Трактор да, тракторшы да таптырмай тұр
Трактор да, тракторшы да таптырмай тұр
539
оқылды
«Әй, сен оның өзімен емес, әйелімен сөйлес, солай ғана келістіресің». Бұл түнеугүні ауылға барғанда шай үстінде естіген әңгімем. Інім трактор айдайтын адамның жалданып жұмыс істеуге келіспей жатқанын айтқан. Оған әкемнің айтқан ақылы жоғарыдай болды. Иә, бұрын ауылға бара қалсақ, ес­титініміз мал бағатын адамның аздығы болса, енді оған тракторшы қосылыпты. Бір жағынан жаздың ыстығы, күздің қара суығы тоқтау­сыз трактор жүргізу де оңай жұмыс емес. Оған қоса, ауыл­дағы техни­ка­ның дені ескі. Ауылдағы бұ­рын­нан келе жатқан кәсіби ме­хани­заторлар ескі техниканы жамап-жас­қаумен-ақ қартайғаны рас. Жастарға келсек, 40-60 мың теңге­нің айнала­сындағы айлыққа жұ­мыссыз жатқан жанның өзі де бара қоймайды. Одан жоғары жалақы төлеуге шаруашылық иесінің қалтасы көтере бермейді. Себебі табыс көзі мал болсын, егіншілік болсын, өнімнің жемісін алатын кез – күз. Яғни, қыстан шыға ша­руасы бастан асатын фермер жұмысшыға күзге дейін көп артық қаражат тауып бере алмай­ды. Мал шаруашылығын қолға алған ша­руа төрт түлігін бағатын малшы тап­пай бір әуреге түссе, қысқы жемшөпті дайындау үшін тракторшыны іздеп сабылып жүргені. Ал ауылда жұ­мыссыз жатқан еркектің бәрі жоғарыда айт­қандай әйелін тыңдап, трактор жүргі­зуге келісе бермесі анық. Жақында «Атамекен» ұлттық кә­сіпкерлер палатасы жариялаған деректі көзіміз шалды. Бүгінгі күні елімізде 150 мыңдай маман же­тіспейді. Оның ішінде ауылдық жерлерде тапшы маман трактор­шы да бар. Кәсіпкерлер пала­тасы 600 мың­дай кәсіпорын арасында са­уалнама жүргізіп, негізінен маусым­дық мезгілде жұмысшы жетіспей жататынын анықтапты. Расында да, электронды еңбек биржасы­ның сай­тына (enbek.kz) кіре қал­саңыз да алдыңыздан шығатын сұраныстар тізімінде тракторшы, агроном, малшы, жалдамалы жұмысшыға сұраныс көп екенін байқауға болады. «Ата­мекен» ҰКП Түркістан облы­сын­дағы бір ғана Мақтаарал ауда­нында үш мыңдай тракторды жүр­гізетін маман та­былмай отыр­ғанын мәлімдеді.  

ТОЗҒАН ТЕХНИКАНЫ ЖАҢАРТУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

Елімізде ауылшаруашылық техни­каларының ескіргені жайлы жазылып та, айтылып та жатыр. Ресми мәліметке сүйенсек, рес­публикадағы пайдаланып жүрген комбайн, тракторлардың 70-80%-ы нормативті пайдалану мерзі­мінен асып кеткен. Агротехника парктің жыл сайынғы жаңартылуы 1,5% деңгейінде. Яғни, негізгі норма­тив – 6% болуы керек. Айта кету керек, ауыл шаруа­шылы­ғына қажетті техниканы лизингтік бағдарлама арқылы бе­ру қолға алынған. «ҚазАгро­Қар­жы» АҚ-ның мәліметіне қара­сақ, Қазақстанда 2000-2019 жыл­дар аралығында лизингпен 46 мың агротехника беріліпті. Жыл сайын бағдарламаға мемлекет қазы­на­сынан бөлінетін қаражат көлемі де көбейіп келеді. Сонымен қатар лизинг арқылы 7 жылға қайтару мерзімімен сатып алған трактор, комбайн құнының 10-25%-ын Үкі­мет субсидия есебінен қайта­рып береді. Десе де, оған ірі ­ша­руа­шылықтар болмаса, көп фер­мердің қолы жетпей отыр. Өйт­кені шаруа­шылық көлемі үлкей­ген сайын техника да көбірек қажет болатыны рас.  

ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ МЕ?

Бүгінгі күні еліміз агроөнер­кә­сіпке қажет техникаларды құ­рас­тыруды қолға алғаны белгілі. Мә­селен, Бела­русьтің МТЗ мар­калы тракторының бір­неше түрін өзімізде жинап, пайда­лануға беріп жатқанымызға біраз уақыт өтті. Одан бөлек, 2007 жылдан бастап Көкшетауда құрастырылатын Ресейдің Ростсельмаш компа­ниясының RSM 2375 тракторын ірі шаруашылықтар пайдаланып жүр. RSM 2375 тракто­рының ба­ғасы қымбат болғанымен, номи­налды қуаты жоғары, қазір 380-405 аттың күшіне тең екі түрі шы­ғары­лады. Сондай-ақ Рост­сель­маштың VECTOR 410 ком­байндары да біздің фермерлерге аса танымал техниканың бірі. Былтыр Премьер-Министр Ас­қар Мамин Ресейге барған са­парында Ки­ров атындағы зауытқа арнайы барып, «Кировец» тракто­рын Қазақстанда құрастыру жө­нінде келісім жасасып келген. Өйт­­кені РФ Кеденнен өткізу үшін утилизациялық алымдар жиынты­ғын енгізген соң оның бағасы қым­­­баттап кетті. Мысалы, бұрын құны тең­геге шаққанда 50 млн бол­са, утили­зация қосылған соң 60-62 млн теңгеге шығып кетті. Осы­лай­ша, биылдан бастап К-4 және К-7 «Кировец» трак­торларын Қоста­найда шығарғалы отырмыз. Сұра­нысқа қарай, болашақта жы­лына 250 дана трактор шығарыл­мақ. Мемлекеттік қолдаудың арқа­сында 2014 жылдан бастап Қа­зақстанға импортталатын ауыл шаруашылығы техникаларының көлемі біртіндеп азайып келеді. Бұл отандық агротехника құрас­тыру жұмысының артуымен тіке­лей байланысты. Дегенмен қазіргі күні бізде отандық агротехникамен қамту көрсеткіші 40%-ға жетпейді. Ал Ресейде ауылшаруашылық ма­шиналарының тең жартысы отан­дық өндіріс өнімі болса, Бела­русь­те – 90%, Өзбекстан – 80%. Сол себептен де жыл сайын қазақ­стандық фермерлер шетел­дік қымбат техникаларды сатып алуға 180 млн доллардай жұмсайды екен. Шаруа қожалықтарының барлы­ғының бірдей немістің CLAAS концерні және кана­далық John Deer компаниясы секілді сапалы техниканы сатып алуға қолы жете бермейді, оларды алуға фермер­лер­дің тек 15% қауқарлы. Себебі ондай қымбат маркалы техника­лар­дың құ­ны – 120-150 млн тең­ге­нің аралығында. Дил­лерлік ком­паниялардың ақпара­тына қара­ған­да, Қазақстан 2017-2018 жылдары 259 комбайн мен 199 трактор им­порттапты. Қалған 85% шаруашы­лықтар қостанай­лық «Есіл» немесе ресейлік «Век­тор» комбайндарын 35-50 млн теңгеге сатып алады, сон­дай-ақ оның 25% сомасын мем­лекет субси­дия есебінен қайтарады.  

ТЕХНИКА ҚҰРАСТЫРЫЛҒАНМЕН ТІРКЕМЕСІ ЖОҚ

Наурыз айының 10-13 аралы­ғында Нұр-Сұлтан қаласында агротехникалар көрмесі өткізілді. Заманауи техникалар мен құрал-жабдықтар келушілер назарына ұсынылған. Шетелдің дейсіз бе, отандық өнім дейсіз бе барлығы қойылды. Бізді қызықтырғаны Қоста­н­ай құрастыра бастаған «Ки­ровец» тракторы болды. Ке­ңес Одағы кезіндегі белгілі К-700 тракторының жаңар­тылған нұс­қасы қуат-күші жағынан бұрынғы «сары трактордан» артық. Қызыл «Кировецтер» адамға жайлы, кон­диционері бар, жүрісі жұмсақ (ре­сорлы). Ең үлкен ерекшелік қуат-күші жағынан жоғары 300-428 аттың күші бар. Бағасы да бар­шылық – 50 млн теңге. Де­ген­мен оның 25%-ын Үкімет субси­диялайды, қалғанын жеті жыл ішінде қайтарасыз. Әйтсе де, көрмеден байқаға­нымыз, негізінен егін шаруашы­лы­ғымен айна­лысатын фермер­лер­ден жаңа техникаға сұраныс көп екен. Соған орай, салаға ар­налған заманауи техниканың, аг­регаттың да түрі көп. Жер жыр­татын, тыр­малайтын, суаратын сан түрлі тех­ника қаптап тұр. Ал мал шаруашы­лығына арналған техникалар – трактор түрлері, шөп шабатын, таситын, жинай­тын агрегаттар жоқтың қасы. Се­бебі Қазақстанда трактор, ком­байн түрлерін құрастырғанымен, оларға қо­сымша тіркеме техника жинасты­рыл­майды. Тек Ресейден, Беларусьтен, т.б. елдерден әкелі­нетін жабдықты сатып алуға тура келеді. Әрине, сырттан кір­ген соң бағасы да қымбат. Оның үстіне, трактор, комбайнның өз басы бол­маса, оған қосымша агре­гат­тарға субсидия қарастырылмаған. Сондықтан отандық өндірушілер осы жағына да көбірек мән берсе дейміз.   Сәбит ЖАНАЛИН, маркетолог:
– «Біздің диллерлік компанияға шөп шабатын тіркемеге көп тапсырыс түседі. Негізінен Ресейден, Польшадан, Түркиядан әкелеміз. Түркия мен Польшадан келетін түрі роторлы шөп шапқыш деп аталады, қымбат болса да ірі шаруашылық иелері соны алады, сапалы, технологиялық мүмкіндігі жоғары деп. Бағасы 1 млн теңгеден жоғары. Ал трактордың тіркемелері шаруашылықтарда мүлдем ескірген. Мәселен, қазір Қостанайда құрастырып жатқан «Кировец» тракторына тіркейтін ПТС-9, ПТС-12 тіркемелері (9-12 тонналық) аса қажет. Алайда ол бүгінде Ресейдің Мордовия аймағында ғана шығарылады. Соңғы жылдары, әсіресе малдың жемшөбін дайындауға қажетті тіркеме техникаларға сұраныс артып отыр. Сондықтан бұл мәселені тезірек реттеу керек деп білемін.
 

Бауыржан БАЗАР