Семейге 125 мың бетперде жете ме?
Семейге 125 мың бетперде жете ме?
281
оқылды
Семейде күніне 125 мың дана бірнеше рет қолдануға болатын медициналық бет­пер­де шығарылып жатыр. Бұл жеке қорғаныш заттарына деген облыс тұрғындарының сұранысын толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Бірнеше рет қолданылатын бет­перделермен ең алдымен ме­дицина қызметкерлері, зейнет­керлер, балалар, студенттер, мұ­ғалімдер және кәсіпорын қыз­мет­керлері қамтамасыз етілмек. Бүгінгі күні қаладағы бір ғана ті­гін кәсіпорнында істейтін бар­лық 70 адам бетперде тігумен айналысып жатыр. Бірнеше қабат дәкеден тігілген бетперделер жууға өте ыңғайлы және термо өңдеу кезінде пішінін өзгертпейді. Әрбір тігіншінің бір ауысымдағы жұмыс жоспары – 500 бетперде. Кәсіпорын қажетті материал­мен толық қамтамасыз етілген. Дәкені келісімшарт бойынша Өзбекстан мен Ресейден жеткізіп отыр. Қазірдің өзінде 80 тонна материал тігін цехына жеткізілген.
– Бүгінгі күні Иванов фабри­касымен, Өзбекстанмен шикізат жеткізу мәселесі бойынша келісім жүргізіп жатырмыз. Тығыздығы 30-шы және 36-шы дәкелерден бірнеше қабаттап тігеміз. Бірнеше рет қолдануға болады. Фабриканы материалмен қамтамасыз етеміз. Өздеріңіз көріп тұрғандай бәрі жұмыс істеп тұр. Келісімшарт жасалған, алғашқы партия ши­кізатты жеткіздік. Екіншісі үлкен көлемде болады, оны біз 26 наурызда жеткіземіз. Жүктелген міндет толық орындалады, – деп түсіндірді шикізат жеткізуші Сәуле Тағаева.
Семейдегі екінші кәсіпорында бірнеше рет қолданылатын бетперделер ғана емес, сонымен қоса шикізатты (мата мен ре­зеңкені) да өздері өндіреді. Ма­мандардың айтуынша, ең бастысы, мұнда кәдеге жаратылатын мақ­та матаның дәкеден бір артық­шылығы, беріктігі мен ауа өткіз­гіштігінде екен. Дәл қазір дәріханаларда бетперде тапшылығы сезілуде. Ал кейбір сайттарда бір реттік бетперденің бір данасын 500 теңгеден 1 500 теңгеге дейінгі аралықта саудалап жатыр. Осы орайда өзімізде өндіретін жеке қорғаныш заттарының шығарылуы өңір тұрғындарын бетпердемен толық қамтамасыз етуге және қоғамда дүрбелең туғызбауына ықпал етеді. Мамандардың ай­туынша, бетпердені 15 күннен кейін ауыстырып отырған дұрыс.
– Бірінші кезекте біз бет­пер­демен медицина саласын қам­тамасыз етеміз. Содан кейінгі кезекте біздің қарттарымыз тұр. Біз жоспарлаған жұмыстардың бәрін орындап жатырмыз. Тіпті, артығымен орындаймыз. Бұл іске басқа кәсіпорындар мен фабрикалар да қосылды. Басты мәселе белгіленген бағаны сақтау, біз бұл жағын қатаң бақылауда ұстаймыз, – деп атап өтті осыған қатысты аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Семейде өндіріліп жатқан бет­перделердің бір данасының бағасы дәріханаларда 100 теңгеден аспайтын болады. Алдағы бір аптаның ішінде бүкіл облыс тұр­ғындары жеке қорғаныш зат­тарымен толық қамтамасыз етіл­мек.   Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан