Қарағанды облысында ірі сауда орталықтары жабылды
Қарағанды облысында ірі сауда орталықтары жабылды
©abzalkz.kz
431
оқылды
Қарағанды облысындағы ірі ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері қызметін уақытша тоқтатты. Азық-түлік сатпайтын бутиктер мен базарлар жабылды. Ал сауда үйлерінің ғимараттарында орналасқан дәріханалар мен супермаркеттер қысқартылған жұмыс күніне өтті, 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс жасайды. Барлық сауда үйлерінде қолды антисептиктермен өңдеуге арналған аппараттарды орнату міндеттелді. Әрбір сатып алушыдан кейін арбаларды және себеттерді дезинфекциялау қажет. Едендерді, лифттерді, эскалаторлардың тұтқаларын, үстелдер мен орындықтарды дезқұралдармен әрбір үш сағат сайын өңдеу қажет. Қазіргі уақытта кәсіпкерлердің қызметін тоқтату кезінде туындаған ілеспе проблемаларды шешу нұсқалары пысықталуда. Облыстың санитарлық бас дәрігері «Коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу шаралары туралы» Қаулысына қол қойды. Қала және аудан әкімдеріне медициналық ұйымдарда, қарттар үйлерінде, балалар үйлерінде, әлеуметтік оңалту орталықтарында және басқа да мекемелерде толық карантин мен күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді қамтамасыз ету ұйғарылды. Сауда орталықтарының қызметкерлері маскалармен және бір рет қолданылатын қолғаптармен қамтамасыз етілуі тиіс. Кезекте бес адамнан артық жиналуына жол берілмейді, ал сатып алушылар бір-бірінен кемінде бір метр қашықтықта болуы тиіс. Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді буып-түюсіз сатуға рұқсат етілмейді. Тамақ өнімдері, көкөністер мен жемістерден басқасы, өлшеп оралған күйінде сатылады. Санитарлық-карантиндік іс-шаралардың сақталуына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі. Қарағанды облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 2 оқиға тіркелді.

Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы