиссар, Сұлтанбеков, Мыңбаев және Жандосов тағы басқалар басшылық етеді. Екінші топтың жетекшілері Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Нұрмақов, Тоқтыбаев Кәрім, Тоғжанов жатады. Бірінші топ ұлтшылдардың қатарына жатады, екіншісінің де біріншіден пәлендей айырмасы жоқ. Өйткені қазақ халқының мүддесін қорғау кезінде, мысалы жерге орналастыру мәселесі жөніндегі тартыс кезінде екі топ та бірігіп кетті», – деп Елдос Омаров НКВД-ның тергеушісіне берген жауабында ашық айтады. Міне, өздеріңіз байқағандай, қай жағдайда болсын, Ораз Жандосов есімі Алаш қайраткерлерімен әсте бөлінген емес, бөлінбейді де. Сіздердің назарларыңызға архив материалдарын тағы да тізіп шығуға болар еді, дегенмен оның орнына біз Ораздың адами келбетіне тоқталғымыз келеді. Сондықтан да замандастарының естеліктерін келтіруді жөн санадық.
Жұбайы Фатима Жандосова: «Мәскеуде Кузнецкий мост көшесінде және біздің Лихабордағы саяжайымызда Ораз көптеген қазақ студенттерінің және жұмыспен келген Түркістан республикасы қызметкерлерінің пірі сияқты болды», – деп тебіріне жазды. Сәбит Мұқанов қайраткерлермен таныстығы жөнінде «Жетісу» газетінің 1969 жылғы 28 ақпан күнгі санында былай жазады: «Түркістандық екі облыстық қызметкер Орынборға 1925 жылдың көктемінен келе бастады. Ол кезде мен рабфактың студентімін, «жоғары» аталатын қызметкерлермен араласым аз, сондықтан түркістандықтарға да оншалық жұғыса қойған жоқпын, бірақ «анау-анасы, мынау-мынасы» дегендердің ішінен Ораз Жандосовты да көріп жүргем. Жүзін көргенге дейінгі ұғымымда ол жасы егде тартқан адам болуға тиіс еді. Ал көргенде қарасам, жас шамасы менімен шамалас сымбатты, сұлу жігіт. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дейді ғой қазақ. Ал Ораз Жандосовпен жылы жарқын сөйлесудің сәті 1927 жылдың жазында түсті. Сол жазда мен қызмет бабымен Қызылжардан Қазақстан орталығы Қызылордада осы қызметті атқаруым керек. С.Мұқанов аталған мақаласында Ораз Жандосовтың «Еңбекші қазақ» газетінің партия тұрмысы және әдебиет бөлімдеріне басшы болуыма ерекше ықпал еткенін де жасырмайды.
Жазушы Ғабит Мүсірепов өз қолымен арабша жазған естелігінде: «Ораз өте орнықты, сергек ойлы, кең құлашты нағыз мемлекет адамы болатын. Қазақстанның талай таршылыққа ұшыраған кездерінде ол торыққан емес. Өмір ылғи молшылық емес, кейде бар, кейде жоқ, бірақ Ораздың алдынан наразы болмай кетуші едік. Ұсақ-түйекте жұмысы жоқ. Оған кіріп-шыққаннан кейін жігерлене түсуші едік», – деп Жандосовтан көрген жақсылығын жазады.
«Жақсының жақсы деген аты қандай, әр сөзі мың алтынға татығандай» деп қазыналы халқымыз айтқандай, Ораз Жандосовтың әрбір сөзі мен іс-әрекеті халық жадында мәңгі сақталары анық. Жоғарыда біз сіздерге ұлт қайраткерінің саналы ғұмырындағы санаулы оқиғаларды келтірдік. Ораз жөнінде қазақтың маңдайалды қайраткері тек қана жақсы естеліктер мен пікірлер білдірген.
Ұлттық кітапхананың тұңғыш рет тізгінін қолына алып, жан-жақты ізденісінің арқасында бірнеше жылдың ішінде республикаға мәшһүр кітапхана етуі – табанды еңбекпен қоса, қайтпас қайраткерліктің жемісі. Ұлт қайраткерінің есімі жадымызда сақталсын деп, 2020 жылы қазан айында Ұлттық кітапхананың 120 жылдығы қарсаңында «Қазақстан кітаптары» қызметінің оқу залына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов есімі берілді. Ендігі біздің ұсыныс-тілегіміз – Ораз Жандосовтың есімін мәңгі есте қалдыру үшін Алматы қаласындағы өзі құрып, алғашқы директоры болған Қазақ ұлттық аграрлық университетіне есімі берілсе, сондай-ақ Қонаев қаласында еңселі ескерткіші орнатылса дейміз.
Б. ҚОШМАҒАНБЕТОВ,
М. ИМАНБАЕВ,
Жамбыл облысы