Бақылау-өткізу бекеттері қойылды
Бақылау-өткізу бекеттері қойылды
304
оқылды
Түркістан облысында бе­кет­тер қатаң бақылауда тұр. 18 наурыздан бастап Ал­ма­ты және Қызылорда ба­ғы­­­тын­дағы шекаралық ай­мақ­­­тардағы «Сауран» және «Шақ­пақ» бекеттерінде коро­на­­вирус дертіне бай­ланыс­­ты тәулік бойы жұ­мыс істейтін бақылау-өткізу бекеттері қойыл­ды. Поли­ция және меди­цина маман­дары әрбір кө­лікті тоқ­татып, арнайы құрыл­ғы­мен аза­мат­тардың дене қызу­ла­рын өлшеп, тексерістен өткізуде. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жа­былған соң оңтүстікке қарай ағыл­ған жұрттың қарасы көбейді. Осыған орай, Түркістан облысында арнайы екі бақылау-өткізу бекеті орнатылып, облыс­тағы по­ли­цей­лер мен медицина қызмет­кер­лерімен бірлесіп қар­қын­ды жұмыстар жүргізіп жатыр. Олар сырт­тан толассыз келіп жат­қан әр­бір жолаушыны тексеріп, өткізуді бастады. Мәселен, Шымкент – Самара тасжолының 208 шақырымындағы «Сауран» бекетінде коронави­рус­тың Түркістан облысы аумағына енбеуін қадағалау мақсатында арнайы бақылау-өткізу бекеттері тәулік бойы жұ­мыс істеуде. Түркістан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің са­пасы мен қауіпсіздігін бақылау депар­таметі басшысының орынба­сары Бақтыораз Елемесов қазірге дейін ыстығы көтерілген күдікті азаматтар анықталмағанын айтты.
«Облыстың шекаралық аймақ­тарындағы «Сауран», «Шақпақ» бекеттерінде арнайы бақылау-өткізу бекеттері тәу­лік бойы кезекшілікте. Онда ма­­мандар арнайы 3 перометрмен және қор­ғаныс құралдарымен қам­та­масыз етілген. Құрылғы азамат­тар­дың дене температурасын 2-3 се­кундта анықтайды. Қазірге дейін бекет­терде күдікті азаматтар анық­тал­мады», – деді департамент өкілі.
Сонымен қатар Шымкент –Алматы тасжолы бойындағы Шақпақ бекетінде де бақылау-өт­кізу бекеттері тәулік бойы кезек­ші­лікте тұр. Әр бекет тәулігіне 400-ге жуық көлікті тексерістен өткізуде. Бұдан өзге, Түркістан облы­сындағы әрбір ауданның әкімшілік шекараларында да эпидемияның таралуына тосқауыл қоятын ар­найы мамандар жұмыс істеп отыр.  

Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы