БҚО-да қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы сотталды.
Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы 1,5 миллион теңге пара алған
Фото: istockphoto
647
оқылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Орал қаласының соты қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы М. Ташенбаевқа, оның қарамағындағы – бас маман Н. Ғатауға және «Алиханстройпроект» ЖШС директорының орынбасары А. Көпбаевқа қатысты үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Тәшенбаев аз қабатты көппәтерлі тұрғын үйлер салу бойынша эскиздік жобаларды келіскені және сауда-саттықсыз жер учаскесін заңсыз беру жолымен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін Көпбаевтан жалпы сомасы 1,5 млн теңге пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

– Ғатау жер учаскесін іріктеу актісін келіскені үшін Көпбаевтан 500 мың теңге сомасында пара алғаны және мемлекеттік қызметтер порталына құрылыстың болмауынсыз жер учаскесін кеңейту туралы құжаттарды заңсыз енгізу жолымен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Тәшенбаев пен Ғатау тиісінше 7 және 3,5 жылға, ал пара беруші 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың барлығы өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылған, – делінген хабарламада.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.