Балаңыз мектепте не жеп жүр?
Балаңыз мектепте не жеп жүр?
306
оқылды
Мектептің алмасы, мек­тептің сүті, мектептің балы. Енді еліміздегі мектептердің асханасында оқушыларға тек отандық азық-түлік өнімдері ұсынылады. Жақында Мә­жілісте өткен Үкімет саға­тында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров осындай жобаның қарас­тырылып жатқанын жеткізді. Иә, дәл қазір оқушылар  көк­темгі демалыста. Әлемді шарпыған пандемияға байла­нысты демалысқа ерте шыққан балалар 16 наурыздан 5 сәуірге дейін 21 күн үйде. Дегенмен коро­навирус індеті де көп ұза­май ауыздықталып, карантин тоқтауы мүмкін. Ал мектеп жа­сын­дағы баланы тамақтандыру тақыры­бының маңызы зор. Мамандар бала мектепте болған кезде тамақтану режи­мі­нің күнделікті тұтыну норма­сының кем дегенде 70%-ымен қамтамасыз етілуі керек екенін айтады.
Бұл орайда, Ауыл шаруа­шы­­лығы министрлігі ұсынып отыр­­ған жобада «Мектептің ал­масы», «Мектептің сүті» және «Мек­тептің балы» секілді арнайы бағ­дарламалар енгізілген. Яғни, бұл бі­ріншіден, табиғи, таза өнім. Екін­шіден, қазақстандық өн­­діру­­шілер үшін тауарын өткі­­зе­тін жер табылғалы тұр. Өйт­кені рес­пуб­лика бойынша 7 024 мек­тепте 3 миллионнан астам оқу­шы білім алуда. «Бұл жо­ба отан­дық өндірушілерді қол­дау­ға және дұрыс тамақтану мен са­­лауатты ұрпақты қалыптас­ты­руға негізделген. Сонымен қатар қазір барлық бағдарлама ауылшаруашылық өнімдерін қай­та өңдеуді дамытуға бағытталған, бұл шикізатты қайта бөлуді және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары мен қарапайым фермерлер мен ауылшаруашылық кәсіпорындар үшін тиімділікті арттырады», – деді Үкімет сағатында Сапархан Омаров.
Расын айту керек, мектеп оқу­шысын қажетті мөлшерде тамақтандыру ісі біздің елде осы уақытқа дейін толық шешілмей келген мәселе. Себебі мектеп асха­насы жүйесінде ұзақ жыл бойы белгілі бір кәсіпкерлер жұмыс істегендіктен, нарықты өзара бөлісу, мектеп басшылығымен ымыраға келу секілді факторлар жиі тіркеліп жататын. Оның үстіне, асхананы жалға алған кәсіпкердің барлығы бірдей талапқа сай қызмет атқармайды. Ал оқушыда не ішем, не жеймін дейтін таңдау болған жоқ. Сол себепті оқушылардың да, ата-ананың да көңілі толмай жатады. Соңғы жылдары медицина мамандары балалардың ас қо­рыту жүйесі бұзылғаны жайлы жиі айтып, дабыл көтеруде. 14 жас­қа дейінгі балалар ара­сын­да артық салмақ қосу, асқа­­зан аурулары көбейген. Мұ­ның барлығы күні ұзын көп уақы­тын мектепте өткізетін оқушы­ның дұрыс тамақтану ережесін сақ­та­мауынан. Кейбір мектептердің асханасындағы тамақ нәрсіз, дәмсіз болғандықтан, балалар жол-жөнекей «фаст-фуд» тағам­дарын жей салуға үйір. 2018 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің бұйрығымен жаңа тәртіп енгізілді. Ол бойынша, асханаға тамақ жеткізетіндерді мектеп басшылығы емес, арнайы комиссия қабылдап алатын бол­­ды. Дегенмен оқушыны та­биғи, таза әрі сапалы азық-тү­лік­пен қамтамасыз ету барлық мектепте түбегейлі шешілген жоқ. Ауыл ша­руашылығы ми­нис­трлігі ұсынып отырған жаңа жоба осы проблемаларды түп­кілікті жояды деп күтіліп отыр. Сапархан Омаров Мәжілістегі Үкімет сағатында мектеп тама­ғын жеткізушілерге бағаны кө­теруге жол берілмейтініне сен­дірді. Оның айтуынша, ведомство им­портты алмастыру және экс­порттық әлеуетті іске асыру аяс­ында тоғыз басым ба­ғыт бойынша кәсіпорындарға аудит жүр­гізген. Сондай-ақ қабыл­данған бағдарламалар сүт, ет, майлы дақылдар, жемістер мен көкөністерді, қант қызылшасы мен картопты терең өңдеуге мүм­кіндік береді. Қазақстанда 1-4 сынып оқу­шылары тегін тамақтанады. Ол үшін бюджеттен арнайы қара­жат қарастырылып, басы шешілген мәселе. Десе де, мек­теп асханасына қазынадан бөлі­нетін қаражаттың салмағы да бар­шылық. Мысалы, бір ғана Павлодар облысында 1-4 сынып аралығындағы оқушыларды те­гін тамақтандыруға жергілікті бюджеттен жылына 2,2 миллиард теңге жұмсалады екен. Әрине, бұл сома бала санына қарай әр облыста әртүрлі. Біз дерегін келтірген Павлодар облысында 2018 жылы 7 мың оқушы 1-сы­ныпқа барса, былтыр ол көрсет­кіш 14 мыңға жеткен. Осылайша, демографиялық көрсеткіш мемлекеттің, қоғамның әлеуметтік жауапкершілік ба­ғыт­тағы жұмыстарын еселеп арт­тыруды талап етуде.
Бастауыш сыныптардан бө­лек, көпбалалы отбасындағы жоғары сынып оқушыларын тамақтандыру да жауапты істің бірі. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінде көпбалалы отба­сының 5-11 сыныптарда оқи­тын ба­лаларын бір уақыт ыстық та­ғам­мен қамтамасыз ету қарас­ты­рылды. Дегенмен елорданың бюд­жеті көтерген жобаның бар­лығы бірдей өңірлерге оңайға түсе бермесі анық. Осыған орай, биыл қаңтар айында Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев Прези­денттік жастар кадрлық ре­зерві өкілдерімен кездескен кезде де осы мәселені көтерген болатын. «Біз мемлекеттің әлеу­меттік саясатының оңтайлы мо­делін іздеудеміз. Атаулы әлеу­меттік көмек мәселесі өте өзекті. Біздің қоғамда ол өте ай­қын көрінеді. Мемлекет мұқ­таж адам­дарға көмектесуі керек» деген Президент ұлттық буржуазия өкіл­дерін аз қамтылған және көп­­­балалы отбасылардың оқушы­ла­рын тегін тамақтандыру үшін көмек көрсетуге шақырған. Мұн­дай тәжірибе Финляндия, Швеция, Чехия, Эстония секілді елдерде бар. Яғни, кәсіпкер аза­маттар мектеп оқушыларын тамақ­тандыру ісіне мемлекетпен бірлесе қатысады. «Нью-Йоркте 2017 жылдан бастап бар­лық мемлекеттік мектепте тегін та­мақтану енгізілді. Бұл миллион­нан аса баланы қамтыды. Мен де біздің елдің меценатттары мен бизнес өкілдері осындай іске бел­сене араласады деп сенемін», – деді Қ.Тоқаев.
Дамыған елдердегі жағдай жо­ғарыдағыдай. Ал көршіміз Ресейдің тәжірибесін қарасақ, оларда мектеп асханасына бө­лінетін қаржы үш көзден қалып­тасады екен: өңірлік бюджет, муниципалды және отбасылық қара­жат есебінен. Мысалы, Павло­дармен іргелес Омбы қала­сында бір оқушының бір күнгі тамағына жергілікті бюд­жет­тен 5 рубль бөледі. Оған му­ници­палды бюджеттен қаржы қосы­лады. Омбы қаласы білім басқар­ма­сының мәліметінше, қаладағы мек­теп асханаларында ыстық та­мақ бағасы – 25-30 рубль. Әрине, Ресей халқының саны біз­ден әлдеқайда көп. Соған орай, мек­теп оқушыларының өзі 9 млн-нан асады. Оның 48%-ы бас­тауыш сы­ныпта оқитынын айта кет­кеніміз жөн. Қалай дегенмен, мектептегі тамақтану ісін ұйымдастыру оқу­шылардың денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған бар­лық стандарттың сақталуын қам­тамасыз етуі керек. Ең бастысы, баланың ағзасын қажетті калория, дәруменмен қамтамасыз етуден бөлек, мектеп асханасындағы та­ғам экологиялық қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай болуы тиіс.  

 width=   Бауыржан БАЗАР