Түркістан облысында жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылып жатыр
Түркістан облысында жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылып жатыр
269
оқылды
Түркістан облысында жалған ақпарат таратты деген күдікпен 3 азаматтың үстінен тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, олар коронавирусқа байланысты дұрыс емес мәлімет таратты деген күдікке ілінген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметін өткен брифингте Түркістан облысы Полиция департаментінің бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев мәлімдеді. «ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» деп аталады және оның санкциясында 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көрсетілген. Мәселен, облыста Мақтаарал, Шардара аудандары мен Кентау қаласында 3 дерек тіркелді. Олар коронавирусқа байланысты жүріп жатқан оқу-жаттығу жұмыстарын ұялы телефонға түсіріп, сол өңірлерде оба тарап жатыр деген мағынада бейнематериалдарды әлеуметтік желілерде тарқатқан. Қазір тергеу амалдары жүруде», - деді Әбдіғани Тойшыұлы. Сонымен қатар, аталған заң бойынша қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату – бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көрсетілген. Тельман Бейсенов