Осы атаулы жыл аясында Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, республика бойынша бірқатар жұмыстар атқарылады деп күтіліп отыр. Тек жылдағы әдет бойынша құр сөз бен жалаң ұранға айналмаса болғаны. Себебі жұмысшы топ – бұл экономиканың негізгі тірегі деуге болатын жауапкершілігі үлкен топ.
Еліміздегі зауыттар мен ірі өндіріс ошақтарында жүрген қанша адам бар. Бір күн электриктер жұмысқа шықпай қалса не болар еді? Ал қоғамдық көлік жүргізушілері мен көшені қардан тазалайтындар апталап жұмысқа шықпай қойса қайтеміз? Айтпақшы, Оралда осыған ұқсас жағдай болды. Қаңтар айының 8-і күні Орал қаласындағы 35, 3, 14, 52, 51 автобустар линияға шықпай қалды. Себебі автобус жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартқан. Жүргізушілердің зейнетақы қоры мен медициналық сақтандыру секілді әлеуметтік төлемдері 7 айдан бері аударылмаған. Медициналық сақтандыру, зейнетақы қорына түсетін қаржының уақытылы түспеуі кесірінен жұмысшылар қажет кезде үй алатын несие де рәсімдей алмай қалыпты. Ал «басы ауырып, балтыры сыздағандарды» емханалар маңына да жолатпайтын көрінеді. Себебі тиісті төлем төленбеген.
– Бізге күнде құр уәде береді. Кеше кешкісін басшылыққа, қала әкімдігіне жұмысқа шықпайтынымыз туралы айттық. Мен үй кезегі келіп, әбден банктен несие рәсімдер сәтте бір-ақ білдім. Зейнетақы қорыма мүлдем ақша түспепті. Жеті айдан бері жұмыссыз адам секілді болып қалдым. Мұнда жігіттер ауырып жүр. Қазір тұмаудың уақыты. Бірақ емханаға қарала алмай жатыр. Себебі медициналық сақтандыру қорымызға да ақша түспеген. Біз тиісті төлемдер уақытылы түспейтініне наразымыз. Еңбекақы онсыз да кешігіп беріледі, біз оған үйреніп кеттік. Еңбек демалысы дегенді білмейміз. Біздің шыдамымыз таусылды, – дейді қоғамдық көлік жүргізушілерінің бірі Нұрбек Таженов.
Қаладағы он шақты автобус жұмысын тоқтатып, қала тұрғындары жұмысынан кешікті. Жұмысшылармен кездесуге Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов өзі келді. Әкім олармен кездесіп, қажетті төлемдер уақытылы аударылатынын, ол үшін қалалық әкімдік мердігер компанияға субсидияның қажетті мөлшерін аударатынын жеткізді. Осыдан кейін барып жұмысшылар жұмысына кірісіп, қаладағы жолаушы тасымалы жанданды.
Бұл біз куә болған алғашқы жағдай емес. Өкінішке қарай, жалақылары уақытылы төленбейтін, еңбегі еленбейтін адамдардың бірі – жұмысшылар тобы.
2024 жылы БҚО Еңбек инспекциясына 1 248 өтініш түскен. Өтініштердің дені сол жалақы дауы, еңбек қауіпсіздігі, еңбек демалысы ақысының дұрыс төленбеуі секілді жайттарды қамтиды. Еңбек инспекциясы былтыр 117 мекемеде тексеріс жүргізген. Осының нәтижесінде 137 заңбұзушылық анықталып, 83 адам жауапкершілікке тартылған. Ал жұмысқа алып, еңбек келісімшартын жасамаған 5 факт тіркеліпті. Бұл тіркеліп отырғаны, тіркелмегені қаншама? Себебі құрылысшылар, дәнекерлеушілер, даяшылар секілді қарапайым жұмысшылардың көбі еңбек келісімшартынсыз жұмыс істейді. Жұмыс беруші тіпті бұлармен шартқа отыру керек дегенді ойына да алмайды.
– Азаматтарды заңсыз жұмысқа алудың тигізетін кері әсері көп. Бұл жұмыс берушіге де, жұмыс істейтін тұлғаға да теріс әсер етеді. Мәселен, жалақы мөлшерінің тұрақсыздығы, жұмыс беруші оны өз қалауы бойынша азайтуы мүмкін, ал еңбек шартында еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттар нақты көрсетіледі. Жұмыс беруші зейнетақы қорына жарналар аудармайды, бұл азаматтың болашақта алатын зейнетақы мөлшеріне теріс әсер етеді. Әлеуметтік аударымдар және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар жасалмайды. Жұмыс істеген кезеңі еңбек кітапшасына тіркелмейді. Міне, осындай қиындықтармен кездесетін азаматтар баршылық. Біз басқарма тарапынан үнемі азаматтардан өз құқығын қорғап, еңбек заңамасының орындалуын талап етуді сұрап келеміз, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Артур Батыров.
2024 жылы прокуратура, мемлекеттік кірістер, еңбек инспекциясы органдары мен жеке сот орындаушылар палатасының бірлескен әрекеттері нәтижесінде 48 кәсіпорында 993,283 млн теңге жалақы берешегі өтелген.
«Осы арқылы 8 897 қызметкердің құқықтары қорғалды», – деп отыр мамандар. Жұмысшылар ішінде тағы бір үлкен мәселе – еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы. Былайша айтқанда, жұмысшылардың қорғалмауы. Көп жағдайда биіктіктен құлау, жарақат алу оқиғалары жиі кездеседі. Осыдан бір жыл бұрын «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында 28 қазанға қараған түні Костенко шахтасында жарылыс болып, өрт шығып, 46 адам қаза тапқанын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Осы оқиғадан кейін елде 29 қазанда «Жалпыұлттық аза тұту күні» жарияланды. Міне, бұлар да қарапайым жұмысшылар еді. Елімізде жұмысшылардың қауіпсіздігі қай салада болмасын қорғалмай жатқаны жасырын емес. Бір ғана БҚО-да 2024 жылы жұмыстағы жазатайым оқиғалардың кесірінен 6 адам қаза тапқан. 42 адам ауыр дене жарақатын алған. Бұлардың ішінде мүгедек болып қалып жатқандары қаншама?!
– Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты 20 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1,375 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар 41 жұмыс берушіге ескерту түріндегі әкімшілік шаралар қолданылды. Жазатайым оқиғалар бойынша 84 арнайы тексеру жүргізілді, оның ішінде өндірістік жазатайым оқиғаларға қатысты 56 іс қаралды. Құқық қорғау органдарына 56 іс материалы жолданды, – деп атап өтті Артур Батыров.
Ал БҚО кәсіподақтар орталығының жетекшісі Айгүл Есекенова болса, «зауыттағы жұмысшылардың қауіпсіздігін қорғайтын арнайы инспекторлар жетіспейді», – дейді. Соның салдарынан жазатайым оқиғалар жиі болып, жұмысшылардың құқығы да жиі бұзылатын көрінеді. Ең өкініштісі, азаматтар дер кезінде қажетті жерлерге шағымданбайды. Тіпті, өзі кәсіподақта болса да, содан көмек сұрамайтындар да бар.
Бірақ облыстық кәсіподақ ұжымдық өтініш түсіріп, «көмек сұрағандардың шаруасын заң аясында шешіп отырмыз», – дейді.
– Теректі аудандық білім бөліміне қарасты «Теректі балалар музыка мектебі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының төрт қызметкері жұмыс берушінің үстінен ұжымдық шағым түсірді. Жұмыс беруші еңбек заңнамасын бұза отырып, үш ай бойы (маусым, шілде, тамыз айлары үшін) жалақы төлемеген, сонымен қатар еңбек демалысы мен сауықтыру жәрдемақысын да төлемеген. Келіссөздер мен кәсіподақ тарапынан жасалған көмектің нәтижесінде тараптар дауды медиация тәртібімен шешуге келісті. Тараптар арасында медиациялық келісім жасалып, онда жұмыс беруші оның 4 қызметкеріне үш айлық жалақысын төлеуге, сонымен қатар еңбек демалысы мен медициналық жәрдемақы төлеуге келіскен. Мұндай мысалдар бізде өте көп. Біздің кәсіподақ жанында заңгерлік кеңес беретін де орталық бар, – дейді БҚО кәсіподақтар орталығының жетекшісі Айгүл Есекенова.
Биылғы жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы тегін емес. Елімізде жазатайым оқиғалардың көбейіп кетуі, жұмысшы қауымның құқығының жиі бұзылуы себеп болған сияқты. Тек әдеттегідей жұмысшыларды жинап алып, концерт беру – мақсат болмауы керек. Оларға керегі – тұрақты жалақы, жайлы жұмыс жағдайы, еңбек қауіпсіздігі. Сондықтан биыл осы негізгі мәселелерді шешіп, еңбек беруші тарапынан жұмысшыларға жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы