Мемлекеттік қызметшілерге кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат етілмейді – Данияр Рамазанов

Парламент ведомстволық бағынысты ұйымдар басшыларының – мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар (мектеп, аурухана және басқа да ұйымдар) директорлары мен жетекшілерінің кәсіпкерлікпен айналысуына қойылған тыйымды алып тастайтын Заң қабылдады.

Нақтылап айтқанда, кәсіпкерлік қызмет олардың лауазымдық міндеттерін орындауға кедергі келтірмеуі, сол мақсатта қызметтік мүлікті пайдаланбауы немесе мүдделер қақтығысын тудырмауы керек.  

Қабылданған өзгерістердің түп негізі коммуналдық мемлекеттік мекеме директоры азамат А.Белгібаевтың өтініші бойынша шығарылған Конституциялық Соттың аталған тыйымды Конституцияға қайшы деп тануы туралы шешімі болды. Сонымен қатар, Конституциялық Сот кәсіпкерлік қызметке қойылатын шектеулер лауазымдық міндеттердің сипатына байланысты және сараланған болуы керек екенін атап өтті.

Ведомстволық ұйым басшылары бұрынғыдай сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық субъектісіне жатады және мемлекеттік қызметшілермен тең дәрежеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның назарында болады. 

Аталған басшыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қолданылады. Атап айтқанда, оларға қаржылық бақылау шаралары, мүдделер қақтығысының алдын алу жөніндегі талаптар, сондай-ақ туыстарымен бірлесіп жұмыс істеуге тыйым салу нормалары сақталады.

Тиісінше, ведомстволық ұйымдар басшылары кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру барысында белгіленген шектеулерді, оның ішінде қызметтік мүлікті пайдалану немесе мүдделер қақтығысы кезінде қызмет жүргізу талаптарын бұзған жағдайда, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамағаны үшін қызметтен босату түріндегі жауапкершілік көзделген.

Алайда осы заң туралы Парламент Сенаты баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Рамазанов Facebook-тағы ресми парақшасында түсіндірме жазба жариялады.  Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілерге кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат етілмейді.

Кеше өткен Сенат отырысының қорытындысы бойынша, бірқатар БАҚ мемлекеттік қызметшілерге енді бизнеспен айналысуға рұқсат етілді деген ақпаратты жариялады.

Бұл хабарлама шындыққа сәйкес келмейді. Заңда мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғалар қарастырылған. 

Оларға, соның ішінде:

- мемлекеттік орган саналмайтын мемлекеттік мекемелердегі және мемлекеттік кәсіпорындардағы (оның ішінде мектептер, ауруханалар) басқарушылық функцияларды жүзеге асыратын тұлғалар;

– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері;

– автомобиль жолдарында техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар жатады. 

Бірақ, тіпті олар үшін де, Заңмен кәсіпкерлік және басқа да ақылы жұмыстармен айналысуға тыйым салынатын жағдайлар бекітілген. Атап айтқанда, егер ол:

– жұмыс лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтірсе;

– қызметтік мүлікті пайдалануға әкеп соқса;

– мүдделер қақтығысын тудырса, онда олар онымен айналыса алмайды.

Осылайша, Заңда мемлекеттік қызметшілерге кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салуды алып тастау туралы ешқандай сөз жоқ. Демек, бұл шектеулер бұрынғыдай әрекет етуді жалғастыра береді. Кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салу ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, ұлттық және аймақтық даму институттарының, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдарының басшыларына қатысты да әрі қарай қолданылатын болады.

Заңның атауы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».