Онлайн-білім сынағынан сүрінбейміз бе?
Онлайн-білім сынағынан сүрінбейміз бе?
291
оқылды
Президент тапсырмасымен білім мен ғылым қызметкер­лерінің 70%-ы қашықтан жұмыс істейді. Оның ішінде еңбек демалысына шыққандары бар. Ал ЮНЕСКО мәліметіне сүйенсек, коронавирус салдарынан 100-ден астам  елде орта білім беретін мектеп жұмысы тоқтап тұр. Демек, кем дегенде 849,4 млн оқушы оқудан тыс қалды. Сондықтан әлемде білім үдерісі жайы басты мәселеге айналды. Қазақстанда да қашықтан оқу мен онлайн-мұғалім жұмысы күн тәртібінде тұр. Білім және ғылым министрлігі жоғарыдағы проблеманы шешу үшін жан-жақты тәжірибені та­разылап отыр. Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасындағы жаз­басында қашықтан оқу форматына көшу сынақ екенін жазған. Ми­нис­трді алаңдататыны – орта білім бе­рудегі қашықтан оқу үдерісі. Оның айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен ЖОО-да қашықтан оқыту тәп-тәуір жүріп жатыр. Егер колледж­дерде қашықтан оқыту барысында қиындық туғызатын  пәндер болса,  келесі курсқа қалдыруға кеңес беріпті.  

Еліміздегі «мәрт» білім платформалары

Иә, бас мұғалімнің алаңдайты­нындай-ақ бар. Өйткені қала сыртында, шалғай ауылда интернет желісі үлкен проблема. Әріптесі Гүлнәр Айтқұлова айтқандай 6 сәуірден бастап орта білім беру жүйесіне «ғашықтан оқыту» енсе, абдырап қалатын түрі бар.  Осы сын-қатерді жүйелей келе, Айма­ғамбетов біршама ізденіпті. Карантиннің қашанға дейін жалғасатыны әлі белгісіз. Осыған қарап білім саласына ел ағалары да алаңдап отыр. Сенат депутаты Нұр­төре Жүсіп Facebook парақ­шасында елде қашықтан оқыту енгенімен, көп отбасында компью­тер мен ноутбуктың жоқ екенін жазған. Бар болса, үйдегі бірнеше бала таласатынын да қосыпты. Жағдай көпбалалы отбасы үшін өте қиын екенін нұсқап, қалталы қазақтар мұқтаж отбасыларға бір-бір компьютерден сыйға тартса деген тілегін білдіріпті. Наурыз ме­рекесі қарсаңында көпті қуан­тып, сауап жинар Атымтай Жо­март­тың шықпай тұрғаны қын­жыл­тады. Десе де, еліміздегі білім платформалары азаматтық таныт­ты. Олар карантин кезінде 1 ай те­гін онлайн білім беруге келіскен. Бұл туралы министр де ірі плат­формалардың қызметін тегін ұсы­нып жатқанын атап өткен. Zoom стримингтік сервисі мен Coursera деп аталатын ірі платформалардың бірі тегін қызмет көрсетіп жатыр. Сондай-ақ Google Classroom, Hangout, «Күнделік», Moodle жү­йе­лерін тегін қолдануға болады. Сонымен қатар Bilimland плат­формасы өзінің 40 мыңнан астам контентін тегін ұсынды. Одан бөлек Daryn.online, Univer, Platonus, EduPage, БИЛ, BTS education, U-studу мен AGS қатарға қосылды. Қазір көпшілігі карантинді кәдеге жаратып, пайда табуды ойлап жүр. Білім саласына келген­де онлайн курстың бағасы қым­баттағанын, тренерлер сабақ ба­ғасын көтергенін көз көріп жүр. Осы орайда Daryn.online білім платформасының директоры Ас­қар Мақсаттан тегін оқыту жайын сұрадық. Себебі аталған платформа министрлікке 1 ай тегін білім беру жайлы ұсыныс тастап, алғаш болып хат жібергендердің бірі. Платформа директорының айтуынша, елде карантин жария­ланбастан бұрын Daryn.online-да 15 мың оқушы тіркеуде тұрған. 5 мыңға жуық бала күнделікті сабақ оқитын. Кейіннен платформа аты­нан министрлікке хат жолдап, оқу­шы төтенше жағдай кезінде уа­қытын өлтірмей, білімін ары қа­рай жалғауына мүмкіндік жасай­тындарын жазыпты. Министрлік болса, Daryn.online-ды жан-жақты зерттеп, ұсынысын қабыл алған. Платформа ерекшелігі қандай тақырып болмасын 5 минут ішінде түсіндіре алады. Артынан тақы­рып­ты бекіту үшін оқушы 10 тест сұрағына жауап береді. Содан кейін А, B,C деңгейінен тұратын тапсырма жиынтығына өтеді. 11-сынып оқушылары онлайн ҰБТ тапсырып, жинаған ұпайына сай анализ жүргізуіне болады. Ми­нистрлік құп көргесін платформаға 40 мың оқушы тіркеліп, 20 мыңы онлайн білім алып жатыр. Жоға­ры­дағы платформалардың да білім беру жүйесі осыған ұқсайды. Ка­никул аяқталғанша білімін же­тіл­діргісі келетін қолданушылар саны күн санап артып жатыр-мыс.  

Онлайн-мұғалім

Ал ауыл мұғалімдері басқаша сөйлейді. Оларға онлайн сабақ беруді  үйренуге, сабақ жоспарын жүктеуге тапсырма берген. Плат­формаға келсек, ауылдағы оқушы­ның тіркелуіне де мұғалім жауап­ты-мыс. Алғашында жоғарыдан Bilimland платформасына тіркелу туралы пәрмен берілген. «Әупі­рімдеп тір­кеп біттім-ау» дегенінде Daryn.online-ға ауысуды сұраған. Аталған жүйеге тіркелу үшін әр оқушыға жеке-жеке пошта ашу керек екен. Оның үстіне 6 сәуірден бастап он­лайн сабақ беру әлегі тағы бар. Осы­ның бәрін топшы­лаған мұға­лім­дер «еліміздің онлайн білім бе­руге дайын емес екенін» нұсқап отыр. Осы орайда министрлік оқы­тушы мен оқушының цифрлық сауатын көтеру үшін курс өткізіп, нұсқаулық әзірлейді. Қазірше мұ­ғалімдер үшін цифрлық ресурс­тарды пайдалану бойынша біраз видеодәріс дайын екен. Ал интер­нет провайдер мен байланыс опе­раторлары жұмысына келсек, олар мәселені Цифрлы даму министр­лігімен бірігіп шешпек. Қандай жағдай болмасын 6 сәуірге дейін амалын табуға тырысып-ақ жатыр. Жоғарыда Асхат Аймағам­бе­товтің орта білім берудегі қашық­тан оқыту жайында ізденіс жүргіз­генін жаздық. Расымен де, олар арнайы жұ­мыс тобын құрып, түрлі тәжіри­бені сынап көрген. Оқу­шы­лардың бейне-сабаққа қатысуын, тапсырма алып, қажет болған жағ­дайда пе­дагогтердің өз сыныбымен онлайн-талқылау, бағалау бо­йынша немесе бейне-стриминг сервисін пайдала­на алуын жүйе­лейтінін атап өтті. Интернет сапасы төмен өңір­лерді де назарға алған. Сол үшін телеарна арқылы сабақ өткізуге дайындалып жатыр. Онда бейне-сабақтар сабақ кестесіне сай көр­сетілетін болады. Дәлірек айтсақ, оқушылар Balapan мен Elarna арнасы арқылы сабақ оқуы мүмкін. Мұндай тәжірибені Сербия мен Түркия да қостап отыр. Қазір серб елі сабақты телеарна арқылы өт­кізіп жатыр. Ал түрік басылым­дарының хабарлауынша, олар 21-27 наурыз аралығында мектеп оқушыларына мемлекеттік TRT арнасы арқылы сабақ береді. Дегенмен карантин жағдайы мұғалімнің қадірі артатынын нұс­қағандай. Желіде жүрген ха­бар­ла­мада студенттің «коронавирус жұқ­са, жұқсын. Апай, ештеңе тү­сін­бедім, университетке барып оқиықшы» дегені ой салады. Әри­не, арнайы мекемеде отырып, түсінбегеніңді сұрап, білім алғанға не жетсін? Ал мұның бәрін қада­ға­лауды кімге тапсырамыз? Өйткені кейбір оқу орындарының қашық­тан оқуға жүрдім-бардым қарап жүргені белгілі.   Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ:

Whatsapp арқылы тапсырма беру – қашықтан оқыту емес

– Жалпы, қашықтан білім беру бүгін ойлап табылған дүние емес. Біраз жылдан бері ел қолданып жүрген формат. Елімізде қашықтан оқыту негізгі білім саласында болмаса да, қосымша білім саласында бар. Бірақ кез келген дүниені ортақ деп қарауға қарсымын. Қашықтан білім беру кімге керек? Қандай білім беруге болады? Қашықтан білім беруде қосымша білім беруге болады. Міндетті білімді қашықтан беру сапасын төмендетеді. Себебі қосымша білім беру кезінде мұқтаж болған соң білім алады. Міндетті білім беру – дәстүрлі оффлайн білімнің негізі. Екінші себеп қашықтан білім беруде жабдықталу мәселесі аса маңызды. Мысалы, интернет пен компьютердің мүмкіндігі, қашықтан білім беруде компьютерлік техниканы оқушы мен мұғалімнің игеруі – үлкен сұрақ әрі сынақ. Интернет жылдамдығы жеткілікті деңгейде болу керек. Еліміздің дәл қазіргі шақта қашықтан білім бергенін қол­даймын. Бірақ соған мемлекет дайын ба? Қоғам, ата-ана, мұғалім мен оқушы дайын ба? Дәл осы шақта ұялы операторлардың жұмыс сапасы артуы керек. Мә­селен, Нұр-Сұлтан қаласының өзінде қаланың шетіне шыға қалсаң, ин­тернет жұмысы төмен. Ал осындай сәтте қашықтан білім береміз деу – ертегі. Себебі бұл жерде маңыздысы – оқушы мен мұғалім бір мезетте кері байланысқа түсуі. Ал байланысқа түсе алмаса, мұғалім өзі сабақты 1 сағат бойы түсіндіріп, желіге жүктейді. Кейін оқушы оны қарап, тапсырмасын орындайды. Бұл – қарапайым видеодәріс, қашықтан оқу емес.  

 width=    Айзат АЙДАРҚЫЗЫ