Жуалыда коронавирус тіркелді деген хабарлама – жалған
Жуалыда коронавирус тіркелді деген хабарлама – жалған
5,245
оқылды
Коронавирус індетіне қатысты әлеуметтік желілерде жалған ақпарат желдей есіп кеткені жасырын емес. Мұндай қауесеттер Тараз қаласына қатысты да орын алды. Апта басында WhatsApp месенджерінде әйел азаматы көне шаһардан коронавирус дерті тіркелгені туралы аудио жазба таратқан болатын. Алайда облыстық Полиция департаменті аталған жайтты жоққа шығарды. Енді Жуалы ауданынан да осындай ақпарат тарап, артынша жергілікті билік бұл шындыққа жанаспайтындығын  мәлімдеді. – Жуалы ауданы аумағында коронавирус дерті тіркелген жоқ. Ауданымызға Германия мен Италия елдерінен келген екі азамат толықтай тексерістен өтті. Коронавирус ауруының белгілері болмауына байланысты ауруханаға жатқызылған жоқ. Бірақ, шет елден келуіне байланысты 14 күн үй карантині жағдайында оқшауланып, күнделікті медицина қызметкерлерінің бақылауында. Италиядан келген азамат 14 күн үй карантинінде болып, бүгінгі күні карантиннен шығарылды. Жалған ақпараттарға сенбеулеріңізді сұранамыз және сабыр сақтауларыңызды өтінеміз, – делінген Жуалы ауданы әкімдігінің хабарламасында.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы.