Еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бас­тамасымен қазақ күресінен AMANAT BARYSY турнирі өтті. Облыстық партия филиалының «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткізілген кеңауқымды турнирге өңірдегі барлық аудан мен қаладан 25 балуан қатысты.
AMANAT BARYSY турнирі өтті
126
оқылды

Ұлттық рухты көтеретін жарыстың ашылуы Төлеби ауданы Леңгір қала­сын­да­ғы «Тағай» спорт кешенінде өтті. Жас­тарды жаны мықты, тәні шымыр болуға же­телейтін жарыстың ашылуына «AMANAT» партиясы Түркістан об­лыс­тық филиалының төрағасы, облыстық мәс­­лихаттағы фракция жетекшісі Ал­тын­сары Үмбетәлиев, Түркістан об­лыс­тық денешынықтыру және спорт бас­қар­масының басшысы Ғалымжан Ху­дияров, Төлеби ауданының әкімі Ерке­ға­ли Әлімқұлов, Төлеби аудандық мәс­­­лиха­ты­ның төрағасы Нұрлан Қой­ба­ғаров, Түр­кі­стан облыстық мәсли­ха­ты­ның депутаты Ғалымжан Елшібай қа­тысты. 

Облыстық партия филиалының тө­ра­ғасы жарысқа қатысушылар мен жан­күйерлерді тұрақтылық пен тұтастықтың сим­волы болған Тәуелсіздік күнімен құт­­­тықтап, қазақтың ежелден келе жат­қан балуандық дәстүрін жаңғырту  қо­ғам­ның да, ұрпақтың да дамуына қызмет ете­тін бастама екенін айтты.

«Тәуелсіздік – халқымыздың ең қас­терлі құндылығы, елдік рухымыздың не­­гізі, мемлекетіміздің берік тұғыры. Осы ұлық мереке қарсаңында өтіп жат­қан AMANAT BARYSY турнирінің маңы­­зы ерек­ше. Қазақ күресі – елдік мі­незді, ұлт­тық рухты, адал бәсеке мен батырлықты насихаттайтын үлкен мектеп. Ұлтымыз­дың ежелден келе жатқан күрес өнері – ұлттың мінезін, күш-қайратын, та­бан­дылығын таны­та­тын рухани бай­лы­ғымыз. Бабалардан жет­кен осы дәстүрді қа­зіргі ұрпаққа аман жеткізу – біздің пары­зы­мыз», – де­ді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Аудан тұрғындары мен қонақтарына игі тілегін арнаған аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы AMANAT BARYSY тур­нирі­нің Төлеби ауданында өтуіне қолдау көр­сеткен облыстық партия филиалына, жа­рыстың жоғары деңгейде ұйым­дас­ты­руына үлес қосқан аудандық мәслихат де­путаттарына алғысын жеткізді. 

AMANAT BARYSY жобасы – биыл рес­­­публикамызда алғаш рет партия бас­тамасымен өтіп жатқан іс-шара. Түр­кі­с­тан облысында ұлттық мәдениетіміздің ал­­тын арқауы саналатын қазақ күресі ға­сыр­лар бойы ұлт рухын, ерлік пен батырлық бол­­мысын қалыптастырған көне спорттық ойын­дар ретінде дәріп­теледі. Түркістанды  тари­хи орталық қана емес, халқымыздың жауын­­герлік дәстүрі қалыптасқан аймақ ре­­тінде таныту – партияластарымыз абы­рой­мен атқаратын іс деп білеміз.  

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағ­дарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында өңірде бұ­­қаралық спортты дамыту ба­ғыты бойын­­­ша бірқатар маңызды мін­дет бел­гілен­ген. Салауатты ұлтты қалып­тас­тыру, партиялас әріптестердің спорттық бел­сенділігін арт­тыруда жуырда Қазығұрт ауда­нында облыстағы бастауыш партия ұйым­дары ара­сында футболдан турнир өткізілді. Бұл іс-шара ортақ мақсат ая­сына біріккен аза­­маттар арасында ұжым­дық ынты­мақ­тас­­тықты күшейтіп, пар­тияның өзегі са­на­­ла­тын бастауыш ұйым­дардың белсенді қыз­­ме­тін қамтуға серпін берді. Осы дәс­түрді жал­ғастыра оты­рып, алда пар­тия­­лас­тар арасында волей­бол­-дан да сайыс­тар өткізу жос­парда бар кө­рі­не­ді. 

Партияның «Жастар Рухы» жастар қа­на­тының бастамасымен «Чемпиондық рух» жо­басы қолға алынып, оның аясында елі­міз­ге белгілі саңлақ спортшылармен кез­­де­су­лер, жаттығулар өткізу үрдісі қа­лып­тас­ты. Осы мазмұндағы іс-шара кеше ғана Түлкі­бас ауданында өтіп, оған бок­стан әлем чем­пиондары ағайынды Махмұт және Төре­хан Сабырхандар қатысты.

AMANAT BARYSY алаңында өткен әр белдесу нағыз жігіттік мінездің, төзім мен ше­берліктің көрінісі болды. Балуандар өзде­рінің ерік-жігерін, табандылығын, ұлт­тық рухқа адалдығын көрсетті. Бел­десулер бас­талған сәттен-ақ алаңда қай­сарлықтың лебі сезілді. Татамиде өнер көрсеткен бал­уан­дардың бірі шалт қи­мылмен қарсыласын шалып жықса, бірі күтпеген тұстан қар­сы­ласын атып ұрып жанкүйерлерді ду еткізді. 

Жарыстар қорытындысымен AMANAT BARYSY турнирінің ІІІ орын иегері болып Бәйдібек ауданының намысын қорғаған Бекқұлұлы Әлфараби танылды, ол 200 мың теңгенің сертификат иегері атанды. Ақтық сайыста Отырар барысы Шорабек Ерсұлтан мен Шардара барысы Шам­ши­динов Қайсар белдесті. Ақтық сайыста шар­даралық балуанның асығы алшы­сы­нан түсіп, AMANAT BARYSY атанды. Тур­нир жеңімпазына 500 мың теңгенің сертификаты бұйырса, отырарлық балуан күміс жүлдегер атанып, 300 мың теңгенің сертификатын алды.