2026 жылы Өзбекстан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен бірлесіп, ғарышқа жер серігін ұшырмақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы «Өзбекғарыштың» аэро-ғарыштық қызмет және ғарыш мониторингі жүйелерін дамыту бөлімінің бастығы Мухиддин Ибрагимов мәлімдеді. Айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен бірлескен зерттеу жобасы қолға алынған.
Спутникті құрастыру бойынша нақты жоспар бекітілген. Алайда «Өзбекғарыш» отандық спутник дайындауға әзірге асықпайды. Оған қомақты қаржы қажет. Бүгінде әлемдегі ғарыш саласында қаржы айналымы 500 млрд долларға жеткен. Алдағы он жылда көрсеткіш 2 трлн АҚШ долларынан асуы ғажап емес.
- Бүгінде Өзбекстан 600 мыңнан 1 млн шаршы шақырымға дейінгі аумақты қамтитын спутник суреттерін өзі өңдей алады. Қазір біз жерді қашықтан зондтаумен айналысатын жерсеріктерді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін тиісті ұсыныстар әзірлеп жатырмыз және бірнеше елмен келіссөз бастадық, – дейді «Өзбекғарыш» аэроғарыштық қызмет және ғарыш мониторингі жүйелерін дамыту бөлімінің бастығы Мухиддин Ибрагимов.
Еске салайық, былтыр Өзбекстан ғарыш кеңістігін зерттеуге бағытталған халықаралық шартқа қосылған еді. Бұл салада Қазақстан мен Өзбекстан серіктестікті нығайтуға ниетті.