Конституциялық комиссия қызметі қоғаммен тұрақты диалог жағдайында жүзеге асуда – Нұрзада Бейсен

Комиссия құрамында түрлі көзқарастағы, әр буын мен сала өкілдерінің болуы – шешімдердің біржақты емес, кең қоғамдық консенсусқа негізделіп қабылданатынының белгісі.

Қазақстанда ағымдағы жылдың 24 қаңтарында Конституциялық комиссия өз жұмысын бастады. Бұл қадам елдегі конституциялық реформаларды жүйелі әрі институционалдық деңгейде іске асыруға бағытталған маңызды саяси шешім ретінде бағалануда. Комиссияның құрылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси жаңғыру бағытының логикалық жалғасы саналады.

Комиссия құрамына 120-дан астам адам енгізілді. Олар – жетекші саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, кәсіподақтар мен үкіметтік емес ұйымдардың, Парламент депутаттарының, заңгер-ғалымдардың, бизнес және корпоративтік сектордың, медиа, ғылыми және мәдени зиялы қауымның өкілдері. Мұндай кең репрезентативтік құрам комиссия жұмысының қоғам үшін ашық әрі жария түрде жүргізілуін бастапқы кезеңнен-ақ қамтамасыз етеді.

Комиссия қызметінің басты ерекшеліктерінің бірі – оның ашықтығы. Отырыстар Конституциялық соттың ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілуде. Бұл азаматтарға талқыланып жатқан мәселелермен тікелей танысуға және ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін түсінуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, комиссия жұмысы туралы жедел әрі жүйелі ақпарат тарату мақсатында «Конституциялық реформа – 2026» арнайы Telegram-арнасы іске қосылды. Комиссия мүшелерінің өздері де әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, кәсіби және азаматтық көзқарастарын ашық білдіруде. Осылайша, Конституциялық комиссия қызметі қоғамнан оқшау емес, қоғаммен тұрақты диалог жағдайында жүзеге асуда.

Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында Мемлекет басшысы ұсынған реформалардың мазмұны мен ауқымы олардың техникалық түзетулер емес, мемлекеттің саяси архитектурасын терең жаңғыртуға бағытталғанын көрсетті. Ұсынылған өзгерістердің саны мен мәні жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар деуге негіз береді.

Осындай жауапты әрі күрделі процесті арнайы құрылған Конституциялық комиссия арқылы жүргізу – ойластырылған әрі қисынды шешім. Бұл құқықтық өзгерістердің саяси, әлеуметтік және институционалдық тұрғыдан теңгерімді болуына мүмкіндік береді.

Комиссияны 2022 жылғы реформадан кейін қайта жандандырылған Конституциялық соттың Төрағасы басқарып отырғаны да айрықша мәнге ие. Бұл шешім Мемлекет басшысының конституциялық дамуға формалды емес, институционалдық және ұзақ мерзімді көзқараспен қарайтынын көрсетеді.

2022 жылғы конституциялық реформа елдің саяси жаңғыруындағы бетбұрыс кезең болды. Ол басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайтуға және мемлекеттіліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталды. Қазіргі бастама – сол реформалардың табиғи жалғасы.

Конституциялық комиссияның құрылуы мен құрамы Мемлекет басшысы ұсынған «Әділетті Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидаттарымен толық үндеседі. Комиссия құрамында түрлі көзқарастағы, әр буын мен сала өкілдерінің болуы – шешімдердің біржақты емес, кең қоғамдық консенсусқа негізделіп қабылданатынының белгісі.

Комиссия қатарында ғылым мен білім саласын басқарған, елге белгілі ғалымдар, мемлекеттік жүйеде кәсіби шеберлігін дәлелдеген мамандардың, сондай-ақ халықаралық дипломатия мен ғылыми дипломатия саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың бар екені ерекше қуантады. Бұл – қабылданатын шешімдердің тек саяси емес, зияткерлік және стратегиялық тұрғыдан да салмақты болатынына сенім ұялатады.

Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан саяси реформалардың нақты нәтиже беретіндігіне деген сенім күшейе түсті. Конституциялық комиссияның кәсіби әрі теңгерімді құрамы бұл реформалардың қағаз жүзінде қалмай, ел дамуына шынайы серпін беретініне негіз қалайды.

Нұрзада БЕЙСЕН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Физика техникалық факультетінің деканы