Атырау облысында із-түзсіз жоғалған 59 жастағы ер адамның мәйіті 19 күннен кейін Жайық өзенінен табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кейін мәйіт полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Іздестіру-құтқару жұмысы барысында құтқарушылар өзен жағалауын, су түбін және ықтимал бағыттарды жан-жақты тексерген. Сүңгу жұмысы жүргізіліп, су асты дроны мен ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылған. Бірақ іздеудің алғашқы кезеңінде нәтиже болмаған.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қолайсыз гидрологиялық жағдай, су асты ағысының қаттылығы, көріну деңгейінің төмендігі және өзен түбінің күрделі рельефі құтқару жұмыстарына айтарлықтай кедергі келтірген.
— Барлық жұмыс қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізілді. Құтқарушылар қолда бар техникалық мүмкіндіктің барлығын толық пайдаланды, — делінген ресми ақпаратта.
Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, полиция қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен еріктілер жұмылдырылды. Барлығы 25-тен астам адам, 9 бірлік техника, 1 жүзу құралы, 2 кинологиялық есептоп, сондай-ақ су асты дроны мен ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған.
Еске сала кетейік, Мақат ауданының тұрғыны Талғат Назаров 9 қаңтар күні шамамен сағат 13:30-да Атырау қаласына ем алуға келіп, Көкарна ауылындағы қызының үйінен шығып кеткеннен кейін хабар-ошарсыз қалған болатын.