Қазақстан құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов пен Сымбат Әбдірахманова арасындағы даудың кесірі бапкердің елден кетуіне себеп пе?
«Күйе жақтық, жерден алып, жерге салдық»: Есбол Сұлтановтың елден кетуіне не себеп болды?
1bol.kz
386
оқылды

Жақында ғана таэквондодан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалған Есбол Сұлтановқа күйе жағып, арандатылғанын баласын спортқа баулыған ана Сымбат Әбдірахманова мойындап, спорт журналисі Ақырыс Сейітқазының YouTube арнасында берген сұхбатында ағынан жарылды.

– Олимпиадада Тунис елінің жігіттері орын алып, Есболдың қуанышын көргенде көзіме жас алдым. Мына баланың жолын кестім-ау. Бұл балаға қандай қара күйе жақтық, жерден алып, жерге салдық. Пендешілікпен, ойымызға келгенін істедік. Шындығында, бұл баланы өзімізге сыйдырмадық. Алланың құдіретінің күштілігі соншалық, Тунисте жарқырап шығарды. Сол кезде ойландым. Көрдің бе, әлі де кеш емес, ештен кеш жақсы, – деген Сымбат Әбдірахманова өзінің арандатушылықтың құрбаны болғанын мойындады. Сөйтіп, бағдарламада Қазақстан құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтановтан кешірім сұрады.

Сымбат Әбдірахманованың айтуынша, алды-артын таразыламай, сөзге еріп кеткен.

– Ол менің балама ештеңе істеген жоқ. Менің балама қол тигізіп, балаң осындай деп айтып көрмеген. Арандатылып, басым істемей кеткенім рас. Мұны мен мойындаймын. Бұл дүниеде кезікпесем де о дүниеде кезігеміз. Бір күндікпен өмір сүрмей, қателігімді мойындайын деп келіп отырмын.  Кикілжің кезінде бұл балаға өзім жүгірдім, ол қолымды қағып салды. Мен соны дауға шығардым. Бұл баланың өміріне кедергі келтірдім. Әйтпесе ұлттық құрамада жүретін бала ғой. Туниске ол неге кетеді? Жақсы, жаман болсын, ол өзіміздің қазақ. Біз қазақ бір-бірімізге жауласпауымыз керек. Сол жауласқанның кесірінен арамыз ажырап, спортымыз ақсап жатыр, – дейді Сымбат Әбдірахманова.

Оның сөзінше, бапкермен екеуара кикілжің түсінбеушіліктен туындаған. «Ата-ананың артық кететін кезі бар. Себебі пендешілігі басым болып тұрады ғой. Көп нәрсені түсіне бермейміз. Мені танымайтын таэквандода бапкер жоқ. Министрлікке үйіме барып келгендей кіріп-жүре беремін. Шеттен де шығып кеткен кезіміз болды, мойындаймын. Сол шектен шыққанның кесірі маған да, Есболға да тиіп отыр. Кім біледі, мүмкін түсінуім үшін осы жерге дейін келуім керек болған шығар. Адам түсінбесе, әрі қарай кете береді. Артық кеткеніміз соншалықты біреудің алдына түсеміз. Қазір бұл жерде ұтып тұрған ешкім жоқ. Менің кесірім, бүкіл Қазақстан таэквондосына тиіп тұр. Қазір балалардың жарқырап жүретін кезі. Өз балам үшін емес, құраманың балалары үшін келдім.  Жастардың жолына кедергі келтірмейін. Олардың еңбегі жоққа кетпесін. Қазақтың спорты ақсамау керек», – деді жас спортшының анасы.  

Сымбат Әбдірахманова деген кім? Кикілжің неден басталды?

Спорт журналисінің айтуынша, елімізде өзге спорттан гөрі  таэквондода ата-аналар өте белсенді. Тіпті, ата-аналардың мұндай белсенділігін басқа спорт түрінен байқалмайтынын айтты. Міне, сол ата-аналардың көшін бастап тұрған Сымбат Әбдірахманова екен.

Айтуынша, баласы 2003 жылғы, қазір ересектер құрамасында. Таэквондоға 2-сынып оқып жүргенде 7 жасынан барған.

 – Таэквондоны өзі таңдады. Негізі оның мұндай таңдау жасауына нағашы әжесі себепкер болды. Ол кезде Қарасай ауданы Қасқелеңнін ар жағында Шалқар ауылында тұрдық. Сол жақтан Қасқеленге немересін әжесі өзі тасып жүрді.  Бұл спорт бізге қызық емес еді. Не екенін де білмейміз. Орын алса қуанамыз. Ұтылып, жылап қалса «жарайды» деп алдаусырап қоя саламыз. Бір-екі рет жарысқа барған шығармын. Әйтеуір таңнан кешке дейін әжесі өзі жүретін, – дейді Сымбат Әбдірахманова.

 Сөйтіп, 2014 жылы Сымбат Әбдірахманованың анасы аяқасты сырқаттанып, дүниеден өтеді. Оның сөзінше, ақтық сапарында анасы «бала ары қарай спортын жалғастырсыншы» деп аманаттап кетеді.

– Анамның аманатына қиянат жасамайын деп, ұлымның спортына кірістім. Анам секілді бапкермен де тығыз байланыста болдым. Спорт болғаннан кейін басында көп нәрсені түсінбедім. Бала өскеннен кейін спортта бақталас та, аяқтан шалу да болады. Таэквондосы бітпейтін жыр, құрысыншы қояйық деген кез де болды. Баламның да, менің де сағым сынған шақ. Сонда түсімде анамды көрдім. Маған сөйлемейді. Неге қоямын, анам маған ренжулі деп, қайта өзімді қолға алдым, – деді ол.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов та таэквондода жанашыр ата-ананың көптігін сөз етіп, олардың әрдайым үгіт-насихат жұмысын жүргізуде  үлкен үлес қосып жатқанын тиілге тиек етті.

Есбол Сұлтанов бес саусақ бірдей емес дейді. Жаттығатын балалардың ата-анасын дұрыс бағыттап, оларды қолдауға немесе іс-шара ұйымдастыруға шақырып отыратын бапкерлердің барын айтты. Соның арасында кейбір бапкерлер өзінің теріс пиғылын  пайдаланып, балаларға қиянаты тиіп жатады.

– Кейбір бапкерлер конкуреттерінің мақсатында пайлаланады. Балаларыңызға қиянат істеді деп дезинформация береді.  Ата-ана баласы үшін сеніп қалады. Біз де ата-анамыз, бала үшін бәріне дайынбыз. Сондай бір қозғалыс болып кетті.  Ата-аналар іштегі нәрсені біле бермейді, өз бапкеріне сенгендіктен, арандатушылыққа түсіп қалып жатады. Көп ата-ана басында бапкерінің айтқанын істеп жүреді, кейіннен оның негізгі ақпараты дұрыс еместігін сезіп, басқа клубқа, басқа тренерге ауысып жатады. Ең өкініштісі, спорттан көңілі қалып, баланы спорттан алып кетеді,  – деген өкінішін Есбол Сұлтанов білдірді.

Оның айтуынша, екеуара түсінбестікті біреулер пайдаланған.

– Сымбат апай екеуміздің арамыздағы нәрсені біреулер пайдаланып отыр. Апайдың өзінен негіз қандай екенін естіп отырмыз. Сымбат апай ашық, бәрін айтып отырғаныңызға сізге рақмет. Бұрынғы ата-аналарға, қазір де жүрген ата-аналарға ешқандай өкпе жоқ. Ешкімді кінәламаймын. Керісінше, балаларына жеңіс, спорттың карьерасына сәттілік тілеймін. Мен жақтан көмек керек болса, кез келген қазақтың баласын көтеруге, үйретуге дайынмын, – деді ол.