TikTok-қа тыйым салатын заңның күшіне енуі тағы 75 күнге шегерілді. Оны президент өзінің жарлығымен бекітті.
TikTok-қа тыйым салуды президент өзінің жарлығымен 75 күнге тоқтатты
Тыйым салатын заңның күшіне енуіне бірнеше сағат қалғанда президент жаңа жарлыққа қол қойды. Фото vodafone.co.uk сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock
786
оқылды

Америкалық BGR сайты кеше (4 сәуір) жариялаған хабарламаға сілтеме жасаған Aikyn.kz, президент жарлығының себебін талдайды.

TikTok-тың бас компаниясы ByteDance-ке АҚШ-тағы активтерін сатуға тағы 75 күн уақыт берілді. Фото kommersant.ru сайтынан алынды. Авторлығы: AP Photo / J. Scott Applewhite

Тыйым салатын заңның күшіне енуіне бірнеше сағат қалғанда және платформаны сатып алу туралы келісімнің болмауына байланысты, АҚШ президенті Дональд Трамп қосымшаның жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беретін жаңа жарлыққа қол қойды. TikTok-тың бас компаниясы ByteDance-ке АҚШ-тағы активтерін сатуға тағы 75 күн уақыт берілді. Егер осы мерзім ішінде сатып алушы табылмаса, платформаға АҚШ аумағында тыйым салынуы мүмкін.

«Менің әкімшілігім TikTok-ты құтқаратын келісім бойынша өте белсенді жұмыс істеді, біз үлкен прогреске жеттік. Келісімге қол жеткізу үшін әлі де біраз жұмыс қажет. Сондықтан мен TikTok-тың жұмысын тағы 75 күнге жалғастыру үшін жарлыққа қол қоямын», – деп жазды Трамп жұма күні Truth Social платформасында.

Ол сондай-ақ Қытаймен «адал ниетпен» ынтымақтастықты жалғастыруға үміттенетінін атап өтті. Бірақ қытайлықтардың жаңа баж салығына байланысты реніш білдіргенін мойындады. 

«Біз TikTok-тың «өшіп қалуын» қаламаймыз. Біз TikTok және Қытаймен келісімге қол жеткізу үшін ынтымақтастыққа үміт артамыз. Бұл мәселеге назар аударғандарыңыз үшін рақмет!», – деп аяқтады Трамп әлеуметтік желідегі жазбасын.

Америкадағы TikTok-тың болашағы әлі де бұлыңғыр болып көрінеді. Фото abcnews4.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP Photo / J. Scott Applewhite

АҚШ-та TikTok-ты сатып алуға бірнеше компания қызығушылық танытқан. Дегенмен әзірге ByteDance компаниясынан оның америкалық активтерін ешкім сатып алған жоқ. Осы аптада Amazon соңғы сәтте сатып алу өтінішін бергені белгілі болды. Трамптың жарлықты ұзартуы бұл өтініштің нақты іске аспай қалғанын көрсетеді. Айта кету керек, бұл – Трамптың TikTok туралы үшінші жарлығы.

2020 жылы ол қосымшаға тыйым салу туралы алғаш рет жарлыққа қол қойған. Алайда сот процестері тыйымды тоқтатып қойса, тыйымды оны 2021 жылы президент Джо Байден жойған.

2024 жылғы сайлауалды науқанда TikTok-ты пайдаланғаннан кейін Трамп қосымшаға деген көзқарасын өзгертті және оны қолдайтынын мәлімдеді. 2024 жылғы президент сайлауындағы жеңістен соң Трамп Ақ үйге қайта келген бойда, TikTok-қа тыйым салатын заңның орындалуын кейінге қалдыратын жарлыққа қол қойды. Бүгін де Америкадағы TikTok-тың болашағы бұлыңғыр болып көрінеді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.