Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры, PhD Құралай Садықова республикалық референдумнан жалпыхалықтық референдум парадигмасына дейінгі өзгерісті тізбектеп айтып берді.

–Бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан түбегейлі конституциялық реформа азаматтардың мемлекеттік басқарудағы рөлін күшейтуге, мемлекеттің адамға бағдарланғандығын арттыруға және мемлекеттік құрылымның терең трансформациясына бағытталған.
Жобаның мәтінінде «республикалық референдум» термині «жалпыхалықтық референдум» терминіне ауыстырылған. Құқықтық семантика тұрғысынан «республикалық» термині тарихи тұрғыдан бүкіл елге қатысты процесті білдіргенімен, конституциялық және құқықтық тұрғыдан ол көбіне формальды сипатта, мемлекеттік деңгейдің белгісі ретінде қабылдануы мүмкін, азаматтардың тікелей қатысуына нақты сілтеме жасамайды. Ал «жалпыхалықтық» сөзі әрбір азаматтың негізгі шешімдерді қабылдауға тікелей қатысуын айқындай отырып, тұжырымдыайқын әрі барлық азаматтар үшін қолжетімді етеді.
Сонымен қатар, referendum сөзі өз этимологиясы және құқықтық табиғатымен сайлаушылардың белгілі бір мәселеге қатысты шешім қабылдауын білдіретіндігі белгілі.
Халықаралық құқық құжаттары мен ЭҚЫҰ, Венеция комиссиясы, БҰҰ ұсынымдарында референдум өткізуде барлық азаматтардың қатысуы басты талап ретінде көрсетілген. «Жалпыхалықтық» термині халықаралық тәжірибеге сәйкес келіп, тікелей халық билігін жүзеге асырудың демократиялық нормасы ретінде қабылданады, ал «республикалық» формалды-аумақтық сипатқа ие болып, түсініксіздік тудыруы мүмкін.
Сонымен бірге, құқықтық терминологияның қарапайым және айқын болуы маңызды. «Жалпыхалықтық» термині жанама қатысу, өңірлік айырмашылықтар немесе шектеулер туралы кез келген айқын емес ұғымдарды болдырмайды. «Республикалық» термині әсіресе құқықтық тәжірибені дұрыс біле бермейтін адамдарға түсініксіздік тудыруы мүмкін.
Бұл тек стилистикалық түзету ғана емес, референдумның мәні мен парадигмасының өзгерісін көрсетеді, халықтың биліктің негізгі көзі ретінде үстемдігін айқындайды. Заманауи конституциялық басқару принциптеріне және қоғамның маңызды шешімдерге қатысуына сәйкес келеді және әрбір азаматтың тікелей қатысуына негізделген. Мұндай өзгерту Конституция жобасында құқықтық дәлдікті қамтамасыз етеді, халықаралық демократиялық стандарттарға сәйкес келеді, азаматтардың тікелей қатысуын айқындайды және халық билігі принципін күшейтеді, барлық қатысушылар үшін түсінікті етеді, – деді Құралай Қажимханқызы.