Дерт шалғандар – Қарағандыда
Дерт шалғандар – Қарағандыда
5,228
оқылды
Қарағанды облысында ко­ронавирустық инфекция жұқ­тырған екі адам анық­талды. Ауырғандардың екеуі де «Минск – Нұр-Сұлтан» ұшағы­ның жо­лаушылары. 18 нау­рыз­да халықаралық рейс Қара­ғандыға шұғыл қонды­рыл­ды. Ұшақ бортында 67 адам бол­ған. Қонғаннан кейін барлығы карантинге жат­қы­зы­лып, ин­фек­ция анықтал­маған жо­лау­шылар үйлеріне жіберілді.
– Жолаушыларды қарсы алу ке­зінде қауіпсіздік пен санэпид­ре­жим­нің барлық шаралары сақ­талған. Азаматтарды тексеру ұшақ салонында жүргізілді, та­сымалдауға арналған автобус трап­қа жеткізілді. Осылайша, біз жо­лаушылардың әуежай ғимаратына шығу мүмкіндігін шектедік. Тек­серуден кейін барлық азамат ұйым­дасқан түрде автобус арқы­лы карантиндік госпитальға жеткізілді. Сонымен қатар ауру деңгейі жоғары елдерден келген адамдар жалпы топтан бөлініп, түрлі бөлімшеге орналастырылды. «Қазір науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, олардың еш­қайсысы Қарағанды облысының тұрғыны емес», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Ол сондай-ақ қазіргі таңда Қарағандыда карантин жариялау үшін негіз жоқ екенін атап өтті.
– Облыста карантинді енгізуге негіз жоқ. Екі жағдай да сырттан келгендерден анықталды. Біз сыртқы ортамен байланысты шек­тедік. Бұл жағдайда инфекцияның қалаға түсуі мүмкін деген алаңдау­шылыққа негіз жоқ, деп атап өтті Ержан Нұрлыбаев.
– Облыс жолдарында 6 сани­тарлық бекет ұйымдастырылды, деп хабарлады полиция депар­таментінің ресми өкілі Жанатай Сембеков.
– Біреуі – Қарағандыға Алматы жақтан кірер жерде, бұл бұрынғы «Соқыр» бекеті. Тағы біреуі – Павлодар жағынан кіреберісте, біреуі – Теміртау қаласында, ақылы жол терминалының жа­нында, біреуі – Нұра ауданының Киевка кентінде, біреуі Жезқазған және Балқаш қалаларында ор­наласқан. Бекеттерде тәулік бойы жол-патрульдік по­лиция қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және сани­тарлық қызмет өкілдері жұмыс істейді. Дәрігерлердің ұсынысы бойынша полиция қызметкерлері коронавирустық инфекция бел­гілерінің болуын тексеру үшін көлік құралдарын тоқтатады. Сон­дай-ақ тексеру үшін жүргізушілер мен жолаушылар өз-өзіне қызмет көрсету тәртібімен дәрігерлерге жүгіне алады, – деді Жанатай Сембеков.
Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаровтың айтуынша, тәу­лік ішінде санитарлық бекет­терде 2 000-нан астам машина тоқтап, 3500-ден астам адамға тем­пе­ратуралық бақылау жүргізілді. Қарағанды облысындағы сауда-ойын-сауық орталықтары мен ірі сауда үйлері қызметін 20 наурыздан бастап уақытша тоқтатты. Азық-түлік сатпайтын бутиктер мен базарлар жұмысын тоқ­татты. Сауда үйлерінің ғи­марат­тарында орналасқан дәріха­налар мен супермаркеттер қыс­қар­тылған жұмыс күніне өтті, 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Кәсіпкерлік басқармасы ғимарат иелеріне ТЖ кезеңінде жалға алушылардан төлемақы ал­мауды ұсынды.
– Қазір ірі дүкендер мен базарлар жұмыс істеп тұрған кезде бизнесмендер сауда алаңдарын жалға алғаны үшін ақы төлемеу мәселесін қарастырудамыз. Кейбір басшылармен белгілі бір келісімдер бар, – деді кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.
Қарағандыда 39 жасар түнгі клубтың иесі мен рок-тобының 36 жасар жетекшісі төтенше жағ­дай режимін бұзған. Олар ес­кертуге қарамастан көпшілік іс-ша­ра­ларын ұйымдастырған. Аталған факті Қарағанды қаласының ПБ орталық полиция бөлімінде тіркелген. Мекеме иесіне қатыс­ты ӘҚБтК «Төтенше жағдай режимін бұзу» 476-бабының 3-тармағы бойынша әкімшілік хат­тама толтырылды және ма­ман­­дан­дырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен оған 26 510 теңге көлемінде айып­пұл салынды. Стационарларда 109 адам карантинде жатыр. Облыста үй ка­рантинінде – 21 адам, бақылауда – 336, ал тағы 275 адам – қашықтан мониторингте. Қарағанды облысында коро­навирустық инфекциямен ауы­ратын науқастарды емдеуге арналған 300 жұқпалы төсек және 48 реанимациялық төсек бар. 770 провизорлық және 1 325 ка­ран­тиндік төсек-орын ашылды. Барлық жұқпалы аурулар мен ка­ран­тиндік бөлімшелер дәрі-дәр­мектермен, медициналық мас­­калармен, медицина қыз­­мет­­кер­­леріне арналған қорға­ныс кос­тюмдерімен толық жабдық­талған. Республикалық бюджет есе­бінен өңірде 36 өкпені жасан­ды желдету аппараты, 48 монитор, 52 аспиратор, 114 перфу­зор, 96 пульсоксиметр, 8 фибро­бронхоскоп, ЭКМО аппараты, 100 тепловизор және 857 бірлік жеке қорғаныс құралы сатып алынды. Демеушілік қаражат есебінен коронавируспен ауыратын нау­қастарды тасымалдау үшін екі капсула сатып алынды. Қарағанды облысында 12 ки­нотеатр, сауда-ойын-сауық кешені жанындағы 44 балалар ойын алаңы, 167 мектептен тыс қосымша білім беру ұйымы және басқа да ойын-сауық ме­кемелерінің жұмысы тоқтатылды. 20 наурызда ауданы 2 мың шаршы метрден асатын ірі азық-түлік емес дүкендер мен сауда-ойын-сауық орталықтары жұмысын тоқтатты.   Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы