Тарифтік соғыс салдарының қаншалықты ауыр болатынын бүгін сарапшылар болжай алмауда. Бірақ оның кері әсерін тұтынушылар алдағы 2-3 айда анық сезінетін болады.
Үкімет басшылары Трамптың тарифтерінен қорқып, теледидар алдында отырғанда, мемлекет басшысы жайбарақат ағаш отырғызып жүрген
Тарифтік соғыста өнімдерін Қытайға экспорттайтын америкалық фермерлер ең көп зардап шегуі мүмкін. Иллюстрация bcs-express.ru сайтынан алынды
646
оқылды

BBC News жариялаған хабарламаға сүйенген Aikyn.kz, тарифтік шиеленісті бастаған екі ірі мемлекеттің саясатындағы өзгерістерді талдайды.

АҚШ пен Қытай – ашық текетіреске көшті және ешқайсысы шегінгісі келмейді. Фото latimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Associated Press / Susan Walsh

Америка мен Қытай арасындағы саяси, экономикалық және әскери үстемдікке бәсеке тарифтік соғыстың пердесін ашты. Дональд Трамп та, Си Цзиньпин де жақын арада тарифтік саясаттан бас тартатын түрі жоқ.

Қытай нарығында өз тауарын сатқысы келетін америкалық компаниялар ауыр соққы алды. Қытайға әкелінетін барлық америкалық өнімдерге 34%-дық қосымша баж салығы енгізілді. Бұл кейбір компаниялардың қытайлық нарықтан мүлде шығып қалуына себеп болуы мүмкін.

Бұл жағдай, әсіресе, америкалық ауылшаруашылық өнім өндірушілеріне өте тиімсіз. Трамптың алдыңғы баж салығынан кейін олардың өнімдеріне Қытайда 10–15% салық салынған болатын. Енді бұған қосымша 34% қосылса, олардың көпшілігі әлемдегі ең үлкен нарықтағы бәсекеге төтеп бере алмайды.

Алайда Бейжің бұл жағдайға қатты алаңдап отырған жоқ сияқты. Олар қазір америкалық фермерлерден сатып алынатын тауық еті, шошқа еті және сорго сияқты өнімдерді басқа елдерден оңай таба алатынын біледі. Сонымен қатар, бұл шешім АҚШ президентінің негізгі электоратына тікелей соққы болып отыр. Бұл жағдай бүкіл әлемдегі сарапшыларды алаңдатып отыр.

Негізгі мәселе басқада. Қазіргі жеткізу тізбектері жаһандық сипатқа ие. Яғни, кез келген өнімнің құрамдас бөліктері әлемнің әр түкпірінен келеді. Сондықтан бір елдегі экономикалық күйзеліс басқа елдерге де таралып, бүкіл дүниежүзілік саудаға кері әсер етуі мүмкін. Бұл жерде ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға сатқысы келетін америкалық фермерлер ең көп зардап шегеді.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин Бейжіңнің Фэнтай аумағында ағаш отырғызып, балалармен әңгімелесті. 3 сәуір 2025 жыл. Фото china.org.cn сайтынан алынды

Бүгінде әлемдегі екі ірі экономика – АҚШ пен Қытай – ашық түрде текетіресіп отыр. Және ешқайсысы шегінгісі келмейді. Қытай үкіметі Трамптың соңғы баж салығына қатысты өзі уәде еткен «қатаң қарсы шараларын» жұма күні (4 сәуір) кешке (жергілікті уақыт бойынша 18:00-де) қытайлық Қаржы министрлігінің жазбаша мәлімдемесі арқылы жариялады. Бұл күн – Қытайда мемлекеттік мереке болатын. Мұндай уақыт таңдауы бірнеше нәрсені білдіруі мүмкін:

Біріншіден, Үкімет бұл жаңалықты ел ішінде жұмсартып жеткізгісі келген – халықты үрейлендірмеу үшін.

Екіншіден, техникалық дайындықтар аяқтала сала дереу жариялаған.

Үшіншіден, Қытай Трамптың 54%-дық баж салығы күшіне енер алдында келіссөз жүргізуге болатын мүмкіндікті қолданғысы келмеді. Осылайша Бейжің тариф соғысына кіріскенін көрсетті.

Егер үшінші себеп рас болса, онда бұл  әлемдік экономика үшін өте қауіпті белгі. Бұл жағдай әлемдік державалар арасында келісімге келу ойлағаннан да қиын болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Мысал ретінде Бейжіңнің саяси басшылығы президент Трамптың мәлімдеме жасаған кезде (2 сәуір) не істегенін алуға болады. Кейбір елдерде үкімет басшылары Вашингтонның шешімінен қорқып, теледидар экранына телміріп отырғанда, Қытайда бейқам көңіл күй орын алған.

Дональд Трамп өзінің тарихи мәлімдемесін жасағаннан кейін ертесінде, Си Цзиньпин мен Саяси бюроның алты мүшесі жайбарақат ағаш отырғызып, орманды сақтау мәселесімен айналысқан. Бұл – Қытай билігінің Трамп шешіміне немқұрайлы қарағанын көрсетіп, Вашингтонға: «Не істесең де, Қытайға қызық емес» деген ишара білдіргені сияқты.

Қытай мен АҚШ әлі де бір келісімге келуі мүмкін, бірақ екі ел арасындағы қарым-қатынас бұны жоққа шығаруда.

Қытай үшін тағы бір балама жол – АҚШ-тың одақтастары болған Батыс елдерімен сауданы кеңейтіп, жаңа сауда маршруттарын қалыптастыру. Осылайша Қытай Америкаға тәуелділікті азайтып, оны сауда айналымынан ығыстыра алады. Мұндай қадам тек америкалық компанияларға ғана емес, сондай-ақ Трамптың тарифтері салдарынан тауар бағасы өсетін қарапайым америкалық тұтынушыларға да ауыр тиеді.

АҚШ пен Қытай арасындағы тарифтер соғысы Қазақстан үшін де қауіптер туғызуы мүмкін. Иллюстрация pexels.com сайтынан алынды

Тарифтер соғысы Қазақ экономикасына қалай әсер етеді?

АҚШ пен Қытайдың арасындағы кез келген сауда шиеленісі әлемдік экономиканың тұрақсыздануына себеп болады. Қазақстан жаһандық баға, сұраныс, инвестициялық белсенділік арқылы жанама соққы алады.

Біріншіден, Қазақстан АҚШ-пен саудасы тым үлкен болмағанымен, Қытайдан көп импорттайды. Егер Қытай АҚШ-пен соғыс салдарынан бағаны көтерсе, бұл қазақстандық импортқа да әсер етеді.

Екіншіден, тарифтер әсерінен технология, құрылғылар, бөлшектер қымбаттаса, бұл қазақстандық өндірістің шығынын арттырады. Ал бұл – бағаның өсуіне, тиісінше тұтынушының қалтасына әсер етеді.

Осылайша, АҚШ пен Қытай арасындағы тарифтер соғысы Қазақстан үшін де қауіптер туғызуы мүмкін. Бұл жағдайда экономикада стратегиялық икемділік пен тиімді сыртқы саясат маңызды рөл атқарады деп ойлаймыз.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.