Той мен тойхана
Той мен тойхана
496
оқылды
Елімізде Төтенше жағдай жариялануына қатысты қауіпсіздік шаралары жүйелі түрде жүргізіледі. Тойхана, көрме, кинотеатр сияқты халық көп шоғырланатын орындар қызметін тоқтатып, оны қадағалау полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Осыған дейін де несие алып, той жасаудың қажеті бар ма, жоқ па деген сауал жиі туындайтын. Екі жастың бақыты үшін барын аямай тойға шашатын ата-ана соңғы жылдары банктерден миллиондап ақша алып, қарызға бататын еді. «Балалардың бақыты үшін» дейтін еді өздерін жұбатып. Енді мына жағдай ысырапты болдырмауға, қарызданып қауғаланбауға шектеу қоятын шығар, бәлкім...  

Ағайынның амандығын кім ойлайды?

«Коронавирус тойға тосқауыл бола алмайтын секілді», – дейді кей­біреулер. Әлі де болса, дүбір­летіп той өткізіп, қуанышын атап өтіп жатқандар баршылық. Ірі қалада болмаса да, өңірлерде той-томалақ жалғасып жатыр. Кешеге дейін той дүбірі басылған жоқ. Бірі баласын үйлендіріп, енді бірі қыз ұзатып, тағы біреулері мерейтойын атап өтіп жатыр. Той иелері бас тартқанымен, мейрамхана иесі алған ақшасын қайтармайтыны белгілі. Сондық­тан қос тарапқа да оңай соқпасы анық. Кей мейрамхана иелері де санитарлық талапты сақтауға да­йын екендерін айтады. Нұр-Сұл­тандағы мейрамханалардың 40 па­йызы той өткізуден бас тартқан. Шектеу қойылғанға дейін той өткіземін деп ақшасының белгілі бір мөлшерін төлеп, мейрам­хана­мен келісімге келгендер не істейді? 27 наурызға үйлену тойына 1 мил­лиондай қаржысын төлеп қойған Әсеттің де осындай уайымы бар. «Тойдан бас тарту ту­ралы айтып жатыр. Біраз шығын кет­ті. Қалай болатынын білмей­мін?», – дейді Әсет. Жас жігіттің той өткіземін деген ниеті дұрыс шығар. Бірақ тойға келетін қонақ­тар бар ма? Дастарқан бос қалып, шығын екі есе артпасына кім кепіл?! Төтенше жағдай жарияланғанға дейін өңірлердегі бірқатар тойха­наға тұтынушы ретінде хабарласып, қауіпті науқан кезінде жұмыс істей ме, жоқ па, бақылап көргенбіз. «Тойхана жұмысын тоқтату туралы бізге ешқандай тапсырма келген жоқ. Сондықтан сенімді түрде келіп тапсырма бере берсеңіз болады. Қандай қуанышыңыз ­бол­масын, өткізіп береміз» деп «Гау­хартас» мейрамханасының меңге­рушісі Қарлығаш есімді аза­матша тойхана жұмысы тоқта­май­тынын анық сездірді. Ал «Ақорда» мейрамханасының меңгерушісі «ауру адам тойханаға келмейтін шығар» деп жағамызды ұстатты. – Күнделікті жұмыс істеп тұр­мыз. Кеше ғана той өтті. Бүгінде банкет қабылдап жатырмын. Ко­ронавирус дертіне қатысты кейбір ойын-сауық орны жабылып жат­қанын естідік. Алайда тойға ауру адам келмейтін шығар. Сондықтан біз жұмысымызды тоқтатпай­мыз, – дейді тойхана меңгерушісі. «Хан Төрі» мейрамханасының иесі болса, тойханаға 100 адамға дейін тапсырыс қабылдай беру туралы рұқсат берілгенін айтады. – Бізге 100 адамға дейін той өткізе беруге рұқсат берілді. Тап­сырыс берушілерге қонақтары осы саннан асып кетпеуі туралы ес­керту жасап жатырмыз, деген мей­рамхана меңгерушісіне біз жа­сағалы жатқан тойға 150 адам шақырып қойғанымызды айтқан едік, ол еш қиындықсыз аталған адам санымен де той өткізіп беруге уәде етті. Демек, «100 адамға дейін» деген шектеу, тек сырт көз үшін ауызекі айтылған тапсырма екені анық байқалды.  

Қауіп қайдан демеңіз...

Төтенше жағдай жариялан­ған­нан кейін мейрамхана басшыла­ры­ның көзқарасы өзгерді ме? Біз осы мақсатта бірнеше мейрамхана басшыларына қайта хабарласып, мәселенің анық-қанығын білген едік. Жоғарыда аталған «Хан Төрі» мейрамханасының иесі: «Бұл дерттің алдын алу үшін жасалып жатқаны дұрыс. Әйткен­мен, оның кесірі бізге қатты тиеді. Наурыз айына біраз тапсырыс алып қой­ғанбыз. Енді оның бәрі болмаса, жағдай қиындай түседі. Жұмыс тоқтап қалса да, қызмет­керле­ріміздің жалақысы тоқта­тыл­майды. Өйткені бізде жалақы па­йыздық мөлшерлемемен есептел­мейді. Айма-ай төленіп тұрған соң, ешқандай түсім болмаса, еңбекақы төлеуіміз қалтаға ұрады. Тым құры­ғанда, 2-3 күндік тойымызды ат­қар­сақ, жақсы болар еді деген тіле­гіміз бар. Мәселен, наурыздың 21-23 күні той белгіленген. Аяқас­ты карантин жарияланып, 16 сә­уірге дейін деп болжап отыр. Бәрі тынышымен бітсін. Дегенмен одан соң ораза басталады. Ол кезде де той-томалақты ешкім өткізбейді. Арадағы 6 күнде біреу-міреу той істейді деп ойламаймын. Үлкен минусқа кіреміз. Ірі мейрамхана болған соң арнайы күзетшілер бар. Олардың жалақысы тағы бар?! Даяшы, әкімші, аспаз – бәрі бізге қарап отыр. Олар да бір-бір отба­сын асырап отырған жандар. Той-томалақ былай тұрсын, төлейтін салық жағдайымыздың оңалғанын күтпейді ғой. Пайдаланбасаң да төленетін газ, жарық, жер салығы тағы бар. Сол үшін 1-2 айға дема­лыс беріп, Үкімет те бір жағымызға шығуы керек. Әкімдіктен «той өткізілмесін» деген ескерту әлі жасалмады. Сондықтан тойды өткізу-өткізбеуді білмей дал болып отырмыз. Той иелерінің де «Тойды тоқтатамыз ба, не істейміз?» деп хабарласуы толастар емес. Жер­гілікті учаскелік милицияға хабар­лассам, «камерамен рейдке шыға­мыз», – деді. Әкімдіктен «ескерту болмады» деп тойды өткізіп жат­қанда, рейд үстінен түсіп, пәленбай айыппұл төлетсе, одан не пайда? Күнкөріс үшін өзімізге де тиын-тебен қалуы керек емес пе?!», – дейді. Ал «ГрандХол» тойхана­сы­ның өкілі Мадияр: «Әзірге бір айдай той өткізілмей, жұмыс тоқ­татылатын болды. Өзім алдағы уақытқа тапсырыс қабылдай беруім мүмкін. Қалғанына жұмыс тоқтатылды. Ертең өткізетін той да жоқ. Тойдың өткізілмеуі той иелерінен бұрын қызметкерлеріне ауыр соққы. Өзім осы жерде әкімші болып еңбек етемін. Бүгіндікке 300 қызметкердің 290-ы «несиеміз бар еді, осы айда оны қалай төлейміз» деп шырылдап жатыр. Не істерімді білмей, жүрегім қарс айырылып отыр. Қазір тас лақтырсаң, несиесі барына тиеді ғой. Той болмаған соң оларға ақы да төленбейді. Үкімет тарапынан соларға несиесінің төлейтін уақытын кейінге шегер­гені дұрыс еді. Ол кезге дейін бұл дерт те басылып, біржақты болар. Тіпті, мейрамхана мен тойхананың бәрі – жекеменшік. Олар өздері де несие алып отыр емес пе? Бұл жағдай ешкімге оңай болмайын деп тұр», – дейді. Тіпті, кейбір мейрамхана ие­лері «той жасағанымызбен, шақы­рылған қонақтар келмей қала ма деп қорқып отырмыз», – дейді. «Оның ішінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Тараздан келетін қонақтар бар. «Қонақтарым келмейтін бол­ды» деп той иесі хабарласты. Олар­ды да түсінуге болады. Азық-түлігін алып, тағамдарын жобалап даярлап қойды. Одан бас тарту – үлкен шығын. 50-60 адамға рұқсат беріп жатыр. Онда да қазаға, же­тісіне орай болған соң кеше өткіз­дік. Шынымен, кейбір мейрам­ха­налар тоқтатып жатыр. Сол себепті қандай үкім шығарылса, соны ұстанамыз. Басқа қолдан келер шара жоқ», – дейді кәсіпкер.   P.S. Елімізде 18 мыңнан астам мейрамхана мен дәмхана бар екен. Егер той өткізушілердің бәрі бас тартса, кәсіпкерлер көлемді түрде шығынға ұшырауы мүмкін деген пікірлер де айтылып жатыр. Вице-премьер Ералы Тоғжанов: «Әр азамат өзін ғана ойламауы керек. Әр азамат өз отбасының, туысқанда­ры­ның да жағдайын ойлағаны дұрыс» деген еді. Дегенмен біз үшін маңыз­дысы – ұлт саулығы. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген Сабыр Адай сөзі – рас сөз. Әр қазақ – біздің жал­ғызымыз. Ұлтты сақтайық!  

Гүлзина БЕКТАС, Анар ҚОНЫС