Ермұхан Бекмаханов «Қазақ КСР тарихы» кітабының Кенесары Қасымұлына қатысты тарауын жазып, кітап баспадан 1943 жылдың жазында Алматыда жарық көрді.
Ермұхан Бекмаханов қалай қуғындалды?
Коллаж: Aikyn.kz
4,627
оқылды

Әдетте қиын-қыстау заман, тоталитарлық езгі жайлы айтар кезде «қылышынан қан тамған» деген сөзді жиі қолданамыз. Бірақ ол кезеңдерде қын түбінде жатқан қылышын ғылымға айырбастап, ұлттың келешегі білім екенін ерте ұғынған қазақ баласы болғанын, өмір сүргенін ұмыта жаздаймыз. Иә, ерлік дастаны арқылы елдің есінде қалмаса да, қолына найза алып, жауды талқандамаса да, қазақ тарихында есім-сойы ерекше жазылып қалатын тұлғалар жетерлік. Солардың бірі – Ермұхан Бекмаханов. Биыл туғанына 110 жыл толмақ тұлғаның өмірі, шығармашылығы және сол жолда кездескен шым-шытырық оқиғасы бүтін бір тақырыпқа жүк. Кеңестік дәуірдегі қазақ тарихы мен Кенесары Қасымұлын тануға алғаш болып атсалысқан, сол жолда біраз теперіш көрген Ермұхан Бекмахановтың қазақ ғылымында ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Тұлғаның тағдыры, қазақ тарихына қосқан үлесі жайлы қазір көбірек айтылуы қажет деп ойлаймыз. Міне, сондықтан «Ермұхан Бекмаханов қалай қуғындалды?» деген сұраққа жауап іздеп, тарих ғылымдарының докторы, Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қарамен әңгімелестік. Ендеше сол әңгімемізді қалың көптің назарына зор ықыласпен ұсынып отырмыз!

- Әбдіуақап мырза, осыдан біраз жыл бұрын Ермұхан Бекмахановтың туғанына 100 жыл толуына байланысты Түркияның Ыстамбұл қаласында халықаралық конференция өтті. Мұнда түскен материалдар «Кеңестік тарихнама және Қазақстан тарихының мәселелері» деген атпен кітап болып жарық көрді. Сізге сол кеңестік тарихнаманы зерттеу не үшін қажет болды? Әрі Ермұхан Бекмахановты зерттеу несімен қызықтырды?

- Совет Одағындағы тарихшылар марксизм-ленинизм идеологиясының шеңберінде жұмыс істеуге мәжбүр болды. Кейбір ғалымдар осы шектеулерді ескеріп, кеңестік идеологияға қызмет еткені үшін марапаттар мен құрметке ие болды. Ал кері әрекет еткендер мансап жолынан шеттетіліп, тіпті ауыр жазаға ұшырады. Жазаның салмағы өте ауыр болды. Кейбіреулер ату жазасына кесілсе, басым бөлігі Сібірдегі еңбек лагеріне жер аударылды. Әсіресе Сталин дәуірінде тарихшылар үшін идеологиялық талаптардың кенеттен өзгеруі жиі кездесетін құбылысқа айналды. Өзгерістің соңы оларды қиын жағдайға қалдырып, қатаң жазаға ұшыратты. Осы тарихи жағдайлардың ішіндегі ең айқын мысалдарының бірі – қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмахановтың тағдыры. Сол үшін де болар, Бекмахановты туралы білу, оқу, зерттеу барлық жағынан қызық тақырып болды. Бекмаханов болса, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде патшалық Ресейдің отарлық үстемдігіне қарсы қуатты көтеріліс ұйымдастырған Кенесары Қасымұлы туралы зерттеу жүргізе бастады. Бұл зерттеу кеңестік билікке, дәлірек айтқанда, қазақтың соңғы ханына қатысты жаңа көзқарасты қалыптастырды. Ол кезде Кеңес үкіметінің талабына сәйкес, 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі ұлттық батырларды дәріптеу қажет еді. Себебі Сталин әскерилерге рух беру үшін осындай саясат жүргізуді талап етті. Алайда Бекмаханов 1941 жылы бастап жазған докторлық диссертациясын соғыстан кейін аяқтады. Соғыстан кейінгі кезеңде Сталин бұрын көтермелеген ұлттық батырларды дәріптеуді тоқтатып, керісінше осы жеңістегі басты рөлді орыстарға беруді көздеді. Осылайша 1947 жылы Бекмаханов докторлық диссертациясын аяқтаған кезде, оның зерттеуі кеңестік идеологияға қайшы келді.

Ермұхан Бекмаханов кім еді?

Бекмахановтың еңбегі Кеңес үкіметінің идеологиясына тікелей қарсы келмесе де, оның тарихи көзқарасы мен зерттеу әдістері сол идеологияның өзгеру қарқынына сәйкес келмеді. Ол өз еңбегін соғысқа дейінгі идеологиялық талаптарға сай жазғанымен, кейін пайда болған өзгерістерге бейімделуден бас тартты. Осы қыңырлығының салдарынан ол 25 жылға Сібірге жер аударылды. Дегенмен 1953 жылы Сталин қайтыс болған соң, билікке Хрущев келді. Ол антисталинистік саясат жүргізе бастағанда, Бекмаханов ақталып, елге оралуға мүмкіндік алды.

- Сонда «Бекмаханов мысалы» бізге нені көрсетіп отыр?

- Кеңес Одағында тарих ғылымының идеологиялық әдістері мен мақсаттары үнемі тұрақты болмағанын Бекмахановтың тағдыры айқын көрсетеді. Кеңестік «историография» уақыт өте келе өзгеріп, саяси қажеттіліктерге қарай бейімделіп отырды.

Бекмахановқа жасалған қысым, шектеу, идеологиялық өзгеріс

Большевиктер билікке келе салысымен тарих ғылымын және оның интерпретациясын өз идеологиясына сәйкестендіруге кірісті. Десе де бастапқы жылдары олар патшалық дәуірдің тарихшыларына, әсіресе кеңестік идеологияны қабылдамағандарға төзімділік танытты. Большевиктер мұндай ғалымдарды «буржуазиялық интеллигенция» деп атағанымен, оларды бірден жазаламай, барлық тарихи салада жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Тарихшылар оқу бағдарламасын әзірлеп, оқулықтар жазды, сондай-ақ архивтер мен мұражайлардағы тәжірибесін пайдалануға жағдай жасалды. Себебі сол кезеңде кеңестік билік өз идеологиясына сай тарихшыларды әлі дайындап үлгермеген еді.

Бұдан соң жағдай 1930 жылдары өзгерді. Большевиктер жұмысшылар мен шаруалардан шыққан жаңа буын тарихшыларды тәрбиелей бастады. 1919 жылдың басында Кеңес үкіметі марксистік тарихшыларды даярлау мақсатында Қоғамдық ғылымдар факультетін құрды. Бұл факультет арқылы олар өздерінің идеологиялық бақылауын күшейтуді көздеді. Осы мақсатта патшалық дәуірден қалған тарих және филология бөлімдерін біріктіріп, жаңа жүйе қалыптастырды. Егер патшалық Ресейдің тарих білімінде ежелгі және ортағасырлық тарихқа ерекше мән берілсе, кеңес билігі тарихнаманы таптық күреске, революциялық қозғалыстарға, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына және Қазан төңкерісінен кейінгі мәселелерге бағыттады. Білім беру мен зерттеулерде марксизм-ленинизм теориясы мен әдіснамасы негізге алынды.

Сонымен қатар 1921 жылы Кеңес Одағының барлық аймағында ғылыми мекемелерде қызмет ететін мамандарды шұғыл даярлау мақсатында Қызыл профессура институты құрылды. Бұл институтта қысқа ғана уақыт ішінде көп ақпарат беру қағидасы негізінде білім берілді. Философия, саяси экономика, ел тарихы және жалпы тарих пәндері оқытылды. Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің еңбектері басты оқулық ретінде пайдаланылды, ал Маркстің «Капиталы» саяси экономия пәнінің басты оқулығы болды. Институт алғашқы түлектерін үш жылдан кейін шығарды. Олардың арасында кейін Кеңес Одағының тарих ғылымы мен тарихнамасында маңызды тұлғаларға айналған А. Л. Сидоров, А. М. Панкратова және Н. Н. Ванаг сияқты тарихшылар болды. Міне, сол А. М. Панкратова 1940 жылдары Ермұхан Бекмахановтың ғылыми жетекшісі болып, оған айтарлықтай қолдау көрсетті.

1929 жылы Қызыл профессура институты жабылып, оның орнына төрт жаңа мекеме құрылды. Олар: Партия тарихы институты, Тарих институты, Философия институты және Экономика институты. Осылайша патшалық дәуірден шыққан ескі буын тарихшылар мен кеңестік материалистік көзқараста тәрбиеленген жаңа буын тарихшылар бірге қызмет етті. Бірақ сол бірге жұмыс істеудің өзі ұзаққа созылмады. Кеңес үкіметі идеологиялық мақсатына сәйкес келетін жаңа тарихшылар тобын толық дайындап болған соң, 1928 жылдың соңына қарай ескі буын тарихшыларды жоюға алғашқы қадамдар жасады.

- Тарихшыларды дайындау туралы айтып қалдыңыз. Кеңестік жүйенің ерекше «дәуірлеп» тұрған шағында тарихшыларды ескі не жаңа деп бөлу сол кездегі авторитар билікке не үшін қажет болды? Және бұл жолда қандай шаралар қолға алынды?

- 1928 жылғы 28 желтоқсан мен 1929 жылғы 4 қаңтар аралығында өткен КСРО-ның марксист тарихшыларының алғашқы жалпы конференциясында ескі буын тарихшылар қатаң сынға ұшырады. Конференциядағы басты тақырыптардың бірі – «Буржуазиялық және ұсақ буржуазиялық тарихшыларға қарсы күрес» деп аталды. Бұл кеңестік тарихи ғылымда идеологиялық күрестің басталуын белгіледі. Конференцияда М. Н. Покровскийдің «Ленинизм және Ресей тарихы», В. Рахметовтың «Орыс тарихи процесінің меньшевиктік концепциясының пайда болуы» тақырыбындағы баяндамалары жаңа тарихи көзқарасты қолдап, бұрынғы тәсілдерді сынға алды.

«Социализмге төнген қауіп»

1929 жылы сәуірде КСРО Коммунистік партиясының Орталық Комитетінің жалпы жиналысында сөйлеген сөзінде Сталин буржуазиялық интеллигенцияны «жаңа қалыптасып келе жатқан социализмге төнген ең үлкен қауіп» деп атады. Осылайша Мәскеу ескі буын тарихшыларды бейтараптандыруға бағытталған науқанды бастады. Нәтижесінде, 1929-1930 жылдары көптеген тарихшы қамауға алынып, Сібірге жер аударылды немесе ату жазасына кесілді. Сонымен қатар 1931 жылы «Пролетарская революция» журналында жарияланған Сталиннің «Большевизм тарихының кейбір мәселелері» атты мақаласы мұқым елге кеңінен тарады. Аталған мақала 1930 жылы осы журналда жарияланған А. Г. Слуцтің большевизм тарихын талдаған мақаласына сын ретінде жазылды әрі кеңестік тарихнаманың идеологиялық бағытын айқындауда шешуші рөл атқарды.

Сталин тарихи ғылымдарда жаңа «әдісті» енгізуге тырысып, А. Г. Слуцтің мақаласын қатал сынға алды. Сталиннің пікірінше, «жолы болмас бюрократтар» мен «архивтегі егеуқұйрықтар» тек құжатпен ғана айналысқан. Енді бұдан бұлай баға құжаттарға емес, ғылыми еңбектерге берілуге тиіс болды. Нәтижесінде, бүкіл ел бойынша жүргізілген науқан тарихшылар қатарын тазартуға бағытталды. 1934 жылы Кеңес Халық Комиссариаты мен БКП(б) Орталық Комитеті ескі буын тарихшыларды тазарту немесе басып-жаншу жұмысын жүргізгеннен кейін, барлық университетте тарих факультеттерін ашу туралы шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес, бұрын тарих факультеттері жабылған немесе мүлдем болмаған барлық кеңестік республикалардағы жоғары оқу орындарында тарих бөлімдері ашылды. 1935 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінде, Өзбекстан мемлекеттік университеті мен Педагогикалық институтында тарих факультеттері құрылды.

- Бекмахановқа дейін қазақ тарихын зерттеуге талпынғандар болмады ма?

- Әрине, болды ғой. Бірақ Қазақстанда ашылған тарих факультеттерінде оқулықтар болмаған еді. Кеңестік дәуірдегі қазақ тарихын зерттеген алғашқы ғалым – Санжар Асфендияров. Ол әскери дәрігер және большевиктерді Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап қолдаған тұлға болды. Сонымен қатар Түркістанда кеңестік билік орнаған кезде жоғары басқару құрылымдарында белсенді қызмет атқарды. 1920 жылдардың екінші жартысында Мәскеу Шығыс институтының директоры қызметін атқарып, сол уақытта Мәскеу университетінде дәріс оқыды. Осы еңбектерінің арқасында 1927 жылы оған профессор атағы берілді.

Қазақ тарихын зерттеген Санжар Асфендияров

1928 жылы Асфендияров Қазақстанға оралып, кейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті деп аталған алғашқы қазақ университетін құрды әрі оның алғашқы ректоры болды. 1935 жылы ол «Қазақстан тарихына арналған очерктер» атты алғашқы қазақ тарихының оқулығын жариялады. 115 беттен тұратын бұл кітап Қазақстан тарихын ежелгі дәуірден бастап 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін қамтыды. Кітап марксистік-лениндік көзқарас пен таптық күрес теориясына негізделіп жазылғанымен, Мәскеу оны мақұлдамады. Себебі Асфендияровтың барлық мектепте қазақ тарихын оқытуға ұмтылысы орталық билік тарапынан қолдау таппады.

Кенесары тақырыбына қызығушылық

1937 жылы Асфендияров «халық жауы» ретінде тұтқындалып, 1938 жылы ату жазасына кесілді. Оның кітабы да тыйым салынған еңбектер қатарына енгізілді. Кеңестік дәуірде тарих ғылымдары бойынша докторлық дәрежеге ие болған алғашқы қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмаханов та дәл осы жаңа буын тарихшылардан құралған оқу орындарында білім алды. 1933 жылы Семейдегі Жұмыс факультетін бітіргеннен кейін, Ермұхан Бекмаханов білімін Тамбов педагогикалық институтында бастады. Алайда бұл оқу орны жабылғаннан кейін, ол Воронеж педагогикалық институтына ауысып, 1937 жылы оны сәтті аяқтады. Воронеж педагогикалық институтында оқып жүрген жылдары ол Алаш ұлттық қозғалысының жер аударылған жетекшілері Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаевпен танысып, олармен тығыз байланыста болды. Жұбайы Халима Бекмұхамедованың айтуынша, дәл осы тұлғалар Бекмахановты Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілісті зерттеуге алғаш ынталандырған. Кейінірек атақты қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов те оны осы тақырыпты зерттеуге жігерлендірген.

Оқу орнын тәмамдаған соң, 1937 жылы Бекмаханов Алматыдағы №28 мектепке мұғалім болып тағайындалды. Сонымен қатар ол Педагогикалық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істей бастады. 1938 жылдың қарашасында осы институттың директоры қызметіне көтерілді. 1939 жылдың мамырында ол Коммунистік партия қатарына қабылданды. 1940 жылы Қазақстан Педагогика институтында жұмыс істей жүріп, КСРО халықтары тарихы кафедрасында аспирантураны аяқтады. Сол жылдың күзінде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бұйрығымен Мәскеудегі Коммунистік партияның Орталық Комитеті жанындағы Партия мектебіне оқуға түсті. Оның біліміне қатысты үдеріс Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты жеделдетіліп, ол 1941 жылдың күзінде оқуын аяқтап, Алматыға оралды.

- Бекмахановтың атақты «Қазақ КСР тарихы» кітабы қалай жазылды? Оның тарихтағы өзге ғылыми еңбектерден ерекшелігі неде?

- Соғыс жылдарында қазақ тарихнамасы үшін үлкен мүмкіндік пайда болды. Лениград пен Мәскеуден соғыстың қауіп-қатеріне байланысты Алматыға он бір атақты орыс тарихшысы көшіп келді. Олардың қатарында А. М. Панкратова, Б. Д. Греков, Н. М. Дружинин, М. П. Вяткин және Я. Я. Зутис секілді кеңес ғылымында кеңінен танымал ғалымдар болды. Бұл тарихшылардың Алматыға келуі Қазақстанның жан-жақты тарихи еңбегін жасау үшін таптырмас мүмкіндікке айналды. Ғалымдар Қазақстан тарихын көне заманнан бастап 1940 жылдарға дейін қамтитын көлемді еңбек жазуды көздеді. Бастаманы бірден байқаған Бекмаханов осы жобада өз көзқарасын білдіру үшін Қазақстан Коммунистік партиясының сол кезеңдегі ғылым саласына жауапты хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовпен пікір алмасты.

Бастапқыда бұл ұсынысқа күмәнмен қарағанымен, Қазақстан Коммунистік партиясының хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықов Ермұхан Бекмахановтың табандылығының нәтижесінде жобаны мақұлдады. Бекмаханов үкіметтің өкілі ретінде тағайындалып, Қазақстан тарихын жазуға қатысқан ғалымдардың жұмысын үйлестірді. Осыған байланысты ол уақытша қызметінен босатылғанымен, жалақысы сақталды. Сөйтіп, Бекмаханов Қазақстанның ғылыми негізде жазылған алғашқы тарихын әзірлеуге мүмкіндік алды және Ресейдің жетекші тарихшыларымен тығыз жұмыс істеді.

Орыс пен қазақ тарихшылары бірігіп «Қазақ КСР тарихы» атты еңбекті жазуға кірісті. Бұл кітаптың Кенесары Қасымұлына қатысты тарауын жазу міндеті Бекмахановқа жүктелді. Зерттеуге Қазақстанның белгілі тарихшы, әдебиетші және ғалымдары да қатысты. Олардың қатарында Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайылов және Бейсембай Кенжебаев болды. 670 беттен тұратын «Қазақ КСР тарихы» кітабы 1943 жылдың жазында Алматыда жарық көрді. Кітаптың редакторлары – А. М. Панкратова мен Мұхамеджан Әбдіхалықов. Бұл еңбек КСРО тарихынан басқа, одақтас республикалардың тарихын алғаш рет кешенді түрде жазуға жасалған алғашқы қадам еді. Сонымен бірге Қазақстан тарихын қазіргі заманғы ғылыми тұрғыдан тұтастай қарастырған алғашқы көлемді зерттеу болды.

Белгілі тарихшы, профессор Талас Омарбеков аталмыш еңбекті қазақ ғылыми тарихнамасының негізі деп атап, оның ерекшелігі ретінде патша үкіметінің қазақтарды орыстандыру саясаты ашық сынға алынғанын айтты. Бұған дейін және одан кейін жарияланған ешбір кеңестік еңбекте мұндай сын болмаған еді. Шыны керек, Кеңес Одағының басқа республикаларының тарихы әлдеқайда кейін жазыла бастады. Мысалы, түркітілдес республикалардың тарихнамасында «Өзбек КСР тарихы» 1955-1957 жылдары, «Қырғыз КСР тарихы» 1956 жылы, «Әзербайжан КСР тарихы» 1958 жылы, ал «Түрікмен КСР тарихы» 1959 жылы жарық көрді.

«Қазақ КСР тарихы» және Сталиндік сыйлық

1943 жылы жарияланған «Қазақ КСР тарихы» Кеңес Одағы бойынша үлкен назар аудартты, себебі бұл еңбек КСРО-дағы алғашқы толыққанды республикалық тарихи зерттеу болды. Оның авторларының қатарында Мәскеудің атақты тарихшылары да бар еді. Кітап Сталиндік сыйлыққа ұсынылып, бастапқыда жоғары бағаланды. Мысалы, Орталық Азия бойынша маман, тарихшы А. В. Пияковский 1943 жылдың маусым айында «Правда» газетінде жарық көрген шолу мақаласында кітапты «марксистік-лениндік ғылыми зерттеулерге қосылған зор үлес» деп бағалады.

- Түсінікті. Бірақ бұл еңбек ақыр аяғында Сталиндік сыйлықты алмады ғой. Сонда Ермұхан Бекмахановтың жолын кескен, Мәскеуге арыз тасыған «қаскөйлер» көп болғаны ма?

- Иә. Кеңес Одағы Ғылым академиясының мүшесі, профессор А. И. Яковлев әділетсіз баға беріп, бұл кітаптың орыстарға қарсы жазылған зиянды еңбек екенін мәлімдеді. Мұндай пікір Сталиндік сыйлық комитетінің соңғы отырысында мүшелерді алаңдатып, нәтижесінде кітап марапатқа ие бола алмады. Яковлевтің пайымдауынша, барлық кеңестік республикалардың тарихы «орыс ұлтының мүддесі тұрғысынан» жазылуы керек еді. Оның пікірінше, әр елдің, әрбір республиканың ұлттық тарихын жеке-жеке жазу интернационализм қағидаларына қайшы келетін және зиянды әрекет болатын. Кітапты жазу барысында түрлі пікірталастар туындады. Бірақ тарихшылар жаңа тақырып болғандықтан, өз жұмысын зор қызығушылықпен атқарды. Осылайша олар қазақ жеріндегі ұлт-азаттық күрес тарихын зерттеуге басымдық берді.

Бұл бағытта Ермұхан Бекмаханов та көп еңбек сіңірді. Жинақталған материалдарға сүйене отырып, оған кандидаттық диссертация жазу ұсынылды. Осы кеңеске сүйене отырып, Бекмаханов «Ұлттық азаттық қозғалыстағы Кенесары көтерілісі» тақырыбында диссертация дайындап, 1943 жылдың 28 мамырында Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Тарих институтында оны сәтті қорғап шықты.

Осы кезден бастап Бекмахановқа қарсы алғашқы сындар айтыла бастады. Әсіресе, оның қызғаныштан күйген әріптестері Бекмахановты «ұлтшыл», тіпті «қазақтарды орыстарға қарсы қойған тарихшы» деп айыптады. Әрине, бұл айыптаулар шындыққа жанаспайтыны анық қой. Өйткені Бекмахановтың Кенесары Қасымұлын зерттеу тақырыбы ретінде таңдауы тікелей КСРО Коммунистік партиясының басшылығының ұсынысына негізделген еді.

- Неге?

- Себебі 1941 жылы Германия-Кеңес соғысы басталғанда, Сталин Кеңес халықтарының рухын көтеру үшін әр ұлттың батырларын дәріптеу туралы нұсқау берген еді.

1941 жылы 7 қарашада Қызыл алаңда сөйлеген сөзінде Сталин солдаттарға былай деді:

«Бұл соғыста сендердің рухтарыңа күш беретін аталарың – Александр Суворов, Александр Невский, Дмитрий Донской, Кузьма Минин, Дмитрий Пожарский және Михаил Кутузов».

Осы тұрғыда Кеңес билігі Кенесары Қасымұлы мен Амангелді Имановты қазақ тарихындағы ұлт-азаттық қозғалысының қаһармандары ретінде дәріптей бастады. Кандидаттық диссертация тақырыбын кеңейте отырып, Ермұхан Бекмаханов кейін «1820-1840 жылдардағы Қазақстан» атты докторлық диссертациясын дайындады. 1946 жылы 14 қазанда Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Тарих институтында Ермұхан Бекмаханов өзінің докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Оның қорғауына орыс ғалымдары мен белгілі қазақ жазушылары мен ғалымдары, атап айтқанда, Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев, Кәрім Мыңбаев, Мәлік Ғабдуллин және Ерден Әзірбаев қатысты. Осылай Бекмаханов қазақ ғылымы тарихында тұңғыш рет тарих саласында докторлық дәрежені иеленген алғашқы қазақ тарихшысы атанды. Десе де КСРО Жоғары аттестациялық комиссиясы оның ғылыми дәрежесін екі жыл бойы бекітпеді. Мұның басты себебі – оны көре алмай, қызғаныштан өртенген әріптестерінің Мәскеуге жолдаған арыз-шағымдары еді. Кейінірек, дәл осы әділетсіз айыптау мен ұйымдастырылған жаппай қаралау кампаниясының кесірінен Бекмаханов Сібірге жер аударылады. Бірақ Бекмаханов 1947 жылдың қазан айында өзінің докторлық диссертациясын жеке кітап етіп жариялайды.

Ғылыми еңбекті жоққа шығаруға тырысқан айыптаулар

- Бұған дейін жарық көрген мақалаларда Бекмахановты қудалаған Қазақстан тарихшылары екені айтылады. Сонда тұлғаның басты қарсыластары кімдер еді?

- Кітап жарық көрген сәттен бастап үлкен танымалдылыққа ие болды. Мұны да қызғанғандар көп болды. Сөйтіп, Бекмахановқа қарсы Мәскеуге жолданған шағымдар саны күрт арта түсті. 1948 жылы Мәскеу мен Алматыда тарихи институттарда кітапқа арналған арнайы талқылау жиналыстары өтті. Бекмахановтың басты қарсыластары: Т. Шойынбаев, М. Жизневский, Х. Айдарова, С. Төлебеков еді. Олар Кенесары Қасымұлының қозғалысы ұлттық-азаттық күрес емес, жеке бас мүддесін көздеген феодалдық-монархиялық қозғалыс деп мәлімдеді. Бұндай пікірге қарамастан, бірқатар орыс ғалымдары Бекмахановтың ғылыми пікірін қолдап, оның еңбегінің саяси емес, ғылыми еңбек екенін дәлелдеді. Нәтижесінде, КСРО Жоғары аттестациялық комиссиясы Бекмахановтың докторлық дәрежесін ресми түрде мақұлдады.

Ғылыми мансап және кеңестік қуғын-сүргін

Осы кезде Бекмаханов Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих институты директорының орынбасары болып тағайындалды. Бұл хабар да Бекмахановты ұнатпайтындар үшін жақсы жаңалық емес еді. Сол үшін қаскөй әріптестері Бекмахановтың үстінен Мәскеуге үздіксіз арыз жазып, оған қолайсыз жағдай туғыза берді. Сол себепті 1947 жылы ол аталған қызметтен өз еркімен кетіп, ҚазМУ-ге (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқытушы болып жұмысқа кірісті. Мұнда алғаш рет «Қазақ КСР тарихы» кафедрасын құрды және оның жетекшісі болды. 1949 жылы осы кафедра жанынан қазақ тарихы бойынша аспирантураны іске қосты. 1949 жылы 30 тамызда Бекмаханов «КСРО тарихы» пәнінің профессоры атағына ие болды.

Ұлт-азаттық қозғалыстар тарихын шектеу

- Қызық екен. Бірақ мен түсінбей тұрған бір жайт бар. Мұндай тақырыпта ғылыми жұмыспен айналысуды Кеңес үкіметі өзі қолдап, кейін ол ойынан айнып отыр ма?

- Бұл өзі сондай қызық дүние. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кеңес үкіметі бұрын өздері қолдаған ұлттық батырлар тарихына шектеу қоя бастады. Бұрын көтермелеген ұлт-азаттық қозғалыстарды зерттеу енді күдік тудыратын мәселе болып саналды. Бұндай өзгеріс, әрине, Бекмахановтың ғылымдағы тағдырына ауыр соққы болды. Ұлы Отан соғысынан кейінгі Кеңес үкіметінің саясатында Ресей халқының соғыстағы жеңісін дәріптеу күшейе түсті. Бұл тенденция Кеңестік тарихнаманың ресми идеологиясында да көрініс тапты. Кейіннен 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі патша үкіметіне қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарды басқарған тұлғаларды айыптау кең таралған құбылысқа айналды.

«Қазақ КСР тарихына» сын

- Ал кітапты ресми жоққа шығару немесе жоққа шығарған мақалалар қашан жарияланды?

- 1944 жылдың мамыр-маусым айларында КСРО Орталық Комитетінің тарихшыларға арналған кеңес жиналысында «Қазақ КСР тарихы» кітабы сынға алынды. Жиналыста «идеологиялық қателіктер» көрсетілді. Кітаптағы қазақ халқының ұлттық күрестеріне қатысты мазмұнды түзету қажет деген шешім қабылданды. Аталмыш сын КСРО Коммунистік партиясының «Большевик» журналының 1945 жылғы №6 санында және Қазақстан Компартиясының «Большевик Казахстана» журналының 1945 жылғы №6 санында жарық көрген мақалалар арқылы ресми түрде жарияланды.

«Қазақ КСР тарихы» кітабының цензураға ұшырауы

Жоғарыда көрсетілген шешімдерге сәйкес, «Қазақ КСР тарихы» кітабы қайта қаралып, түзетілген нұсқасы «Қазақ КСР тарихы (Толықтырылған және өңделген басылым)» деген атаумен жарық көрді.

Бұл еңбектің редакциясын І. Омаров пен А. М. Панкратова басқарды. Осылайша, 1943 жылы жарық көрген түпнұсқа нұсқа ресми түрде цензураға ұшырады. Дегенмен жаңа нұсқаның да өміршеңдігі ұзақ болмады. 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін, «Қазақ КСР тарихы» қайтадан сынға ұшырады. 1957-1959 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы мен Археология және этнография институты аталған еңбекті екі томдық кітап ретінде қайта жазды. 1977-1980 жылдары Бекмахановтың тарих кітабы Брежнев дәуірінде бес томдық басылым ретінде қайта кеңейтіліп шығарылды.

Бекмахановқа қарсы басталған қуғындау науқаны

- Тарихшыға қарсы арызданған мақалалар болғанын айттыңыз. Кім екенін де ептеп біліп алдық. Сонда оны түрмеге жаппай тұрып, ескерту жасаған жан баласы болған жоқ па?

- Болды ғой, болды. Жаңа сөз арасында айтқанымдай, 1949 жылдан бастап Ермұхан Бекмахановқа қарсы сын күшейе түсті. 1950 жылы 26 желтоқсанда Мәскеудің «Правда» газетінде «Қазақстан тарихы мәселелері марксистік-лениндік ілім тұрғысынан» атты мақала жарық көрді. Бұл мақаланың авторлары: Тілеш Шойынбаев, Хадиша Айдарова, А. Якунин еді. Олар Бекмахановтың еңбегін орыстарға қарсы ұлттық көзқарасты қоздырушы еңбек ретінде айыптады. «Правда» газеті КСРО Коммунистік партиясының ресми органы болғандықтан, жарияланым партияның ресми көзқарасын білдіретін ең ықпалды құрал болды. Осы мақаладан кейін Бекмахановтың тағдыры күрт өзгеріп, ауыр сынақтарға толы кезең басталды. Оның жазаланатыны анық еді.

Сол уақытта Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов оған қоңырау шалып былай деді: «Бекмаханов, сен шындықты теріске шығаруың керек. Өмір сүріп, денсаулығыңды сақтағаның дұрыс. Қазір жағдай менің қолымда. Егер сен бір-екі газетке мақала жазып, «Мен қателестім. Кешіріңіздер. Негізгі шындық мынадай» деп айтсаң, ең көп дегенде саған айыптау үкімі шығарылады. Сонда партияның шешімімен жұмысқа қайта орала аласың. Егер оны қабылдамасаң, маған ренжіме, өйткені Мәскеу сенімен өзі айналысады. Сенің ісің Мәскеуге жіберіледі».

Осыдан кейін Бекмаханов: «Өте көп  рақмет! Мен тарихи фактілерді өз жеке мүддем үшін бұрмалай алмаймын. Мен тек тарихи шындықты жазамын», – деп жауап берді.

Профессордан бастауыш мектептің мұғаліміне дейін...

- Сонымен Бекмахановтан «саяси астар» тапқан соң, зардабын қалай тартты? Одан кейін ақталып та шықты ғой. Сол аралықтан оның жеке өмірінде нендей жағдайлар болды?

- Бекмаханов өз жазғандары мен көзқарастарынан бас тартпай, 1951 жылдың алдында партиядан шығарылды. Университеттегі жұмысынан «үлкен саяси қателіктері» үшін босатылып, ғылыми атақтары 1951 жылдың 15 мамырында қайтарылды. Ешкім оны жұмысқа алмайтын болды. Сөйтіп жүргенде, ол әйтеуір Алматы облысы Нарынқол ауданындағы мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасуға қол жеткізді. Ол жерде тек үш ай ғана жұмыс істеді. Қытай Халық Республикасына қашып кету мүмкіндігін ескере отырып, КГБ оның жұмыс орнын Жамбыл облысының Шу қаласына ауыстырды. Бір күні профессор болған адам, келесі күні бастауыш мектептің тарих пәні мұғаліміне айналды. Шу қаласында сабақ беріп жүрген кезінде Бекмаханов «Ресейдің Қазақстанды қосып алу» туралы еңбегін аяқтап шықты. Жазғы демалыс кезінде Мәскеуде өзінің ғылыми кеңесшісі, профессор Анна Михайловна Панкратоваға барып, диссертациясын аяқтады. Шу қаласына оралғаннан кейін ол жұмысын сенімді досына жасыруға берді. Себебі оны диссертация ретінде қорғап, докторлық дәрежесін қайтарып, кітап етіп жариялауды жоспарлады. 1952 жылдың 5 қыркүйегінде Ермұхан Шу қаласында сабақ беріп жүргенде ұсталды. НКВД қызметкерлері оның Алматыдағы жұмыс бөлмесін де тексерді. Бекмахановқа «Совет үкіметіне қарсы пікірлер айтып, 1942-1951 жылдары ұлттықшыл идеялар таратты және антисоветтік үгіт-насихат жүргізді» деген айып тағылды. Айып РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы, 2-тармағы, 10-тармағына сәйкес келді. Ол Алматыдағы НКВД түрмесінде қамалып, 1952 жылдың 2 желтоқсанында сотқа тартылды.

Сотқа үш күн уақыт кетті. 1952 жылдың 4 желтоқсанында Бекмаханов 25 жылға еңбекпен түзеу лагеріне айдалып, жазаланды. Бекмаханов ешқашан үмітін үзген жоқ. Әйеліне жазған хаттарында: «Ақырында әділдік орнайды. Барлығы бұрынғыдай болады» деп жазды. Сонымен қатар ол Совет Одағы мен Қазақстан Коммунистік партиясының басшыларына әділетсіз жазаланып жатқаны туралы хаттар жазып, өзінің жазықсыз екенін дәлелдеуге тырысты. Ақырында, Сталиннің өлімінен кейін 1953 жылы оның табандылығы өз нәтижесін берді. 1954 жылдың ақпанында босатылды. Бұл іс барысында профессор Панкратованың рөлі зор болды. Себебі ғылыми жетекшісі кеңінен танымал ғалым әрі Совет Одағы Коммунистік партиясының мүшесі болатын. Ең бастысы, ол 1954 жылы Совет Парламентінің мүшесі болды. Сол кезде Парламент Совет тұтқындарының тағдырын шешетін. Панкратова мен Бекмахановтың басқа орыс ғалым достары көптеген өтініштер жасап, оның жазықсыздығын дәлелдеп, билікке құжаттар ұсынды. Қаңтардың соңында Бекмахановты Бодайбо еңбек лагерінен Мәскеуге алып келді, ал НКВД оны босатып, 1954 жылдың 16 ақпанында жазықсыз екені туралы құжат берді. Содан кейін Бекмаханов өзінің туған күнін 16 ақпан деп белгіледі, өйткені нақты туған күнін білмейтін. Кейбір деректе мұны 15 дейді, ал басқа бір деректерді 16 деп келтіреді. Қайткен күнде де, бұл оның екінші рет дүниеге келуі болды.

- Ғылыми жетекшісі Панкратованың Бекмаханов өміріндегі рөлі қандай?

- Ермұхан Панкратованы екінші анасы деп қабылдады, себебі ол оны босату үшін бар күшін салды. 1954 жылдың 1 қыркүйегінде, Панкратованың араласуының арқасында Қазақстан Мемлекеттік университетінде оқытушы болып жұмысқа орналасты. Университетте студенттер оны өте жақсы көрді. Оның дәрістерінің стилі барлық студенттерге әсер етті. Тек Қазақстан Мемлекеттік университетінің студенттері ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Педагогикалық университетінің студенттері де Бекмахановты университеттің оқытушылар құрамында дәріс оқуы керек деп келісіп, қолдады. Алматыдағы бес жоғары оқу орнының 117 студенті қол қойған өтініште Бекмахановты қолдайтындықтарын білдірді. Жастардың қолдауына көп сүйеніп, Бекмаханов Қазақстан Мемлекеттік университетінде тарих кафедрасында жұмысқа кірісті. Ол көп студенттерді тәрбиеледі. Бекмаханов 1957 жылы профессор Панкратова 60 жасында кенеттен қайтыс болғанда қатты қайғырды.

Ол қайтадан Коммунистік партияның мүшесі болды. Содан кейін ол өзінің «Ресейдің Қазақстанды қосып алу» тақырыбындағы жұмысымен Мәскеуге барды, оны бұрын достарына тапсырған еді. 1957 жылы ол оны Мәскеуде жариялап, Совет Ғылыми Кеңесі оның докторлық дәрежесін қайта қалпына келтіріп, оған профессор болу құқығын қайта берді. 1958 жылдың 1 қыркүйегінде ол Қазақстан Мемлекеттік университетінің Қазақ ССР тарихы кафедрасының жұмысын қайта бастап, оның басшысы болды. 1962 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. Ол тарих мамандығы бойынша магистратурадағы білімін қайта бастады. Оның 12 жылдық қызметі барысында 20 шәкірті докторлық (кандидаттық) диссертациясын қорғады. 1958 жылы Қазақ ССР тарихы бойынша орта мектептерге арналған оқулықтар жазды. Бекмахановтың 7-8 және 9-10 сыныптар үшін жазған оқулықтары Қазақ ССР тарихы бойынша алғашқы оқулықтар болды. Олар қазақ, орыс және ұйғыр тілдерінде жарық көріп, 1959-1990 жылдары 40-50 рет қайта басылды. Оған тарихшы қызы Нәйлә Бекмаханованың есімі де қосылды. Оның жаңа нұсқалары әрқашан жаңартылып отырды. Ермұхан Бекмахановтың қайтыс болғаннан кейін, Мәскеуде тұратын қызы тарих саласындағы зерттеулерін жалғастырды.

- Қызы жайлы айтып қалдыңыз. Демек ол да сол әке жолын жалғаған болып тұр ғой?

- Ол бір естелігінде: «Әкем өмірінің соңғы күндерінде маған шығармаларын өсиет етіп қалдырды. Менің мамандығым тарихшы болғандықтан, солай істеуі керек еді. Ол менен оның оқулықтарын қадағалап, жаңартып отыруымды және үнемі шығарып тұруымды қалады. Денсаулығы өте нашар болса да, ол мені үнемі бағыттады. Мен әкемнің өсиетін орындауға тырыстым. Ал мен оның оқулықтарын ол қайтыс болғаннан кейін 30 жыл бойы оның атымен басып шығаруды жалғастырдым. Мен әкеме 30 жыл қызмет еттім. Әрине, қажет болған жағдайда кейбір өзгерістер мен жаңартулар жасалды. Соңғы 20 жылда менің атымнан оқулықтар басылып шықты. Ғалымдар әкемнің 50 жыл бұрын жазған оқулықтарын жүйелі әрі нақты деп бағалайды», – деп айтты.

- Әңгімеміздің аяғына да таяп қалдық қой деймін. Кеңестік режим тұсында қазақ тарихын тануға өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның ғұмыры қалай аяқталды? Ол өз бағасын алды ма? Оның тарихтағы орны қандай?

- Бекмаханов 1966 жылдың 6 мамырында өкпе обырынан қайтыс болды. Оның зираты Алматыдағы Райымбек көшесінде орналасқан зиратта, белгілі жазушы Мұхтар Әуезов пен әйгілі кинорежиссер Шәкен Аймановтың қабірлерінің қасында орналасқан. Ол 1947 жылы құрған Қазақстан Мемлекеттік университетінің тарих кафедрасы Бекмахановтың есімін сақтап қалуға барлық күшін салады. «Бекмаханов оқулары» атты ғылыми кездесулер мен конференциялар кафедрада үнемі өткізіледі. Әр жыл сайын оның әйелі Халиима Бекмахановна шақырылып, Бекмаханов туралы әңгімелерді айтып береді.

Сонымен қатар Бекмахановтың есімі Қазақстан Мемлекеттік университетінің Тарих факультетінде бір кабинетке берілді. Қазақстанда Бекмаханов есімімен аталатын екі мектеп бар. Бірі – Жамбыл облысының Шу қаласында, екіншісі – Павлодар облысында. Оның есімі Алматы, Павлодар және Баянауыл қалаларында үш көшеге берілді. 2015 жылы Бекмахановтың 100 жылдық мерейтойына орай атақты кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов Бекмаханов туралы «Аманат» атты фильм түсірді.

Шындығында, ол кезде ғалымдар, тарихшылар өз зерттеуін марксистік-лениндік идеология аясында жүргізуге мәжбүр болды. Дегенмен сол идеологияның нақты стандарты болмады. Ол уақытқа, жағдайға және КСРО Коммунистік партиясының басшыларына байланысты өзгеруі мүмкін еді. Сондықтан Ермұхан Бекмаханов сияқты тарихшылар идеологиядағы өзгерістерге қарамастан, Кеңес тарихы мектептерінде білім алған және идеологияның өкілдері бола тұра, әділетсіз сынға ұшырап, ауыр жазаға тартылды. Осы тұрғыдан алғанда, Ермұхан Бекмаханов – тағдырдың қатал сынағына түскен тарихшы еді. Тарих ғылымына өз өмірін арнаған ғалым ретінде Бекмахановтың орны қазақ тарихнамасында ерекше. Бекмаханов сол кезеңнің жетекші тарихшыларымен жұмыс істеп, қазақ тарихнамасына маңызды үлес қосты. Оған қоса Қазақстанның тарихи ғылымын алғаш рет кеңестік тарихшылардың жетекшілігімен дамытты. Бұл екі аспект бойынша маңызды болды. Біріншіден, қазақ тарихшылары басқа «орыс емес» республикаларға қарағанда өздерінің ұлттық тарихнамасын ертерек тани алды. Екіншіден, тәжірибелі тарихшылардың тарих жазуға қатысуы қазақ тарихнамасының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Мұның бәрі Бекмахановтың қазақ тарихнамасындағы орны ерекше екенін дәлелдеп отыр.

- Жақсы, түсінікті. Уақытыңызды бөліп, бізбен мазмұнды әңгіме-дүкен құрғаныңызға көп рақмет!

- Сізге де көп-көп рақмет!

Архив суреттер e-history.kz сайтынан алынды.