Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан Халық кеңесі жай ғана консультативтік алаң емес, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің институционалдық көрінісі деген пікір білдірді. Ол бұл туралы Конституциялық соттың кезекті отырысында айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, бүгінгі отырыста билік пен қоғам арасындағы өзара сенімге негізделген жаңа қоғамдық келісімді қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың мазмұны мен архитектурасын түбегейлі жаңарту міндетін талқыланды.
– Соңғы жылдары қабылданған шешімдер осы мақсатқа жүйелі түрде қызмет етіп келеді. Атап айтқанда, бұрын қолданылған президенттік квоталар мен тағайындаулардан бас тарту арқылы өкілді биліктің дербестігін күшейтуге, саяси жүйені нақты демократияландыруға бағыт алдық. «Тепе-теңдік бар жерде тұрақтылық бар» деген саяси қағидатқа сүйенсек, жүзеге асырылған реформалар билік тармақтары арасындағы теңгерімді нығайтып, институционалдық дамудың жаңа кезеңін қалыптастырды. Осы логиканың заңды жалғасы ретінде Құрылтайдың өкілеттіктерін кеңейту мәселесі күн тәртібіне шықты. Құрылтайға Конституциялық сотты, Жоғары аудиторлық палатаны және Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыруға қатысу құқығын беру бұл институттардың тәуелсіздігін арттырып қана қоймай, олардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтеді, – дейді ол.
Депутаттың сөзінше, бұл мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайтатын жүйелі әрі салмақты шешім. Сондықтан бүгінгі талқыланған Халық кеңесі институтының маңызы айқын көрінетінін жеткізді.
– Халық кеңесі жай ғана консультативтік алаң емес, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің институционалдық көрінісі. Бұған дейін қоғамдық кеңестер мен түрлі диалог алаңдары болғаны рас. Алайда олардың басты әлсіз тұсы нақты шешім қабылдау процесіне ықпал ету тетіктерінің жеткіліксіздігі еді. Қоғамда толассыз жүріп жатқан мәдени, рухани процестерден туындаған проблемалармен айналысатын нақты институттар бар. Әрине, ол саламен айналысатын мемлекеттік иниституттардың белгіленген регламент аумағында жұмыс істейтіні белгілі. Ал, Халық кеңесінің ауқымдылығы – әлгіндей алаңдарда қордаланған, жинақталған түрлі ұсыныстарды, пікірлерді, көзқарастарды бір алаңда тоғыстырып, айтылған сөз айтылған жерде қалмай нақты механимге айналдыру, – деді Жанарбек Әшімжан.
Депутат ел Президенті 2025 жылғы 5 қарашада «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қойғанын сөз етті.
– Мемлекет басшысының Құрылтайда сөйлеген сөзінің басым бөлігі ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі канондарға, халықтың мәдени кодын арттыруға арналғаны тегін емес. Демек, Ішкі саясатқа қатысты қағидаттарды жүзеге асыратын қуатты институттардың бірі – Халық кеңесі. Осы тұрғыдан келсек, Халық кеңесі – идеологиялық ұстанымды, стратегиялық сабақтастықты заңның талабына сәйкестендіретін де орган.
Мәдени, рухани, шығармашылық ұғымдардың ауқымы өте кең, тіпті шексіз. Ал, оны заң тіліне жатқызу уақыт пен кеңістік тұрғысынан алғанда оңай шаруа емес. Бұл мәселелермен айналысатын мемлекеттік органдар регламенттер мен тиісті заңнамалық актілердің аясынан шыға алмауы мүмкін. Ал Халық кеңесі қоғамда қордаланған түйткілді мәселелерді кәсіби тұрғыдан түп тамырына дейін қопарып, талдап, таразылап нақты заңнамалық ұсынысқа айналдыра алатын институционалды орган болады деген үміттемін.
2022 жылғы жалпыұлттық референдум, өңірлердегі ашық диалог алаңдары мен азаматтардың қоғамдық-саяси белсенділігі бір нәрсені айқын көрсетті: қоғам саяси субъект ретінде кемелденді. Халық кеңесі осы қоғамдық сұранысқа берілген институционалдық жауап, формализмнен арылған, саяси салмағы бар диалог алаңы, – дейді ол.
Сөйтіп Жанарбек Әшімжан Халық кеңесі өкілді демократия мен тікелей демократияның арасындағы алтын көпірге айналағанын айтты.
– Жаңа институт билікті орталықсыздандыруға, жауапкершілікті бөлісуге және қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтуға бағытталған конституциялық реформаның ішкі логикасына толық сәйкес келеді. Демек Халық кеңесі – мемлекет басқарудағы бүкіл саяси жүйенің іргелі бір бөлшегі. Яғни, ел басқару тетігі бір ғана тұлғаның ерік-жігеріне емес, саяси институттардың тұрақтылығы мен консенсусында қоғамға тиімді қызмет етуінде.
Барлық этностардың мүддесін қамтитын Халық кеңесіне конституциялық негіз беру стратегиялық тұрғыдан маңызды. Өйткені бұл күшке немесе әкімшілік ресурсқа емес, диалог арқылы тұрақтылықты қамтамасыз ететін институт. Халық кеңесі біртұтас Қазақстан халқының мүддесіне қызмет етіп, ішкі саясат, қоғамдық келісім және ұлттық құндылықтар мәселелері бойынша кәсіби ұсыныстар әзірлей алуы тиіс. Сонымен қатар, оған заңнамалық бастама көтеру және референдум өткізуге ұсыныс беру құқығын еншілеу басқару жүйесінің институционалдық тұрақтылығын арттырады.
Сондықтан біз ұсынып отырған өзгерістер мемлекеттің тұрақтылығына салынған ұзақмерзімді инвестиция. Бұл – болашақ дағдарыстардың алдын алуға, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға және мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын қалыптастыруға бағытталған шешімдер. Дана халқымыз «Ақылмен басталған іс – баянды болады» дейді. Осы тұрғыда, Халық кеңесі эмоцияға емес, ақыл мен жауапкершілікке негізделген тұрақты саяси құрылым. Ол Қазақстандағы саяси мәдениеттің сапалық жаңа деңгейіне жол ашады, – деді Жаранбек Әшімжан.