Автобустарға билет тапшы
Автобустарға билет тапшы
279
оқылды
Өткен жұма, сенбі және жексенбі күндері Алматы­да­ғы «Сайран» халықаралық автовокзалында авто­бустарға билет тапшылығы сезілді. Кассаларда ұзын­со­нар кезек қалыптасты. Бұған себеп – корона­вирус инфекциясының таралуына байланысты ЖОО сту­дент­терін қашықтан оқыту жүйесіне көшіру және олардың жатақханада қалмай, басқа өңірлердегі өз үйлеріне қарай жолға шығуы. Оның үстіне тасы­мал­дау­шылар билет құнын көтеріп жіберді деген де ша­ғым айтылды. Біз мәселенің мән-жайын білу мақсатында автовокзал әкім­­шілігіне хабарластық.
«Бізде негізгі бағыттар – оң­­түстік аймақтар – Тараз, Шым­­­кент және Қызылорда. Мы­­салы, жай күндері Қызы­лор­­даға 2 автобус жөнелтілетін бол­са, өткен жұма күні – 11, сен­біде – 18 және жексенбіде 17 автобус жө­нелттік. Бұл жер­де қалып­тас­­қан жағдайға түсініс­тік­пен қарау керек, өйткені автобустар бір бағытта ғана адам тасып жатыр. Қайтарда бос келеді. Кү­ніне екі-ақ автобус жөнелтіп отыр­ған тасымалдаушы бірден 20 ав­то­бус шығарып бере алмайды. Дегенмен жан-жақтан артық автобус іздестіріп, адамдарды та­сы­­­малдап жатырмыз. Ең қиын күн­дер артта қалды деп ой­­лай­мын. Өткен жұма, сенбі, жек­сенбі күндері жолға шыққандар көп болды. Қазір жағдай реттеліп келеді», – дейді «Сайран» ха­лықа­­­ралық автовокзалы тасы­мал­­дау бөлімінің басшысы Ер­лан Әбілдаев.
Реті келіп тұрғанда авто­бус­тар­дың жол жүру бағасының кө­те­рілуі жайында да сұрап біл­дік. Автовокзал өкілі билет құны ша­мамен 20-25 пайыз­ға қым­бат­тағанын жоққа шы­ғар­­­мады. Өз кезегінде оның қымбаттау себебін түсіндіріп өтті.
«Мәселен, 6 000 теңгенің жол жүру билеті қазір 7 200-7 800 теңгеге сатылуда. Себе­бі ав­то­­бустар қайтарда бос келіп жа­тыр. Автобустар 1 200 ша­қы­рым жолға тек жағармайдың өзіне 60-70 мың теңге жұмсайды. 10 автобусты жолға шығару үшін 1 миллион 200 мың теңге тек қана жағармайға керек. Оған қо­сымша жүргізушілердің жа­­лақысы, тамақтануы бар. Авто­бус­тар ақшасын бірден ала ал­майды. Ақша тек банктер ар­қылы төленеді. Сенбі, жек­сен­бі банктердің жұмыс істемеуі де біраз әбігерге салды. Дүйсенбі, сейсенбі тасымалдаушыларға ақ­шалары аударылады. Сон­дық­тан жағдайға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз», – дейді Ерлан Әбілдаев.
Жолаушы тасымалы мәсе­ле­­сінде ең қиын күндер артта қа­л­­ды деуге болады. Қазір жағ­дай қалыпқа түсе бастады. Көп­ші­лікті қызықтырар тағы бір мә­селе – автобустардың сани­тар­лық нормасына қанша­лық­ты көңіл бөліп жатқаны. Ер­лан Әбілдаевтың айтуынша, авто­­­бустардың бәріне сани­тар­­лық өңдеу жүргізіледі. Екі ап­таға жететін өңдеу мате­риал­да­ры бар. Санитарлық өңдеу ма­териалдарымен әкімшілік қам­­тамасыз етіп отыр. Теміржол, автовокзалдарда бұл жағынан ешқандай тапшылық жоқ. Тағы бір айта кетер жайт, жолау­шы­лар­дың алда келе жатқан мереке күн­деріне алдын ала алып қойған билеттері олардың сұранысына қарай қайтарылып берілуде.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ