Қазақ тілі қажет тіл ме?
Қазақ тілі қажет тіл ме?
512
оқылды
Жуырда Өзбекстан парламенті осыдан 28 жыл бұрын қабылданған «Азаматтық туралы» заңды қайта қарап, маңызды өзгеріс енгізді. Жаңа заңға сәйкес, өзбек тілін ауызекі деңгейде меңгермеген адамға Өзбекстан азаматтығы берілмейді. Көрші елдің батыл қадамы Қазақстан билігіне қозғау сала ма? Негізі, мұндай талап әлемдік тәжірибеде баяғыдан бар. Өйткені кімде-кім қоғамның толыққанды мүшесі боламын десе, айнала­сы­мен түсінісе алуы тиіс. Осы орай­да, «Тұрып жатқан елінің тілін қонақ, нақұрыс немесе өз тілінің үстемдігін орнатқан басқыншы білмеуі мүмкін» деген Карл Маркстың әйгілі афоризмі ойға оралады. Қайта өзбектердің заңы тым жұмсақ па дейміз. Ал АҚШ пен Еуропа бұл ретте қатаң саясат ұстанып, мемлекеттік тілден бөлек, сол жердің тарихы мен саяси жүйесі бойынша емтихан тапсыруға міндеттейді. Мәселен, Финляндия аза­мат­тығын алғыңыз келсе, фин немесе швед тілін біледі деген ресми құ­жатқа қол жеткізуіңіз керек. Тіл ем­тиханы 3-6 сағатқа созылады. Үміт­кер мәтінді түсіну, ауызекі әң­гіме айту, жазу қабілеті, грам­ма­тика мен лексика сияқты дағ­ды­ларды игергенін дәлелдеуі қажет. Жыл сайын Канада азамат­тығын алуға өтініш жазғандардың 20 пайызы тіл емтиханынан құ­лайды екен. Жиырмадан аса автономиядан құралған, жүзден астам ұлт мекен­дейтін федеративтік Ресей де орыс тілін ерекше талап етеді. 2017 жы­лы заңдағы бұл талапқа әзербай­жандық Фирангиз Гусейнова наразылық танытып, Жоғарғы сотқа жүгініпті. Оқиғаның жай-жапсары былай: Фирангиз Гусей­нова 2012 жылы Ресей азаматына тұрмысқа шығып, РФ аумағында жүріп-тұруға уақытша рұқсат алады да, Орлов облысының бір ауылына қоныстанады. 2017 жы­лы рұқсат қағазының мерзімі біт­кендіктен, Ресей азаматы атануға ниет білдіреді. Бірақ Ресейде екі бала туып үлгергеніне қарамастан, оған азаматтық берілмейді. Себебі орыс тілінен мақұрым. Гусейнова сот мәжілісінде: «Мен қиян түк­пірдегі ауылда тұрамын. Бау-бақша өсірумен айналысамын. Орыс тілін қажетсінбеймін. Сон­дықтан азаматтық алуға құқығым бар» депті. Бір қарағанда, қисын­ды уәж секілді. Алайда қарсы тарап та қарап қалмаған. Олар тек Конституциядан дәлел келтірумен шектелмей, шариғаттан мысал келтірген. «Біз мұсылмандардан арнайы сұрастырып, нақты жауап естідік: тұрып жатқан елінің заңын сыйлауға бәрі міндетті» деп әлгі әйелдің аузына құм құйған. Ақыры сот арызданушының жауа­бын қанағаттандырмай тастаған. Ал Қазақстанда қалай? Бәз-баяғыдай. Мемлекеттік тіл мәсе­лесі «тізесі шыққан» тақырыпқа айналғалы қашан. Тіпті, жазуға қысыласың. Жазсаң да, нәтиже нөлге тең.  

Конституция бо­йынша мемлекет­тік ұйым­дарда және жергілікті өзін-өзі басқару ор­ган­дарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен бір­дей қолда­нылады. Мемлекеттік тілді білме­гені үшін заңнамада ешқандай жауапкершілік қарас­тырылмаған.

  Мысалы, «ҚР азаматтығы туралы» заңның 1-бабында: «Ол (ҚР азаматы – ред.) ҚР Консти­ту­циясы мен заңдарын сақтауға, ҚР мүдделерін, оның аумақтық тұтастығын қорғауға, әдет-ғұ­рыпқа, дәстүрге, мемлекеттік тіл­ге және оның аумағында тұра­тын барлық ұлттардың тілдеріне құр­метпен қарауға, ҚР-ның күш-құдіретін, егемендігін және тә­уелсіздігін нығайтуға жәрдем­десуге міндетті», – деп жазылған. Яғни, мемлекеттік тілді меңгеруге нақты бір талап қойылмаған. Осы заңның 17-бабында Қазақстан азаматтығына қабылдаудан бас тартудың бір себебі ретінде: «Егер ҚР азаматтығына қабылдау ту­ралы өтініш жасаушы адам мем­лекеттік тілдің қолданылуына қар­сы әрекет жасаса... оның өті­ніші қабылданбайды» делінген. Қысқасы, сипай қамшылау және көз алдау. Есесіне, Конституция бо­йынша мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен бірдей қолда­нылады. Мемлекеттік тілді білме­гені үшін заңнамада ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Соның кесірінен ғой, әлі күнге дейін сан салада орыс тілінің бағы басым. Отаршылдық зардабы десек те, ең басты кілтипан өзі­мізде. Үкіметті ешкім көпе-көрнеу зорламағанын, бар кінәрат ұлттық сананың төмендігінен екенін қын­жыла мойындаймыз. Билікке, бизнеске жақын мықтылардың көбі қазақша сөйлесе, тегіс жерде сүрінеді. Сүрінеді дейміз-ау, ома­қаса жығылады. Сондықтан шы­ғар, қазақ тілінің мәртебесі туралы әңгіме көтерілсе, шетінен өре тү­регеледі. 2004 жылы Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Аман­гелді Айталы «Сайлау ту­ралы» заң жобасындағы «Сенат депутаттығына кандидаттарды тір­кеу», «Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркеу» және «Мәс­лихат депутаттығына канди­даттарды тіркеу» деген баптарға «Ұлты қазақ үміткерлер мемле­кеттік тілді білуге міндетті» деген түзету енгізбек болғаны есімізде. Бұл ұсынысқа сол кездегі Парла­менттің 70 пайызы қарсы шыққан. Содан бері аттай 16 жыл өтсе де, толғақты мәселе бір адым алға жылжымапты. Күні кеше сенатор Мұрат Бақтиярұлы Үкіметтен 2011-2020 жылдарға арналған Тіл­дерді дамыту бағдарламасының нәтижесін сұрады. «Биыл осы бағдарлама мәре­сіне жетіп, нәтижесінде Қазақстан халқының 95 пайызы қазақ тілін еркін меңгеруі керек еді. Алайда бағдарламаның жемісін жеген жоқпыз. Бөлінген миллиардтар желге ұшты. Сонда бұған кім жауап береді?» – деп ашынды халық қалаулысы. Жалпы, Мұрат Бақтиярұлы тіл мәселесінде ойындағысын осып-осып айтады. Кейбір әріптестері секілді алыстан орағытпайды, еш­кімнің қас-қабағына жалтақ­тамайды. Ақпан айында да осыған ұқсас мәлімдеме жасаған. «Еліміздің әр азаматын қазақ тілін білуге міндеттейтін уақыт келді. Мемлекеттік тілді білу – бо­рыш емес, міндет! Заңнамаға осын­дай өзгеріс енгізу қажет», – деген еді сенатор. Сол-ақ екен, Wikipedia интер­нет-энциклопедиясында әлдекім­дер Мұрат Бақтиярұлының өмір­баянын өзгертіп, «расист» және «русофоб» деп жазып кетіпті. Со­ған қарағанда, оның тілге қа­тысты талаптары біреулердің ша­мына тисе керек. Марк Твеннің бір аңғал ке­йіпкері: «Бәріне түсінікті ағыл­шын тілі тұрғанда Франциядағы жұрт неге француз тілінде сөйлеуі керек?» деп таңғалады ғой. Қазір соның кебін киіп отырған сияқ­тымыз. «Ұлтаралық қатынас тілі» деп дабырайтатын орыс тілі бар жерде қазақ тіліне төрден орын жоқ-ау. Әзірге.    width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ