Бұл жетістіктер кездейсоқ емес. Олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби дипломатиялық мектебі, стратегиялық ойлау қабілеті және жүйелі менеджерлік тәсілінің нәтижесі екені анық.
2025 жылы Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту нақты нәтижелермен көрінді. Цифрландыру, дерекке негізделген шешім қабылдау, орталық пен өңірлер арасындағы жауапкершілікті нақтылау – мұның бәрі басқарудың тиімділігін арттырды. Мемлекеттік аппаратта формализм қысқарды, функциялар оңтайландырылды және нәтиже мен жауапкершілікке негізделген басқару мәдениеті қалыптаса бастады.
Бұл – Мемлекет басшысының «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының нақты іске асқанын көрсетеді. 2025 жыл Қазақстан экономикасы үшін сыртқы сын-қатерлерге қарамастан тұрақтылықты сақтай алған кезең болды. Экономикалық саясатта инвестициялық ахуал нығайды, өңдеуші өнеркәсіп пен инфрақұрылымдық жобаларға басымдық берілді, сондай-ақ шағын және орта бизнеске қолдау жүйеленді. Ең бастысы – экономика шикізатқа тәуелді модельден біртіндеп әртараптандыру жолына түсті. Бұл – қысқамерзімді емес, ұзақмерзімді стратегиялық табыс.
Сонымен қатар биыл халықаралық аренада Қазақстанның сенімді әріптес, жауапты мемлекет ретіндегі беделін айқын көрсеткен жыл болды. Мемлекет басшысының кәсіби дипломатиялық шеберлігінің арқасында Қазақстан ірі державалармен теңгерімді әрі прагматикалық диалог жүргізді, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен өзара сенімді нығайтуда жетекші рөл атқарды, халықаралық ұйымдар мен жаһандық платформаларда ел мүддесі дәйекті қорғалды.
Қазіргі жағдайда Қазақстан геосаяси күрделі жағдайда бейтараптық пен прагматизмді сақтай алды, көпвекторлы сыртқы саясаттың өміршеңдігін дәлелдеді, халықаралық инвесторлар мен серіктестер үшін сенімді алаң екенін тағы бір мәрте көрсетті. Бұл тек кәсіби дипломат емес, мемлекетшіл стратег ретіндегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқын артықшылығы.
Осы жылы Парламент заңнамалық реформаларды сапалық жаңа деңгейде қамтамасыз етті, әлеуметтік-экономикалық бастамалардың институционалдық негізін қалады, Үкіметпен конструктивті әрі талапшыл диалог жүргізді. Сенаторлық менеджерлік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттің тұрақты дамуы тек бастама көтерумен емес, оны кәсіби сүйемелдеумен өлшенеді. Осы тұрғыда билік тармақтарының өзара теңгерімді жұмысы 2025 жылғы жетістіктердің басты факторына айналды.
Амангелді НҰҒМАНОВ,
Парламент Сенатының депутаты