Парламент депутаттары алдағы уақытта Жаңа салық кодексінің жобасын талқыламақ. Оған қоғамның түрлі саласы өкілдері шақырылады. Осы талқылау барысында кәсіпкерлер қоғамдастығы тарапынан айтылып жатқан ұсыныстар қаншалықты ескерілуі мүмкін?
Бұл сұраққа қаржы сарапшысы Айбар Олжай Aiqyn газетінің тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.
- Мемлекетке теңгерімді баланс қажет. Кәсіпкерлерге салсақ, әрине, салықты төлемей, кредиттік каникулдар мен субсидиялар ала беруден ешкім бас тартпайды. Олар да ары қарай дамып, өз бизнесін барынша қорғауға әзір. Оған да түсіністікпен қараймыз. Бірақ сол секілді мемлекеттің де өзіндік мүддесі бар, ол бюджетті қалыптастыру қажет, салықты жинап оны тиімді үлестіру қажет. Сондықтан мемлекет пен кәсіпкерлер арасында сауда жүреді.
Мемлекеттің де асып кетпеуі тиіс белгілі бір қызыл сызығы, межесі бар. Одан асып түсе алмайды. Кәсіпкерлердің де өзіндік ұсыныстары бар. Парламентте осы мәселе аясында сауда жүреді, қызу пікірталас пен мәлімдемелер болады. Депутаттар арасында да бизнестен келген азаматтар бар. Кәсіпкерлердің сөзін сөйлейтін партиялар бар. Олар да бизнестің жоғын жоқтап, сөзін сөйлейді. Сондықтан қоғам қызу дебатқа куә болуы мүмкін. Онсыз Парламент – Парламент болмайды. Үкімет дәл осы тұста өзінің орнықты аргументін айтып халыққа, депутаттарға жағдайды толық сипаттап, түсіндіруі қажет, – деді сарапшы.
Сұхбатты мына сілтемеден толық оқи аласыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз