ХІХ ғ. А.И.Левшиннің, Н.А.Маевтың, Н.Дингельштедттың, Е.Т.Смирновтың зерттеулерінде Отырар қираған, құлаған қала ретінде аталады.
Отырар: Қираған қаланың қайта жаңғыруы
www.istockphoto.com
929
оқылды

Отырар – тарих төрінен ойып орын алған, Орта Азия өркениетінің ірі орталықтарының бірі. Шыңғыс хан жорығынан бастап Әмір Темірдің соңғы сапарына дейін куә болған, талай даңқты дәуірдің, күйреудің, қайта гүлденудің белгісіндей бұл қала тек Қазақстан тарихында ғана емес, бүкіл мұсылман Шығысының мәдени кеңістігінде ерекше орын алады. Оның тарихын тек қираған қамалдар мен археологиялық қазбалар емес, аңыз-әфсаналар мен ғасырлар тереңінен жеткен қолжазбалар да куәландырады.

XIX ғасырдағы алғашқы ғылыми сипаттамалар

Отырардың қираған қалдықтары туралы алғашқы мәліметтерді ХІХ ғасырдың зерттеушілері қалдырды. А.И.Левшин, Н.А.Маев, Н.Дингельштедт және Е.Т.Смирнов еңбектерінде қала – қираған, ескі мекен ретінде сипатталады. 1880 жылдары И.Т.Пославский Отырардың қиранды бөлігін алғаш сипаттаған болса, Н.В.Руднев Сырдарияның орта ағысындағы ескерткіштерді аралап, солардың алғашқы картасын 1903 жылы «Туркестанские ведомости» газетінде жариялады. Бұл картада 51 ескерткіш белгіленіп, Отырар алқабының тұңғыш археологиялық картасының жобасы жасалды.

XX ғасырдың басындағы ғылыми қазбалар және археологияның басталуы

Отырарда жүргізілген алғашқы археологиялық жұмыстар А.К.Кларе мен А.А.Черкасов есімдерімен байланыстырылады. 1904 жылы басталған бұл жұмыстар туралы А.К.Кларенің «Ежелгі Отырар және оның құландысындағы 1904 жылы жүргізілген қазбалар» атты еңбегінде баяндалады. Бірақ кейін табылған Н.И.Веселовскийдің қолжазбасы археологиялық алғашқы зерттеулердің одан бұрын басталғанын дәлелдейді. Ол Отырарда тұңғыш қазба жұмыстарын жүргізіп, көне қала қалдықтарының сипаттамасын қалдырған.

Кеңестік кезең: Отырарды қайта ашу

Қазан төңкерісі мен азамат соғысы, Екінші дүниежүзілік соғыс археологиялық ізденістерді ұзақ уақытқа тоқтатты. Алайда 1947 жылы А.Н.Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы арқылы зерттеулер қайта жанданды. Бұл экспедиция құрамында Е.И.Агеева, Г.И.Пацевич секілді белгілі ғалымдар болды. Олар Қангүй–Қаратау мәдениетін анықтап, Отырар ескерткіштерін жүйелеу жұмыстарын жүргізді. Осы кезеңде Отырар Қазақстанның археологиялық картасына енгізілді.

Археологиядағы серпіліс

XX ғасырдың екінші жартысында Отырардың сақталуына М.Әуезов пен Ә.Х.Марғұлан секілді зиялы қауым өкілдерінің араласуы үлкен рөл атқарды. Отырар археологиясының жаңа кезеңі 1969 жылы көрнекті археолог, тарих ғылымдарының докторы Кемел Ақышұлы Ақышевтің бастамасымен ұйымдастырылған арнайы археологиялық экспедициядан бастау алады. Алғашқы жылдары бұл бастама жеке археологиялық жоба ретінде жүзеге асса, екі жылдан кейін, яғни 1971 жылы, ол ауқымы кеңейтілген Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясына айналды. Басшылықты К.А.Ақышевтің өзі атқарып, оның төңірегіне Қазақстанның және кеңестік кеңістіктің жетекші археологтары шоғырланды.

Экспедиция құрамында белгілі зерттеушілер – К.М.Байпақов, Л.Б.Ерзакович, С.М.Ақынжанов, Х.А.Алпысбаев, В.А.Грошев, С.Ж.Жолдасбаев, Ж.Қ.Таймағамбетов, Т.В.Савельева, А.Н.Подушкин, А.К.Ақышев, Е.А.Смағұлов, Б.Нұрмұханбетов, Ю.И.Трифонов, Н.О.Алдабергенов, К.Н.Бурханов, Ю.А.Мотов және басқа да танымал археологтар жұмыс істеді. Бұл ғылыми күш бірлігі Отырар қаласы мен оның маңындағы көптеген археологиялық ескерткіштің терең әрі жүйелі зерттелуіне жол ашты.

1960 жылдардың соңы мен 1991 жыл аралығында жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде Отырар Қазақстан ғана емес, бүкіл Орта Азия кеңістігіндегі ең толық әрі кең көлемде зерттелген кейінгі ортағасырлық қалаға айналды. Бұл жетістік, біріншіден, археология ғылымының сол кезеңдегі жаңа әдістері мен технологияларын батыл енгізудің арқасында мүмкін болды.

Экспедиция шеңберінде алғаш рет Отырар қалашығы аэрофототүсірілім арқылы бейнеленіп, ортағасырлық қала құрылымын кең ауқымда қазу жұмыстары басталды. Сонымен қатар палеоэтнография, гидротехника, ирригация жүйелері, нумизматика, керамика технологиясы сынды арнайы бағыттар бойынша зерттеу жүргізілді. Мәселен, керамикалық ыдыстардың саз құрамын анықтау арқылы олардың шығу тегі, қолданылу кезеңі және сауда байланыстары жөнінде нақты деректер алынған.

Зерттеу нәтижелері тек ғылыми есептермен шектелмей, жүздеген мақала мен хабарлама, сонымен қатар монография мен фотоальбом түрінде жарық көрді. Бұл кезеңде К.М.Байпақовтың жеке авторлығымен және Н.О.Алдабергеновпен бірге әзірлеген танымал фотоальбомы, сондай-ақ Е.А.Смағұлов, А.А.Ержігітов, З.Ж.Шарденова, Г.А.Терновая, Д.А.Воякин сияқты ғалымдармен бірлескен еңбектері ғылыми қауымдастық арасында жоғары бағаланды.

2008 жылы Отырар ауданының археологиялық ескерткіштерінің жинақталған каталогы жарық көрді. Бұл басылымға аймақтағы жаңадан анықталған ескерткіштер, жаңа технологиялар көмегімен алынған мәліметтер, сондай-ақ жаңа аэрофотосуреттер енгізілді. Осы арқылы Отырарды зерттеу жұмыстары жаңа сапалық деңгейге көтерілді.

Жаңа дереккөздер және аңыздардың орны

Отырардың тарихын тек археологиялық емес, фольклорлық және жазба деректер де толықтырады. Арыстан баб кесенесі, Ақарықты жалғыз өзі қазған Шәміл туралы аңыздар, Сырдың тасуы, Әмір Темірдің өлімі туралы хикаялар – барлығы Отырардың көпқырлы бейнесін көрсетеді. Бұл аңыздардың бірқатары ХІХ-ХХ ғасырлардағы зерттеушілердің жазбаларында кездеспейді, сондықтан ел аузындағы бұл деректер ерекше құндылыққа ие. Тарихи шындықты аңыздың ішінен іздеуге негіз бар.

Жазба деректер: араб, парсы, түркі мұралары

Отырар атауы VІІІ ғасырдағы соғды құжаттарынан бастап кездеседі. Әл-Масуди, әл-Истахри, Ибн Хаукаль, әл-Макдиси еңбектерінде Фараб туралы деректер кездессе, В.В. Бартольд Отырарға қатысты араб деректерін алғаш топтастырды. Әмір Темірдің Отырарда көз жұмғаны туралы деректерді Л.Зимин зерттеді. Жергілікті шежірелік жазбалардың арасынан ерекше маңызға ие – «Насаб-нама» шежіресі. Бұл еңбек Х ғасырдан бастап, ХІІІ ғасырға дейінгі Отырар тарихының маңызды тұстарын қамтиды. Сафи ад-дин Орын Қойлақы жазған бұл шығармада Қараханид билеушілері, вакуфтық жерлер және араб шапқыншылығы баяндалады. «Насаб-наманы» тарихи дерек ретінде қарастыру ХХ ғасырдың соңына қарай ғана қолға алынды. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарының алдыңғы шебінде белгілі шығыстанушылар З.Жандарбек пен Ә.Момынов тұрды. 1992 жылы Түркістан қаласында жарық көрген Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насаб-намасы» тарихи ғылым үшін тосын жаңалықтардың біріне айналды.

Аталған шежірелік жазбаның түпнұсқасы VIII ғасырдың аяғы мен IX ғасырдың басында өмір сүрген араб қолбасшысы Ысхақбабқа тиесілі. Ол жаулап алу жорықтарының барысын өз көзімен көріп, араб тілінде хатқа түсірген. Кейін, XIII ғасырда, бұл жазба Қожа Ахмет Ясауидің туысы саналатын Сафи ад-дин Орын Қойлақы тарапынан түркі тіліне аударылып, өңделіп қайта жазылған. Осылайша, «Насаб-нама» тек әскери жорықтар хроникасы ғана емес, Отырар мен Фарабтың саяси-әкімшілік құрылымы, Қарахан әулеті билеушілерінің есімдері, вакуфтық жерлердің шекарасы мен иелері жөніндегі маңызды ақпарат көзіне айналды.

Зерттеуші З.Жандарбек осы және басқа да «Насаб-нама» нұсқаларын жинап, оларды тарихи дерек ретінде талдауға бағытталған жеке еңбегінде бір жүйеге түсіреді. Бұл еңбектер шежіре жанры мен тарихи ғылым тоғысындағы маңызды жаңалық болды.

Бұдан бөлек, кейінгі ортағасырлық кезеңге жататын және ғылыми әдебиетте шартты түрде «Садр ад-дин Шайх рисаласы» деген атаумен белгілі қолжазба да ерекше мәнге ие. Парсы тілінде жазылған бұл шығармада Отырар жайлы бұрын белгісіз болып келген деректер кездеседі. Түркістандық Болатқожа есімді азаматтың қолында сақталған бұл сирек еңбек кейіннен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің зерттеушілері Н.Н.Ерфақ пен М.Йакубтың аудармасы арқылы ғылыми айналымға енгізілді.

Сондай-ақ Махмұд ибн Уәлидің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» («Өнегелі адамдардың ерліктері жайлы ғаламат құпиялар») атты шығармасында да Отырар туралы мәліметтер кездеседі. Бұл еңбек XVI–XVII ғасырларда жазылғанымен, кейінгі ортағасырлық Отырардың дағдарыс кезеңіндегі жағдайын сипаттау тұрғысынан ерекше тарихи мәнге ие. Мұндағы деректер Отырардың ішкі құрылымы, әкімшілік жүйесі мен әлеуметтік қатынастар жөнінде бұрын назардан тыс қалып келген жайттарды ашады.

Жоғарыда аталған барлық қолжазба мен шежірені деректанулық сыннан өткізіп, археологиялық және жазба деректермен салыстыра отырып талдау – Отырар тарихының жаңа, терең қабаттарын ашуға жол ашады. Бұл деректер Отырардың тек мәдени-сауда орталығы ғана емес, сонымен қатар діни, саяси және рухани ықпал орталығы болғанын дәлелдей түседі.

Қазіргі зерттеулер мен болашақ бағыттар

XX ғасырдың екінші жартысы мен XXI ғасырдың басында Отырар тарихының кейбір мәселелері этнография, нумизматика, керамика, сәулет өнері, гидрология салаларындағы мамандар тарапынан қарастырылды. Ө.Жәнібеков, У.Х.Шәлекенов этнографиялық тұрғыда, Р.З.Бурнашева, В.Н.Настич, Е.А.Давидович нумизматикалық тұрғыда, ал Э.Ф.Кузнецова мен Т.С. Дощанова секілді зерттеушілер өндірістік технологиялар жағынан зерттеу жүргізді. Соңғы жылдары Отырардың геоморфологиясы, ирригациясы мен ауа райының өзгерістері, табиғи жағдайлары да назарға алынып отыр. D. Clarke, R. Sala, J.M. Deom сияқты ғалымдардың еңбектері осы бағыттағы жаңа кезеңді бастады.

Отырар – тек тарихшылар мен археологтардың зерттеу нысаны емес, қазақ халқының тарихи жадының бөлшегі. Ғасырлар қойнауынан жеткен деректер мен аңыздар үндесе отырып, бұл қаланың тек өткенін емес, келешекке деген сабақ боларлық ұлы өнегені де бейнелейді. Отырарды зерттеу – тек бір қаланың тағдырын емес, күллі өркениеттің қалыптасу тарихын тану. Бүгінде Отырар тарихы ғылыми ортада зерттеліп, жаңаша зерделеніп жатса, бұл – ұлттық сананың жаңғыруының айқын көрінісі.