Б.Байбек: Елбасы бастаған аға ұрпақ елдікті қайта жаңғыртты – мемлекетіміз еңсесін тіктеді, сенімі нық, ертеңі ерен ұлт болып ұйыстық
Б.Байбек: Елбасы бастаған аға ұрпақ елдікті қайта жаңғыртты – мемлекетіміз еңсесін тіктеді, сенімі нық, ертеңі ерен ұлт болып ұйыстық
376
оқылды
«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Aikyn.kz-ке берген сұхбатында Елбасының бір жыл бұрын президенттік құзыретін тоқтатуы, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның дамуына сіңірген еңбегі және коронавируспен күресте партияның елге көмегі жайлы пікірін білдірді. 2019 жылғы 19 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз президенттік өкілеттігін тоқтатты. Бүгін осынау тарихи сәтке бір жыл толды. Содан бері елімізде болған қандай маңызды саяси оқиғаны ерекше бөліп атар едіңіз? Бұл біздің жаңа тарихымыздағы бетбұрысты тұс болды. Еліміз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Әртүрлі сарапшылар ұзақ уақыт сөз етіп жүрген саяси транзит Конституцияға сәйкес, алайда ешкім болжамаған ұтымды жолмен жүзеге асты. Елбасы бұл орайда да өзіне тән ел басқарудағы ерекше қолтаңбасынан айнымады. Ол Мемлекет басшысы ретіндегі лауазымын ел алдындағы абыройының шырқау шыңында тоқтатты. Ашығын айтсам, мұны ешкім күтпеген болатын. Бұл ретте шынайы Көшбасшының зор саяси ерік-жігері мен даналығы, халқының болашағын ойлаған, елінің қамын күйттеген мемлекет құрушы тұлғаның берік ұстанымы айқын көрінді. Елдің ең жоғары лауазымына ол өзінің сенімді серіктесі, ел ішінде және халықаралық аяда биік беделі бар саясаткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынды. Оның кандидатурасын бүкіл халқымыз қолдады. Осы арқылы азаматтарымыз бейбітшілік пен келісімді, Тұңғыш Президент қалыптастырған сара жолдың сабақтастығын таңдайтынын танытты. Елбасы өз қызметін ары қарай жаңа мәртебеде жалғастырды. Ол жаһандық міндеттерге ден қойып, Қазақстанның халықаралық аренадағы позициясын нығайтуға күш салуда. Осы уақыт ішінде шетелдік лидерлердің шақыруымен бірқатар маңызды халықаралық іс-шараларға қатысты. Түркия Президентінің ұсынысымен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Нұрсұлтан Назарбаевқа Түрік Кеңесінің Ақсақалы – өмір бойғы Құрметті төрағасы мәртебесін берді. Сонымен бірге Елбасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті Төрағасы болып сайланды. Бүкіл Қытай тарихында екінші рет Елбасымызға шетелдіктерге арналған жоғары награда – Достық ордені тапсырылды. Осыған дейін мұндай құрмет тек Ресей Президенті Владимир Путинге көрсетілген екен. Бұл – өз елі мен халқының мүддесін жан-жақты қорғай алатын жаһандық ауқымдағы саясаткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаевқа деген айрықша құрметтің нақты көрінісі. Мен «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары ретінде оның партиялық қызметін ерекше бөліп атап өткім келеді. Партия лидері осы уақыт ішінде «Nur Otan»-ға ауқымды қайта жандандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Басты назар коммуникацияның заманауи моделін қалыптастыруға аударылып, халықпен жұмыс істеу тәсілдері қайта қаралды, ішкі партиялық таңдау өткізудің жаңа құралы – праймериз енгізілуде. Халық сайлаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақыт ішінде сабақтастық саясатын дәйектілікпен жүргізуде, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салада маңызды реформаларды іске асыруда. Оның бастамасымен  «Мықты Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының үйлесімді жұмысы қамтамасыз етілді. Бүгінде мемлекеттік институттар бүкіл әлемді шарпыған коронавирус індетімен тиімді күресуде. Қазақстанда Мемлекет басшысының жетекшілігімен қолға алынған батыл шаралардың арқасында вирустың тежеусіз таралуына жол берілмеді. Бұл біздің мемлекеттік басқару жүйесінің пәрменділігін көрсетеді. Әрине, еліміз үшін де, бүкіл әлем халқы үшін де күрделі кезең туып отыр. Дүниежүзілік экономика құлдырауда. Жұдырықтай жұмылған халқымыз бұл сынақты да еңсеріп, одан мықты әрі бірлігі нығайып шығатынына сенімдімін. Қазір еліміз коронавирустың өршуіне байланысты күрделі ахуалды бастан кешіруде. Бұқаралық ақпарат құралдарында Елбасының тапсырмасымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қоры және Nur Otan партиясы коронавируспен күреске қаражат бөлгені туралы ақпарат жарияланды. Бұл қаражаттың қайда жұмсалатыны туралы таратып айтып беріңізші. Адамдарға қандай көмек көрсетіледі? – Бүгінде әлемнің бүкіл елі дерлік коронавируспен белсенді күрес жүргізуде. Өкінішке қарай, бұл індет бізді де айналып өтпеді. Адамдардың қалыпты тіршілігі өзгерді – елімізде алғаш рет төтенше жағдай енгізілді, екі ірі қалада карантин жарияланды. Премьер-Министрдің төрағалығымен Мемлекеттік комиссия қалыптасқан ахуалға орай тиісті шараларды қабылдауда. Сонымен бірге біз тап осы тұста ауызбіршілік көрсетіп, өз қауіпсіздігіміз бен жақындарымыздың амандығы үшін жауапкершілік танытуымыз керек. Коронавируспен күрестің тиімділігі әрқайсымызға, әрбір азаматтың саналы әрекетіне байланысты болмақ. Сондықтан осынау қиын кезеңде Елбасы, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бастамасымен ерекше мұқтаж қазақстандықтарға және пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге қолдау көрсету үшін республикалық акция басталды. Акция аясында Тұңғыш Президент қоры 200 миллион теңге бөлді. Бұл қаражат медицина қызметкерлеріне сыйақы беруге, қосымша медициналық маскалар мен залалсыздандырғыш құралдар сатып алуға жұмсалады. Қаражаттың бір бөлігі балалар үйлері мен мамандандырылған ауруханаларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталады. «Nur Otan» өз кезегінде «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары аясында мұқтаж жандарды антисептикалық құралдармен және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз ету үшін 150 млн теңге бөлді. Партияның Орталық аппараты мен филиалдарының қызметкерлері осы акцияны қолдап, вируспен күреске өздерінің біркүндік жалақыларын аударды. Мен ерікті түрде жалғыз басты қарттарға, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы әлеуметтік пакеттерді үлестіруге атсалысқан «Jas Otan»-дық волонтерларымызға дән ризамын. Шынайы патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік тап осындай сын сәттерде көрінеді. Елбасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдегі жағдайды барлық уақытта өзінің жіті бақылауында ұстап отырғанын білеміз. Әлемдік пандемияның, ғаламдық экономиканың тұрақсыздығының әсерінен туындаған қазіргі ахуалды еліміз Тәуелсіздігін алған 90-жылдардағы қиындықтармен ұқсас деген пікірлер айтылуда. Ол кезде қандай мәселелер болғанын еске түсіріп, олар Елбасының басшылығымен қалайша шешілгеніне тоқталсақ? – Нұрсұлтан Әбішұлының саяси лидер ретіндегі ерекшелігінің бірі – ол елімізді және қоғамды күрделі кезеңдерге дайындауға ерекше назар аудара отырып, әрқашан болашаққа бірнеше жылдар алдын ала қарайтыны. Осының нәтижесінде бүгінде біздің Ұлттық қорымыз және 90 млрд АҚШ долларын құрайтын алтын-валюта қазынамыз бар. Яғни, бүгінде Қазақстан күрделі мәселелерді шешуге дайын. Ол кезде мұндай мүмкіндіктер болған жоқ. Қазіргі ахуалдың 90-жылдармен салыстырғандағы ең басты ерекшелігі осында. Елбасының мемлекетті дамытудағы рөлі туралы айтқанда, ең алдымен мұның бәрі қалай басталғанын еске түсіру маңызды. Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде Қазақстан қандай жағдайда болды және Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен қандай жолдан өтті, осыған тоқталғанымыз жөн. Еліміз дербес дамуын басқа посткеңестік мемлекеттермен қатар бастады және біздегі жағдай басқаларға қарағанда жақсы болды деп айтуға болмайды. Ашығын айтқанда, жағдай өте нашар еді – тоқырауға ұшыраған экономика, шарықтаған инфляция, ішкі жалпы өнімнің құлдырауы, бюджет тапшылығы, халық табысының күрт төмендеуі, жаппай жұмыссыздық етек алған. Сонымен қатар Қазақстанда ауқымды этносаралық кикілжіңдер орын алады деген сәуегейлер де болды. Таулы Қарабахтағы, Тбилисидегі, Приднестровьедегі, Балтық жағалауы елдеріндегі, Ферғана даласындағы қанды қырғындарды, Тәжікстандағы соғысты ескерсек, бұл болжам шындыққа жанасатын еді. Біздің елімізді демографиялық құлдырау күтіп тұрды. Қазақтардың саны өз жерінде 39%-ақ болды немесе бар-жоғы 6,5 миллион адамды құрады. Бұл соңғы 100 жылда орын алған трагедиялық оқиғалардың салдары болатын. Олар ұжымдастыру, жаппай саяси қуғын-сүргін және ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс және басқалары. Өткен ғасырдың тек 20-30-жылдарының өзінде біз халқымыздың жартысына жуығынан айырылдық. Бұдан бөлек, екінші дүниежүзілік соғыс майданында 600 мың адам көз жұмды. Біздің әжелеріміз, аналарымыз ерлерінсіз жалғыз өзі тұтас бір ұрпақты тәрбиелеп өсірді, қатарға қосты, қираған елдің еңсесін көтерді. Мектептердің тек 30%-ы ғана қазақ тілінде білім берді. Есіңізде болса, оңтүстік астанамыз Алматыда осындай бір ғана мектеп болатын. Қазақстаннан адамдар жаппай көше бастады. Біз технологиялық тұрғыда ең кенже қалған республиканың бірі едік. Барлық транспорттық маршруттар бір ғана мақсатқа жұмыс істеді – шикізатты тасымалдады. КСРО-дан бізге Аралдың тартылуы, 500 жерасты және жерүсті жарылыс болған Семей полигоны секілді ірі экологиялық проблемалар «мұра» болып қалды. Оған қоса, Қазақстанды әлемде ешкім білмеді. Біздің шекараларымыз шегенделмеген еді. Инвесторлар елімізге келіп, ақша салудан бас тартып жатты. Сондықтан қазіргі қиындықтарды нақты шекарасы анықталмаған, мемлекеттік институттары толық жұмыс атқармаған Тәуелсіздік таңындағы Қазақстанның жағдайымен салыстыруға мүлдем келмейді. Елбасы жетекшілік еткен ұлтымыз ғаламат кедергілерді еңсеріп қана қоймай, өзінің Тәуелсіздігін, мемлекеттілігін бекем етті, қиындығын артықшылығына айналдырды. Барлығын атап өтпей, тек ең маңыздыларына тоқталайын. Қазақстан 300 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартты, бұл аймақтағы ең жоғары көрсеткіш. Бізде жекеменшіктің болмауына қарамастан, ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 27 пайызға жетті. 12 мың шақырым жол салынды және қайта жөнделді. Бұл астанамыздан Алматыға 10 рет барумен пара-пар қашықтық. 2,5 мың шақырым теміржол төселді. «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында жылына 5 миллиард долларға бағаланатын Қазақстанның транзиттік әлеуеті артып келеді. Қазақстанға 1 миллионнан аса отандасымыз оралды. Бүгінде халық саны 18,5 миллион адамды құрап отыр. Біз әлемнің барлық дерлік мемлекеттерімен әріптестік қарым-қатынастамыз. Елбасы құрылуына түрткі болған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы,  Еуразия экономикалық одағы еліміздің стратегиялық қауіпсіздік мүддесіне қызмет етеді. Қазақстан – ТМД елдерінің арасында Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізген жалғыз мемлекет. Қазақстандықтардың мақтанышы – жаңа астанамыз Сарыарқа төсінде орын тепті. Мұның барлығына халықтың бейбітшілігі, келісімі және бірлігінің арқасында қол жеткіздік. 90-жылдары Батыс сарапшылары Қазақстан ірі ішкі қақтығыстарды бастан кешіреді, соның бір себебі ұлтаралық қақтығыс болуы мүмкін деп болжам айтқаны бәріміздің есімізде. Бізді, тіпті Орталық Азиядағы жалын құшағына оранатын ел деп атағандар да болды. Әрине, ондай долбарлардың ешбірі де орындалмады. Елбасы «әралуандықтың бірлігі» формуласын жүзеге асырып, біздің көпэтносты халқымыздың басын қоса білді. Жуырда Қордайда болған оқиға этносаралық келісім тұрақты назарды талап ететін күрделі жұмыс екенін көрсетті. Таяуда аймақтарға жасаған сапарым барысында Масаншы ауылының тұрғындарымен кездестім. Олар сол күндері бастан кешіргендерін баяндап, бейбітшілік пен келісімге жететін еш нәрсенің жоқ екенін ортаға салды. Аталған құндылықтарды сақтамасақ, онсыз ешбір даму болмайтыны айдан анық. Елбасы және Президент тұрақтылық пен ұлтына қарамай барлық қазақстандықтардың тең құқығын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың қалтқысыз басымдығы екенін нақты кесіп айтты. Тәуелсіздіктің барлық жетістіктері біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Қоғам мұны бұрыннан бар қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастады. Шын мәнінде, ғасырға тең ұзақ жол артта қалды. Бұл жол оңай болған жоқ. Елді алға жылжытқан, қуатын арттырған күнделікті маңызды шешімдер, қателіктер мен тәжірибелердің кезеңі болды. Осы үшін Елбасы бастаған аға ұрпаққа алғыс айтқым келеді. Олар елдікті қайта жаңғыртты, мемлекетіміз еңсесін тіктеді, сенімі нық, ертеңі ерен ұлт болып ұйыстық. Нұрсұлтан Әбішұлы Рас, Қазақстан Тәуелсіздік жылдары тар жол, тайғақ кешуден өтті. Ұлтымыз мақтануға тұрарлық себеп бар. Кеңес құрсауынан бірге шыққан елдердің барлығы осындай жоғары нәтижеге жете алмағанын уақыт көрсетті. Сіздіңше, «Елбасы моделінің» табысы мен ерекшелігінің құпиясы неде? – «Елбасы моделі» ұғымы сарапшылар мен ақпараттық ортада толық орнықты. Бұл бірнеше ұтымды шешімдердің жиынтығы. Оның қатарында Нұрсұлтан Әбішұлының кәсіби және жеке қасиеті, саяси беделі, тарихтың даму барысын бағамдай білу қасиеті, үлкен өмірлік тәжірибесі бар. Сондай-ақ стратегиялық ойлау қабілетін, парасаттылықты, саяси қырағылықты, тиімді жұмыс тобын жасақтай білу қабілетін, адамдарты танып, оларға сене білуін де атап өткен жөн. Ал ең бастысы – жауапкершілікке негізделген лидерлік. Осы тұста тағы бір маңызды мәселеге назар аударғым келеді. Жауапкершілікке негізделген лидерлік, ең алдымен үздіксіз ілгерілеу барысында көрініс тапты. Бұл тұрақты трансформациялық процесс, мемлекеттегі терең жүйелі реформа. Тек конституциялық реформаны, нарықтық экономика мен жекешелендіруге өтудің күрделі кезеңдерін, шекараның делимитациясы мен демаркациясын еске алсақ жеткілікті. Бұл – ел экономикасының дамуына қуатты қарқын берген астананы көшіру туралы шешім үшін саяси жауапкершілік. Бұл – Ұлттық қорды құрудағы Елбасының саясаткер және стратег ретіндегі келешекті бағамдай білуі. Бұл – «Болашақ» халықаралық стипендиясын енгізу арқылы жас басқарушылар буынын қалыптастырудың маңыздылығын терең түсіну. Мемлекеттік аппараттың жаңаруы мен жасаруы мыңдаған жас азаматтың өз әлеуетін көрсетуіне мүмкіндік берді. Сол кезде қабылданған көптеген шешімдердің қарсылыққа тап болғанын да білеміз. Алайда уақыт өте келе қарсы шыққандардың өзі Елбасының жақтастары мен мүдделестеріне айналды. Дәл осылай біздің партия Елбасы реформаларының бағытын қолдау бойынша жалпыхалықтық коалиция негізінде құрылды. Кейінірек ол елді жаңғыртушы жетекші күшке айналды. Елбасыға кей жағдайда мемлекет мүддесі үшін көпке жаға бермейтін шешім қабылдауына тура келді. Біреулер сан-саққа жүгіртіп, дауласып жатқанда, ол нақты қадамдар жасап, өз реформаларын жүзеге асырды. Бүгін фактілерді бұрмалап, жетістіктерге күмән келтіріп, ақты қара деуге тырысатындар да бар. Әрине, кейде бәрін өз деңгейінде орындау мүмкін болмаған шығар. Бірақ орасан зор жұмыстар атқарылды. «Аузымен орақ орғанның белі ауырмайды» дейді халқымыз, ал «жол азабын тек жүрген білер». «Бір адамның жаққан отына он адам жылынады» дегендей, атқарылған істің игілігін бүгінде ел көруде. Бүгінде бұл курс жалғасуда. Сонымен қоса ол халықтың қолдауына ие болып, мемлекеттік саясаттың өзегі ретінде қалыптасты. Шындығын айтқанда, біздің елімізде реформалар легі еш тоқтаған емес. Себебі оның барлығы азаматтарымыздың заңды мүддесі, игілігі үшін жасалды. Тұңғыш Президенттің тағы бір ерекше қасиеті – кез келген жағдайдан қиыннан қиыстырып, сара жол таба білуі. Бұл «Nur Otan» партиясының саяси платформасындағы центризм идеологиясында көрініс тапқан. Назарбаев моделінің табысы – оның келешекті дәл болжап, күтпеген шешімдер ұсынуында, өзіне жауапкершілік алып, реформаларды аяғына дейін жеткізуінде.

Cұхбаттасқан Әлихан Исман