Экологиялық сенбілік – халық бірлігінің белгісі болды.
5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні Маңғыстауда атап өтілді
баспасөз орталығы
402
оқылды

«Қазақстанның Экологиялық қоры» қоғамдық қоры, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен және Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қаржылық қолдауымен 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай бірқатар экологиялық іс-шаралар өткізді, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты. 

Аталған шаралар «Эко-Маңғыстау: халықты қоршаған ортаны қорғауға және өңірдің тұрақты дамуына тарту» жобасы аясында жүзеге асырылды. Жобаның негізгі мақсаты – өңір тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыру және табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастыру. 

Іс-шаралар аясында өңірде кең көлемді экологиялық сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікке 100-ден астам адам – жергілікті тұрғындар, еріктілер, ұйым өкілдері және жастар қозғалыстары қатысты. Қатысушылар жағалау аумақтарын, қоғамдық орындар мен демалыс аймақтарын тазартуға белсенді үлес қосты. Бірлесе жасалған бұл жұмыс табиғатқа жанашырлықтың жарқын үлгісіне айналды.

Ортақ мақсат – таза болашақ. Нәтижесінде өңірдегі бірқатар экологиялық аймақтар тазартылды. Қатысушылар қоршаған ортаны сақтау әр азаматтың парызы екенін айтып, табиғатты қорғауға шақырды. Бұл бастама өңір халқының табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сананы нығайтуға ықпал етті.

Айта келе, 5 маусым күні өткен іс-шаралар табиғатқа деген жанашырлық пен бірлік арқылы үлкен нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсетті. Қоршаған ортаны сақтау – бүгінгі емес, болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз.