Алматыда коронавирус жұқтырған 20 пациенттің денсаулығы қанағаттанарлық
Алматыда коронавирус жұқтырған 20 пациенттің денсаулығы қанағаттанарлық
5,193
оқылды
Алматы қаласындағы эпидемиологиялық ахуал және коронавирус жұқтырған науқастардың қазіргі жағдайы туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев онлайн-режимде мәлімет берді.
– Алматы қаласында коронавирус жұқтырған тағы үш науқас тіркелді. Бүгінгі таңда қаланың жұқпалы аурулар ауруханаларында коронавирус жұқтырған барлығы 22 пациент ем қабылдап жатыр.
Cоңғы тіркелген үш пациенттің алғашқысы шет елден келген тұрғындармен байланыста болған Алматы қаласының тұрғыны. Оның ағзасынан құрғақ жөтел, тамақтың жыбырлауы, кеуде тұсының ауырып, құлақтың бітелуі сынды симптомдық белгілер байқалған соң, 18 наурызда COVID-19 сынамасына анализдер алынған. Кеше аталған пациент ағзасынан коронавирус инфекциясы анықталып, ол дереу стационарға оқшауланды. Екінші пациент Берлин — Алматы чартерлік рейсінің бортсерігі. 12 наурызда ұшып келген бойда жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Үшінші пациент — 1997 жылы туған ер адам 19 наурызда түнде Париж — Минск — Алматы бағытымен ұшып келді. Провизорлық госпитальға жатқызылды. Қазіргі таңда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды. Бүгінгі таңда коронавирус жұқтырған 20 пациенттің денсаулығы қанағаттанарлық. Ал екі науқас орта ауырлық жағдайда.
«Қазір қала бойынша провизорлық госпитальдарда карантинде – 696 адам, ал үй карантинінде 1108 адам бар», – деді Т. Әбілдаев.