Заңгерлер ел Конституциясында құқықтық «олқылық» бар дейді. Жақында сайланған президент соны қолданып, үшінші рет президент болып сайлана алады екен.
Президенттің «мен үшін бір емес, екі емес, үш, тіпті төрт рет президент болу – өмірімдегі ең үлкен құрмет болар еді» деген мәлімдеме жасағаны белгілі болды
Президент: «Мұны жүзеге асырудың жолдары бар. Мен қалжыңдап тұрған жоқпын». Фото forumdaily.com сайтынан алынды. Авторлығы: Depositphotos
1,962
оқылды

BBC News 5 сағат бұрын сенсациялық жаңалық жариялады. Сол материалға сүйенген Aikyn.kz бір адамның үш рет президент болу мүмкіндігін түсіндіреді.

«Мен үшін бір емес, екі емес, үш, тіпті төрт рет президент болу – өмірімдегі ең үлкен құрмет болар еді». Бұл сөздерді президенттердің қайсысы айтты? Фото Reuters агенттігінен алынды. Авторлығы: Leonhard Foeger

Былтыр қарашада сайланған  АҚШ президенті үшінші мерзімге сайлануға ниетті екенін айтып, бұл жайында «қалжыңдап тұрған жоқпын» деп мәлімдеген. АҚШ Конституциясында: «Ешбір адам екі реттен артық президент болып сайлана алмайды», – деп нақты көрсетілген. Алайда Трампты қолдайтын кейбір жақтастары бұл шектеуді айналып өту жолдары бар деп есептейді.

NBC телеарнасына берген сұхбатында Трамптан осы мүмкіндік туралы сұралғанда, ол:

«Мұны жүзеге асырудың жолдары бар. Мен қалжыңдап тұрған жоқпын... Көп адам менің бұны жасағанымды қалайды. Бірақ мен оларға: «Әлі ерте, алда ұзақ жол бар»  деп айтып жүрмін», – деп жауап берген.

4 жылдан кейін 82 жасқа келетін Трамптан «елде ең күрделі лауазымда тағы да жұмыс істегіңіз келе ме?» деп сұралғанда: «Маған жұмыс істеу ұнайды»  деп жауап берген.

Бұған дейін, қаңтар айында Трамп: «Мен үшін бір емес, екі емес, үш, тіпті төрт рет президент болу – өмірімдегі ең үлкен құрмет болар еді», – деген болатын.

Кейін ол бұл сөзін «фейк жаңалықтарға арналған қалжың» деп түсіндірген.

Америкалық қоғам да, оның қарсыластары да президент аузынан шыққан әрбір қалжыңның астарын іздейтіні белгілі. АҚШ Конституциясының 22-ші түзетуінде былай жазылған:

«Ешбір адам екі реттен артық президент болып сайлана алмайды. Егер адам басқа біреудің орнына президент ретінде екі жылдан артық қызмет етсе, ол тек бір рет қана (жаңадан сайлауға қатысып – авт.) сайлана алады».

Дональд Трамп Американың осындай болашақ жас азаматтарына жолын бере ме? Фото AP агенттігінен алынды

АҚШ-та Конституцияны өзгерту рәсімі қарапайым, бірақ өзгерісті әрбір штаттың бекітуіне бірнеше жылдар керек болады. Бір өзгерісті енгізуге бірнеше жыл уақыт кетеді. Мысалы, 27-ші түзетуді қабылдауға 203 жыл уақыт керек болған.

Конституцияға өзгеріс енгізу үшін, біріншіден, Сенат пен Өкілдер палатасының 2/3 бөлігі, екіншіден, штаттардың 3/4 бөлігі қолдау білдіруі тиіс. Қазір Трамптың Республикалық партиясы Конгрестің екі палатасын бақылағанымен, бірінші талапты орындауға жеткілікті көпшілікке ие емес. Сондай-ақ демократтар 50 штаттың 18-ін басқарып отыр.

Дональд Трампты қолдайтындар Конституцияда бір құқықтық «олқылық» бар екенін ескертуде. Олардың айтуынша, 22-ші түзету «сайлануға» тыйым салады, бірақ «мұрагерлікпен келуге» тыйым салмайды. Бұны қалай жүзеге асыруға болады? 

Трамп 2028 жылы вице-президенттікке кандидат бола алады (мысалы, өзінің қазіргі серігі вице-президент Дж.Д. Вэнспен). Егер олар жеңсе, сайлаудан кейін президент бірден отставкаға кетіп, Трамп мұрагер ретінде президент бола алады.

Стив Бэннон, Трамптың бұрынғы кеңесшісі: «Трамп қайтадан сайланады, жеңеді. Бұған жетудің бірнеше балама жолы бар», – дейді.

Теннеси штатының өкілі Энди Оглз Конституцияға президентке қатарынан үш рет емес, үзіліспен үш рет сайлануға мүмкіндік беретін өзгеріс енгізуді ұсынады.

Бұл түзету күшіне енсе, Трамп үзіліспен үшінші рет сайлануға мүмкіндік алады. Обама, Клинтон, Буш – бәрі қатарынан екі рет сайланғандықтан, олардың мұндай құқығы болмайды. Ал Трамп 2016 жылы жеңді, 2020 жылы жеңілді, 2024 жылы қайта жеңді.

Алайда мұндай түзетуді қабылдау өте қиын болғандықтан, бұл ұсыныс тек саяси пікірталасқа түрткі ғана болды. Бұның теориялық қана мүмкіндік екені белгілі. Өйткені, Трамп тек 2032 жылы ғана үшінші рет президентікке ұсыныла алады. Ол кезде оның жасы 86-ға толады. Президент болуға тым егде жас.

4 рет президент болып сайланған Франклин Д. Рузвельт 1943 жылғы Тегеран конференциясында Сталинмен және Черчилльмен. Фото TACC агенттігінен алынды. Авторлығы: Interfoto 

Демократтар бұндай өзгерістерге қарсы. Нью-Йорк өкілі Дэниел Голдман: «Бұл – Трамптың билікті иемденуге және демократияны бұзуға бағытталған ашық әрекетінің кезекті сатысы»  деген баға берген. Ал республикалық сенатор Маркуэйн Маллин (Оклахома): «Мен Конституцияны өзгертуді қолдамаймын – егер мұны халық қаламаса», – деп мәлімдеді.

Заңгерлердің пікірі де әрқалай. Нотр-Дам университетінің профессоры Дерек Мюллер: «12-ші түзетуге сәйкес, президент болуға құқығы жоқ адам вице-президент бола алмайды»  деген көзқараста. Бостон университетінің конституциялық құқық профессоры Джереми Пол да: «Үшінші мерзімге оралу үшін нақты заңды негіз жоқ», – дейді.

АҚШ тарихында екі мерзімнен көп билік еткен тек Франклин Делано Рузвельт қана. Ол 4 рет сайланған жалғыз адам. Бұндай жағдайды болдырмау үшін америкалықтар Конституцияға 1951 жылы 22-ші түзету енгізіп, бір адамның екі реттен артық президент болуына тыйым салған. Оған дейін заңды шектеу болмаған, тек Джордж Вашингтон 1796 жылы үшінші мерзімнен саналы түрде бас тартқаннан кейін екі реттен артық сайланбау дәстүрі болған.

Президент Трамптың үшінші мерзімге сайлануы қоғамдық пікірге де, этикалық мәселелерге де байланысты екені белгілі. Оны 3-4 жылдан кейінгі америкалықтардың көңіл күйі, Трампқа деген сенімі анықтайтын болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.