ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов Сауд Арабиясы Корольдігінің Ішкі істер министрі Абдул-Азиз бен Сауд бен Найфа Әл Саудтың шақыруымен Эр-Рияд қаласына ресми сапармен барды, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Сапар аясында екіжақты кездесу өтіп, тараптар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы өзекті мәселелер мен ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Ұйымдасқан қылмыстық топтарға, есірткі құралдарының заңсыз айналымына, экстремизм мен киберқылмысқа қарсы күрестегі өзара іс-қимылға, сондай-ақ іздеудегі тұлғаларды анықтау және құқық қорғау қызметіндегі озық тәжірибелермен алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға және одан әрі ынтымақтастық қадамдарын үйлестіруге бағытталған практикалық өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі бірлескен комиссия құруға дайын екендіктерін білдірді.
Сапар барысында қазақстандық делегация Сауд Арабиясы Корольдігінің Ішкі істер министрлігінің жедел басқару және жасанды интеллектті дамыту орталықтарының, арнайы бөлімшелерінің қызметімен, сондай-ақ Наиф атындағы Қауіпсіздік ғылымдары университетінің білім беру және ғылыми әлеуетімен танысты.
Бұл сапар Қазақстан мен Сауд Арабиясының құқық қорғау органдары арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға және практикалық өзара іс-қимылды дамытуға, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын дамыту және қолдану, кадрлар даярлау, сондай-ақ басқа да салаларда тәжірибе алмасуға екі тараптың да мүдделі екенін растады.