Үкіметте Экология және табиғи ресурстар министрі көктемгі кезеңге арналған ауа райы болжамының жаңартылған деректері туралы айтты.
Үкіметте су тасқыны қаупі жоғары өңірлер туралы айтылды
Фото: primeminister.kz
580
оқылды

Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ел аумағының 71%-ында қар жатқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ол 11 наурыздағы жағдай бойынша қар астында жатқан аумақ 71%-ды құрайтынын, дегенмен бұл өткен аптаға қарағанда 15%-ға аз екенін атап өтті. Еліміздің оңтүстігінде: Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, батысында: Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр.

«Наурыз айында температура көтеріліп, жауын-шашын көп болса еріген қар суынан тау өзендерінде тасқын жүруі мүмкін. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар қалың, наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түседі деп күтіліп отыр. Мысалы, Астанада бірінші онкүндіктің өзінде айлық жауын-шашын мөлшері түсті», – деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Су тасқыны қаупі жоғары аймақтар туралы да ақпарат айтылды.

Осыған орай, Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында көктемгі кезеңге арналған ауа райы болжамының жаңартылған деректерін ұсынды. Ол наурыз, сәуір айлары әдеттегіден жылы болады деп күтіліп отырғанын әрі еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын көп түсетінін атап өтті. Бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал етеді.

Су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің қатарында: Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Ұлытау және Абай облыстары бар.

Қауіптілігі орташа өңірлер: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.

Тасқын қаупі төмен өңірлер: Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.