Соғыс қаһармандарының есімін тек сарғайған суреттерде, солдаттық кітапшаларда, награда құжаттарында, соғыс жылдарының газет мақалаларында, бұйрықтардан алынған үзінділерде, майданнан келген хаттарда ғана емес, сонымен қатар жүрегімізде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткіземіз.
Ата-баба ерлігі – жүрегімізде
266
оқылды

Қызыл Армия қатарында, ке­йіннен Кеңес Армиясында соғыс­қан барлық жауынгерді, олардың медальдары мен ордендеріне қа­рамастан нағыз қаһарман деп санауға болады. Ұлы Отан соғысы туралы ардагерлердің нақты, ай­шықталмаған әңгімелері бізге шын­дықты жеткізеді, ол көбіне кинодағы көріністерден әлде­қайда өзгеше. Бұл ерліктер мен қан­ды шайқастар туралы әңгі­мелер, миллиондаған құрбандар мен күн сайынғы ерліктер бізге соғысқа қатысқан ата-анала­рымыз бен ата-бабаларымыздың балаларынан, немерелерінен жетті.

Атам Ержан Жақсылықов 1917 жылы дүниеге келген. 1942 жылы шілде айында Актөбе об­лы­сы Қарабұтақ ауылдық әске­ри комиссариатынан Қызыл Ар­мия қатарына шақырылды. 1942 жыл­­дан бастап Ұлы Отан соғы­сының соңына дейін, яғни 1945 жылдың мамыр айына дейін миномет ро­та­сының взвод ко­мандирі болып қызмет атқарды. Ержан ата Оң­түстік, Закавказье, Балтық маңы, үшінші Беларусь фронттарында жауды талқандап, соғысты аяқ­тады. Оның взводы шығыстағы Пруссия жерінде болған майданда ерлікпен шай­қасты. Гвардия кіші лейтенанты Ержан Жақсылы­қовтың мино­мет взводы жиі дәл нысанаға атқылап, жаудың күшін, техни­касын және бекіністерін жойып отырды.

Ұлы Отан соғысы туралы Ер­жан ата мектептегі тарих сабағы мен сыныптан тыс сабақтарда ай­татын. Ол ешқашан ерлігін мақ­тан етпейтін, керісінше басқа бөлімшелер мен командирлердің ерлігін айтып, оларға көбірек на­зар аударатын. Бірақ соғыстағы өзінің қатысуы туралы айтқан әр­бір сөз, әрбір ұрыстағы тәжіри­бесі біздің отбасымыздың әрі ұрпақтарымыздың жадында мәңгі қалады.

Ержан ата жасаған бір ерлік – Кенигсберг қаласының түбінде жаудың қорғанысын бұзу опера­ция­сы. Германияның бас штабы Кенигсбергті алынбайтын бекініс деп санаған. Қаланың барлық кө­шелері мен үйлері мықты бекініс болып, оқ ататын нүктелермен қорғалған екен. Жіңішке өрілген сымдары, миналы алаңдар, тран­шеялар және фаустпатроншылар мен жауынгерлер қаптап жүрген қаланы айналып өту өте қиын еді.

Ержан ата былай деген еді: «Жорық басталар алдында, 1945 жылдың 6 сәуірі таң алдында, артил­лерия дайындықтары бас­талды. Сигналды зеңбірекке дейін тыныштық сақталды. Тіпті, жан-жануарлар мен құстар да осы бір түнде жоқ болып кеткендей бол­ды. Қоршаған орман мен даладағы ағаштар туманға оранған күйде тұрды. Әлі де болсын аман, за­қым­данбаған, соғысқа дейінгі қа­лыпта еді. Ал соғыс басталған соң бәрі өзгерді. Орман мен дала түтінге батып, ағаштар мен бұта­лар сынып, күйді. Бетон қорға­ныс­тар, траншеялар, терең шұң­қырлар мен снарядтардың жа­­­рылған жерлері қалды. Барлы­ғы жан-жаққа қираған, өртенген және қираған болатын. Бірақ бізге «алға жылжи отырып, мақсаты­мызға жету керек!» деген міндет қойылды.

Ержан атаның басқаруындағы миномет взводы Кенигсберг қала­сының шетінде жаудың 50 адам­дық взводын, олардың командир­лерін жойып, жаудың бақылау пунк­тін, үш пулемет ұясын дәл атқылап бұзды. Бұл жағдайда Ке­ңес Армиясының жаяу әскерле­рінің шабуылдаушы бөлімше­ле­ріне маңызды қолдау көрсетіліп, қала қорғанысы толықтай жойы­лып, Кенигсберг қаласы азат етіл­ді. Ержан ата осы ерлігі үшін «Қы­зыл жұлдыз» орденімен мара­пат­талды. Бұл награда туралы ұсы­нысты 1945 жылдың 11 сәуі­рінде 91-ші гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия полковнигі Богданов қол қойған. Ал 12 сәуірде 1945 жылы Ержан атамды «Қызыл жұлдыз» ордені­мен марапаттау туралы бұйрық шықты.

Соғыстан кейін Ержан ата бар өмірін мектеп директорлығына арнады, жас ұрпақты тәрбиелеп, білім берді. Ол 1975 жылы өмірден озды, мен дүниеге келмей тұрып үш жыл бұрын қайтыс болды. Біз әрқашан атамызды еске алып, ұрпақтан ұрпаққа оның ерлігін ұлықтайтын боламыз.

Жеңіс күнін әкелген барша соғыс ардагерлеріне алғысымызды білдіреміз, өйткені олар Отаны­мызды қорғап, жаңа ұрпаққа тә­уелсіз Қазақстанда еркін өмір сү­руге мүмкіндік берді.

А.ОРДАБАЕВ,

Маңғыстау көлік прокуроры, аға әділет кеңесшісі