22 наурызда Нұр-Сұлтан толықтай жабылады
22 наурызда Нұр-Сұлтан толықтай жабылады
© Sputnik / Владислав Воднев
5,193
оқылды
Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен бүгіннен бастап карантин енгізілген елордаға кіріп-шығу тәртібін айтып берді.
"Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтанда карантин режимі енгізіліп отыр. Қаланың айналасында 7 блок бекет орнатылды. Қалаға кіруге және одан шығуға әлі уақыт бар. Алдағы 72 сағаттың ішінде әуе және теміржол қатынасымен қаладан кетуге немесе келуге мүмкіндік беріліп отыр. Ағымдағы жылдың 22 наурызынан бастап барлық санаттағы тұрғындарға қала аумағына кіруге және шығуға толық шектеу қойылады", - деді Мәкен бүгінгі онлайн-брифингте.
Оның айтуынша, транзиттік пойыздар қалада тоқтамайды. Ал жүк көліктері колоннамен елорданың сыртымен айналып өтеді. "Былайша айтқанда, қазір қаладан шығамын немесе осында келемін дейтін адамдарға 72 сағат беріліп отыр. 22 наурызда сағат 00:00-де кіруге де, шығуға да толығымен тыйым салынады. Блок бекеттердің бәрі жабылады. Сондықтан Нұр-Сұлтанға қонаққа келген адамдар тезірек шығып кетуі керек. Ал келемін дейтіндер кіріп алуы тиіс. 22-сіне дейін үлгермесе, карантиннің аяқталғанын күтуге тура келеді. Бұл – мемлекеттік комиссияның шешімі", – деді  Мәкен. Әкім орынбасары қала маңындағы ауылдар туралы да айтты. Оның сөзіне қарағанда, карантиндік аймаққа Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Қосшы, Жібек жолы мен Шұбар ауылдары кіреді. Ал бақылау-өткізу бекеттері осы елді мекендердің сыртында орналасқан. Сондықтан ауыл тұрғындары қалаға қатынай алады.