Алматы үрейге бой алдырған жоқ
Алматы үрейге бой алдырған жоқ
5,247
оқылды
Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны тағы үш адамға артып, 15-ке жетті. Қалалық қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасы басшысы Тілеухан Әбілдаев күнделікті арнайы брифинг өткізіп, жұқпалы ауруға шалдығып, ем қабыл­дап жатқандардың жағдайы туралы хабарлап отыр. Қаладағы емдеу мекемелеріндегі дәрі-дәрмек, жеке қорғаныс киімдері, зарарсыздандыру препараттары жеткілікті. Қазір қаладағы 266 орта мектепте сабақ толықтай тоқтатылған. Колледждер мен ЖОО студенттері қашықтан оқып жатыр. Қаладағы 17 Ха­лыққа қызмет көрсету орталығы қалыпты жағдайда жұмыс іс­теуде. Мұнда көрсетілетін қызметтің 90 пайы­зын онлайн алуға болады. 
«Алматыэлектротранс» тасы­мал­дау компаниясы баспасөз қыз­меті қоғамдық көлікте корона­вирустан сақтану шаралары қалай жүргізіліп жатқанын хабарлады. «Барлық жүргізушілерге маска таратылып, оны қалай қолдану керегі түсіндірілді. Олардың бә­ріне санитайзерлер мен химиялық ерітінді таратылып, қолды таза ұстауға кеңес берілді. Олар әрбір қолма-қол есеп айырысудан кейін санитайзерді қолдануы тиіс», – дейді компания өкілі.
Бақылау-тексеру басқармасы да тиісті шараларды қолға алып отыр. Кезекті жұмысқа шығар ал­дында әрбір бақылаушыға мас­ка мен антисептиктер беріледі. Инструкция бойынша олар аза­маттардан карточкасын алмауға тиіс, әрбір жолаушы тер­миналға карточканы өздері басады. Жолаушыларға автобусқа төлейтін 150 теңге жолақыны мүм­кіндігінше алдын ала дайындап қоюға кеңес беріліп отыр. Автобус терезелерін жиі ашып, желдетіп отыру міндеттелген. Қоғамдық көлік салондарына әрбір айналмадан кейін маман­дан­дырылған компания қызмет­керлері дезинфекция жасайды. Қазір қоғамдық көліктердің жүру арақашықтығы біршама сире­гені байқалады. Мұны осы дезин­фекция жұмыстары жүргізілуімен байланыстырып отыр. Қаладағы ең ірі азық-түлік дүкені болып саналатын Мамыр ықшамауданындағы «Магнумға» арнайы барып, жағдаймен та­нысып көрдік. Дүкен сөрелері то­лып тұр. Дегенмен ұн, қант, күріш, макарон, сұйық май сияқ­ты азық-түлікті молырақ алып жат­қандарды байқадық. Дүкен қызметкерлері босаған орын­дарға бірден тиісті өнімдерді әкеліп қоюда және олар алғашқы күндерге қарағанда алушылардың қарқыны басылғанын, азық-тү­лік қоры жеткілікті екенін айтты. Нан өнімдері қапталған. Тара­зылап сатылатын, шекер, күріш, печенье, басқа да азық-түлік өнім­дері 1-2 келіден арнайы пакеттерге салынған. Әйтсе де, ірі сауда ны­сандарына қойылған талаптың бірі болып саналатын нысанға маска таққандарды ғана кіргізу (маскасы болмаған жағдайда олар­ға масканы тегін беру) тала­бы орындалып жатпағанын көз­бен көрдік. Дүкен аралап жүр­ген­дердің көбі маскасыз.
«Дүйсенбі «Байсат» сауда орта­лығы жұмыс істемейді. Сейсенбі күні жұмысқа 10-да келдім. Өйт­кені сауда орталықтары 11 мен 17 аралығында жұмыс істейтіні жөнінде Жарлық шықты. Кейбір білмей ертерек сауда орнын аш­қандарға тиісті орындар айыппұл салып, біраз шу болды. «Байсат» базарында алушылардың қатары сиреген жоқ. Себебі қазір Қы­тай­дан тауар келу тоқтаған. Қара­жаты бар, алыпсатарлықпен айналысатын адамдар көбірек тауар сатып алу үшін базарда жүр. Өйткені олар 15 сәуірге дейін тауар келмейтінін біледі. Сол себепті тауарды көбірек алып қалуға тырысып жатыр. Көтерме сауда жағында жүргеннен кейін біздің көріп отырғанымыз – осы. Бұл жерде жеке өздеріне зат сатып алып жатқандар аз», – дейді «Байсат» сауда орталығында жұмыс істейтін жеке кәсіпкер Гүлжан Сабырова.
Алматы – ірі сауда орталығы. Бұл жерден жан-жаққа үнемі тауар жөнелтіледі. Сыртта жүк кө­ліктері тұр. Саудагерлер бұл жер­ден еліміздің басқа өңірлеріне тауар жіберу толастамағанын айтады.
«Сенбі-жексенбі кәдімгідей сауда болды. Дүйсенбі демалып, кеше жұмысқа қайта шықтық. Менің байқауымша, сауда жасауға келіп жатқандардың қарасы бұрынғыға қарағанда көбірек. Адамдар соншалықты үрейленіп, үйден шықпай отырған жоқ. Үрейге бой алдырып, байбалам салып жатқан ешкімді көрмедім. Көбісі маскасыз жүр. Тауар алу жағы қиындық тудырып тұр. Біз, негізінен Қытай елінен тауар аламыз. Ақшасын төлеп, тауар алып қойғанмын, бірер күнде тауарым келуі керек еді. Қазір кеден жабық. Енді қай уақытқа дейін тауар келмейтінін білмейміз. Тауар азайып жатыр. Түркиядан алайын десек, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы көтеріліп кетті. Оның үстіне, Түркияның тауарлары қымбаттау. Қымбат тауарды өткізу қиын. Біз, не­гізінен спорттық аяқ киімдер са­та­мыз. Байқауымша, сатушылар бағаны көтерген жоқ», – дейді «Адем» сауда орталығының жеке кәсіпкері Раушан Оспанова.
Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің жұмысы ауыр екенін бәріміз түсінуге тиіспіз. Алматы медицина мекемелеріне кірген және шық­қан медқызметкерлердің тем­пературасы өлшеніп, эпидемияға қарсы шаралар жасалуда. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау бас­қармасы басшысы Тілеухан Әбілдаев карантинге жабылған мекемелерде науқастармен тіке­лей жұмыс істейтін медқызмет­керлердің коронавирус инфек­ция­сын жұқтырып алу қатері жо­ғары екенін айта келіп, Алматы қала­сында штаб жұмысын баста­ған сәттен бері медициналық қыз­мет­керлер жеке қорғану құрал­дарымен, оның ішінде ар­найы костюм, респиратор, маска­мен қамтамасыз етілгенін жет­кізді. Қазіргі таңда Алматыда коро­навирус инфекциясын жұқтырған медқызметкер тіркелген жоқ.   P.S.

Astana Group компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов БАҚ өкілдеріне коронавирус инфек­циясының таралуын болдырмау мақ­сатында, сондай-ақ жалға алу­шы­лар мен келушілерден түскен өті­ніш­терді ескере отырып, MEGA сауда ойын-сауық орталықтарының жабылатыны туралы хабарлама таратты.

 

 width=Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ