Соңғы уақытта республикалық бюджет түсімдерінің көлемі азая түскен сайын оның орнын Ұлттық қордан тікелей қаражат алу және мемлекеттік қарызды арттыру арқылы толтыру тенденцияға айналып кеткендей.
Қазына тағы да қарызбен «толықты»
191
оқылды

Соның салдарынан да сарапшылар қауымының Үкіметтің бюджеттік саясатына қатысты күмәнді сауалдары көбейе түсті. Мысалы, 2024 жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша, республикалық бюджеттің кірісінен шығысының ұлғаюы бюджет тапшылығының 3,6 трлн теңгеге дейін өсуіне әкеп соқтырып отыр.

Әрине, экономикалық тұрғыда бюджет тапшылығы – әдеттегі құбылыс. Мысалы, АҚШ бюджетіндегі тапшылық 2024 қаржы жылының 30 қыркүйегінде ЖІӨ-нің 6,4 %-ын құрады (бір жыл бұрын 6,2 %). Бұл көрсеткіш 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 8,1 %-ға өсіп, 1,8 трлн АҚШ долларына жетті. АҚШ үкіметі жағдайды бақылауда ұстап отырғанымен тапшылық негізінен тек үкімет мүшелерін алаңдатуда.

Сол секілді елімізде де соңғы жылдары республикалық бюджет тапшылығы артып келеді. Бұл тапшылық біршама жеңіл және тұрақты деңгейде сақталған. Тек 2023 жылдан бастап бюджет тапшылығы күрт өсе бастағанын көреміз. Мысалы, 2024 жылы Қазақстанның Ұлттық қорынан алынған қаражат 6,1 трлн теңгеге жетіп, таза түсімдерден 1,6 есе асып түсті.

Қаржы министрлігі ұсынған мәліметке сәйкес, жыл басында Ұлттық қорға түскен түсімдер, оның ішінде инвестициялық та­бысты есептегенде, 8,8 трлн теңгені құра­ған. Ал қордан алынған қаражаттың жалпы көлемі 5,62 трлн теңгеге жетті. Бұл есепте «Қазато­мөнеркәсіп» акциялары арқылы Ұлттық қордан бюджетке 467 млрд теңге бағыттау операциялары көрсетілме­генін атап өткен жөн. Осылайша, былтыр Ұлттық қордан бюджетке жалпы алынған қаражат көлемі 6,1 трлн теңгеге жетті. Қаң­тар-жел­тоқсан айларындағы түсімдердің өсуіне ин­вестициялық табыстың қосқан үлесі ай­тарлықтай болды, ол 5,0 трлн тең­гені құрап, таза түсімдерден 1,1 трлн теңгеге артық болды. Ал инвестициялық табыссыз қаражат көлемі 3,8 трлн теңгені құрап, алын­ған қаражаттан 2,2 трлн теңгеге төмен болды.

Өткен жылы алынған 6,1 трлн теңге қара­жаттың ішінде кепілдендірілген трансферттер 2 трлн теңге, нысаналы транс­ферттер 3,6 трлн теңге, «Қазатомөнер­кәсіп» акцияларын сатып алу 467 млрд теңге, ал басқару шығындары 21 млрд теңгені құрады. Бюджеттік дағдарыс пен Үкі­мет­тің экономикалық өсімді 5-6% деңгейіне жеткізу жоспары аясында, сон­дай-ақ кіріс жоспары өз деңгейінде орын­далмағандықтан, Ұлттық қордан рекордтық қаражат жұмылдырылды.

Мамандар мұндай тапшылықтың өсуіне мемлекеттік шығыстардың айтарлықтай артуы мен бюджет түсімдерінің төмендеуі әсер еткенін алға тартады. Қазақстан қар­жыгерлер қауымдастығы сарапшы­ларының есептеуінше, 2024 жылдың тоғыз айында республикалық бюджетке түсетін салық жоспары тек 52 %-ға орындалған. Демек, осы кезеңдегі нақты тапшылық – 52 %. Абсолюттік мәнде бұл 8,1 трлн теңге кіріс деп есептесек, жоспарлы деңгейден 2,5 трлн теңгеге төмен.

Негізгі салық түрлері бойынша түсімдер азайған. Әсіресе, ҚҚС бойынша жинау деңгейі өте төмен, яғни барлық салықтардың 44%-ы ғана жиналған. Қауымдастық сарап­шыларының пікірінше, ҚҚС мөлшерлемесін қайта қарамай, өзін-өзі ақтауға қол жеткізу «өте қиын». Сонымен қатар тіпті 1,3 трлн теңге қосымша түсім болған жағдайда да, корпоративтік табыс салығын (КТС) сара­лау және кейбір жеңілдіктерді алып тастау бюджет тапшылығының орнын өтей ал­май­ды. Ал жергілікті бюджеттер бойынша салық жинау деңгейі жоғары болғанымен, олардың динамикасы республикалық бюджет тапшылығын жаба алмайды.

коллаж: Елдар ҚАБА

Қазіргі таңда Үкімет бюджетке түсетін тұрақты қаражат көзін сыртқы және ішкі қарыздарды көбейту арқылы шешуде. 2024 жылдың қазан айының басында мем­лекеттік қарыздың жалпы көлемі 32,2 трлн теңгеге жеткен. Сыртқы қарыз және мемлекеттік кепілдендірілген сырт­қы қарыз бойынша жоғары өсім байқалды. Бұл сомалар – 2024 жылдың қазан және қараша айларын­да алынған қарыздарды есептемегендегі көрсеткіштер. Атап айтқанда, үкімет осы уақытта Халықаралық қайта құру және даму банкінен, Азия даму банкінен және Азия инфрақұрыл­ымдық жобалар банкінен 0,5 трлн теңге немесе қарыз валютасы бойынша 185 млрд йен қарыз алды. Бұл қаражат инфра­құрылымдық жобаларға жұмсалмақ.

Мемлекеттік қарызды көптеп тарту қарызды өтеу мен қызмет көрсетуге ар­нал­ған шығындарды да (3,7 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге дейін) арттыруда. Бұл мем­лекеттік қаржының ұзақмерзімді тұр­ақ­тылығына және елдің егемендік рейтинг­теріне теріс әсер етеді. Halyk Finance сарап­тама орталығының маман­дары 2024 жылдың алғашқы алты айындағы Қазақ­станның шоғырландырылған бюд­жеті­не арналған есебінде мемлекеттік қарыздың негізгі бөлігі тұрақты мөлшер­лемелі ұзақмерзімді міндеттемелерден тұратыны айтылған. Елімізде тұрақты мөлшерлемемен шығарылған мемлекеттік бағалы қағаздардың табыстылығы 13%-дан жоғары, бұл елдің қарыз алу шығын­дарының өте жоғары екенін көрсетеді. Сәйкесінше, ол бюджеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін, себебі мемлекеттік қарыздың өтелуі ұзақ уақыт бойы үлкен қаржылық міндеттеме­лерді қажет етеді.

Экономист Ғалымжан Айтқазин Fin­mentor арнасында бюджет дағдарысы­ның себептерін талдай келе, басты се­беп­тердің бірі деп бюджеттің параметрлері болжамы­ның әлсіз екенін алға тартқан болатын. Сон­дай-ақ бұл «үкіметтің осы жылдарға арналған мақсаты мен бол­жамдар­ындағы мәселелерден туындап отыр», – деді ол. Айтқазиннің пікірінше, 2022 жылы гео­саяси шиеленістің күшеюі және шикізат тауарларының, соның ішінде мұнай бағасының күрт өсуі Үкі­меттің әлеу­меттік және экономикалық мақсатындағы «амбицияның» артуына негіз болған.

Сарапшының сөзінше, 2024 жыл Қазақстан үшін үлкен әлеуметтік өзгерістер мен эко­номи­калық шиеленістермен есте қалды. Қаңтар оқиғасы мен кейінгі саяси жағдай үкіметтің халықтың сенімін арттыру үшін әлеуметтік бағдарламаларды күшейтуіне ықпал етті. Сонымен қатар экономикада ЖІӨ-ні екі есеге арттыру мақсаты қойылды. Алайда мұндай өршіл мақсат жылына 5-6 % ЖІӨ өсімін қажет етеді. Қазір мұнай өндіруді арттыру мүмкіндігі таусылған­дықтан, ел Үкіметі кен орындарын кеңейтуге тәуелді болып отыр.

«Бюджет дағдарысына әсер еткен екінші жүйелік фактор – бюджет ережелерін сақта­мау», – дейді экономистер. Үкіметтің фис­кал­дық саясатына сәйкес, мұнай бағасы өскенде шығыстарды ұлғайтып, Ұлттық қордан трансферттерді азайту қажет, ал кіріс азайған кезде шығыстарды қысқартуып, трансферттерді арттырмауды талап етеді. Алайда соңғы жылдары мұнай нарығындағы қолайлы жағдайға қарамастан, Үкімет бұл ережелерді сақтаған жоқ. Нәтижесінде, кірістің жоғары болғанына және мұнай бағасының салыстырмалы түрде тұрақты болуына қарамастан, шоғырландырылған бюджет профицитке жеткен жоқ.

Мәселен, Halyk Finance сарапшы­ларының болжамына сай, «жоспарлау мен фискалдық ережелерді сақтамау комбин­ациясы мұнай бағасы жоғары және мұнай өндіру артып жатқан кезеңде де мемлекеттік шығыстар мен Ұлттық қордан трансферттер жоғары деңгейде қалады». 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында мемлекеттік шығыстардың 10,1 %-ға өсуі, ал 2025 жылы Ұлттық қордан трансферттердің жылдық көлемінің 5,25 трлн теңгеге дейін артуы жоспарланып отыр. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге жоғары.

Сондықтан сарапшылар бюджеттік және салықтық кодекстерге түбегейлі өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтеді. Halyk Finance аналитиктері «қазіргі уақытта жасалып жатқан «косметикалық» түзетулер қаржы жүйесіндегі дағдарысты шешуге көмектеспейді, керісінше, жағдай одан әрі нашарлауы мүмкін» деген қорытынды жасайды.

Кәмила ДҮЙСЕН