Tesla АҚШ нарығындағы позициясын жоғалтып жатыр. Қытайда Model S және Model X сатылымы кедендік баж салығының салдарынан тоқтатылды.
Президент пен миллиардердің арасы неге суып барады?
Президентпен одақтас болу үшін мемлекеттік саясат миллиардердің бизнесіне қауіп төндірмеуі керек. Фото linkedin.com әлеуметтік желісінен алынды. Авторлығы: Dave Kahle аккаунты
1,935
оқылды

Quartz сайтының хабарламасында Tesla-ның соңғы айлардағы қиындықтары жарияланды. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz, электр көліктерін шығаратын көшбасшы компанияның қиындықтарының саяси астарын түсіндіреді.

Қытайдағы Tesla-ның сатылымы наурыз айында 11,5%-ға төмендеген. Фото ft.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Бейжің президент Дональд Трамп енгізген жаңа баж салығына жауап ретінде қарсы шаралар қабылдады. Tesla жұма күні (11 сәуір) Қытайдағы веб-сайтынан Model S және Model X жаңа электромобильдерін үн-түнсіз алып тастады. Өйткені бұл екі модель де АҚШ-та шығарылады.

Сондықтан олар Қытай 2-3 күн бұрын жариялаған 125% мөлшеріндегі АҚШ-тан келетін импортқа салынатын кедендік салыққа ілігіп отыр.

Бұл шешім Трамп әкімшілігінің Қытайдан келетін тауарларға салынатын импорттық баж салығын 145%-ға дейін өсіргеніне жауап ретінде қабылданған.

Илон Маск президентпен тығыз байланысына қарамастан, миллиардер АҚШ-тың Еуропаға салған кедендік баждарын сынаған. Фото nbcbayarea.com сайтынан алынды

Кедендік алымдардың көбеюі Tesla үшін тағы бір үлкен кедергіге айналды. Жаңартылған Model Y дебютінен кейінгі өсімге қарамастан, Қытайдағы жылдық сатылым наурыз айында 11,5%-ға төмендеген. Себебі BYD секілді бәсекелестер қытайлық нарықта өзінің төмен бағасының арқасында үлкен танымалдыққа ие болып, Tesla-ны ығыстыра бастаған.

Бірақ Tesla-ның Шанхайда зауыты бар. Ол жерде Model Y және Model 3 көліктері шығарылады. Bloomberg деректеріне сүйенсек, бұл модельдер Қытайда Model S пен Model X-ке қарағанда әлдеқайда танымал. Сондықтан Илон Масктің компаниясының Қытай нарығында жағдайын түзетуге мүмкіндігі бар.

Қытайдың импорттық баж салығын 125%-ға дейін өсіргені Tesla үшін тағы бір үлкен кедергіге айналды. Фото nbcnews.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Roberto Schmidt

Tesla Еуропада да бәсекелестікке байланысты қиындықтар көруде. Қаңтар айында, Илон Маск Трамптың екінші әкімшілігімен қарым-қатынасы тығыз бола бастағанда, Tesla-ның Еуропадағы сатылымы 44%-ға төмендеген. Ақпанда да сатылымның төмендегені белгілі болды.

Масктың Трамппен тығыз байланысына қарамастан, миллиардер АҚШ-тың Еуропаға салған кедендік баждарын сынаған.

Ақ үйдің бұндай саясатына қарсы пікір білдірген. Себебі Tesla қазір Еуропада қытайлық және еуропалық электромобильдермен күрделі бәсекеге тап болып отыр. АҚШ-та да жағдай оңып тұрған жоқ. Kelley Blue Book-тің жаңа есебінде 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Tesla-ның АҚШ-тағы сатылымы жылдық есеп бойынша шамамен 9%-ға төмендегені айтылған. Бұл уақытта елдегі жалпы электромобиль сатылымы 11%-ға артқан. 

Есепте: «Егер Tesla өнім стратегиясын түбегейлі өзгертпесе, компанияның АҚШ нарығындағы үлесі азая береді», – делінген.

Өзінің бизнесіне тиімді болса ғана Илон Маск Ақ үйдің бастамаларын қолдайды. Скриншот ru.tradingview.com сайтынан алынды, 12 сәуір 2025 жыл

Жыл басынан бері Tesla-ның акциялары шамамен 35,32%-ға құлдырады. Біздің ойымызша, миллиардер Илон Маск пен президент Трамп арасындағы қарым-қатынас прагматикалық сипатта, бірақ шиеленісті болуы мүмкін. Өзінің бизнесіне тиімді болса, Маск Ақ үйдің бастамаларын қолдайды. Ол президенттің ашық одақтасына айналуы үшін Трамптың саясаты Tesla, SpaceX немесе xAI, Neuralink секілді Илон Масктің компанияларының жаһандық кеңеюіне қауіп төндірмеуі керек.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.