Қазақ даласының әр тасын түртсең, тұнып тұрған тарих. Тіпті аңызбен астасып, тылсымы өз алдына бір төбе болып жатқан орындар жетерлік. Міне, соның бірі Жамбыл облысы, Талас ауданы, Тамды ауылының оңтүстігіне қарай үш шақырым жерде орналасқан «Қотырбұлақ әулие» бастауы.
«Қотырбұлақтың» құпиясы
106
оқылды

Шолақты тауының бөктерінде орын тепкен «Қотырбұлақ әулие» бастауы тура­лы тарихи деректер аз. Көнекөз қариялар­дың өзі бұлақ туралы көп нәрсені айта ал­мау­да. Ақпараттың дені аңызбен ұштасқан. Қотырбұлақтың  қасында ертеден келе жатқан белгі тас бар. Онда: «Қотырбұлақ әулие бұлағы: Мысыр ата, Ықылас ата, Жылқышы ата, Кәрім ата, Шахан ата, Шынжырлы ана, Жібек ана, Мизір ана, Мамық ана» деп жазылған. Таластықтардың айтуынша, бұл белгіні кезінде бір кәсіпкер қойған көрінеді. Алайда ол туралы нақты ақпар жоқ. Сондай-ақ белгі тастағы аталар мен аналар кім екені беймәлім. Ел ішінде Мысыр ата VІІІ-ІХ ғасырларда Мысыр елінен келген сахабалардың бірінің лақап аты деген әңгіме айтылады. Дәл сондай өзге ататек­тер де сол дәуірде өмір сүрген қасиетті баба­ларымыз бен аналарымыздың есім­дері деген болжам жасалуда. Егер халық­тың есінде осындай текті адамдардың есімдері сақталса, демек бұл аймақ тарихи аңыздарға толы екені хақ.  

Аңызға сүйенер болсақ, ертеде Қаратау өңірінде бір хан өмір сүріпті. Сол ханның жалғыз ұлы болған екен. Бір күні ханның ұлы нөкерлерімен аңға шығып келген соң, қатты ауырыпты. Денесі бөртіп, қызуы көтеріліп, жанын қоярға жер таппапты. Баласының ауырғанын көрген хан жан-жаққа ат шаптыртып, ең мықты деген емші­лерді алдырған екен. Алайда қандай  емші келсе де,  хан баласының ауруын  жаза алмапты. Содан  күннен күн өтіп, хан баласының жағдайы нашарлай түсіпті.  Хан болса: «Егер осы баламның емін та­уып, жазып бере алатын адам болса, қан­ша байлық сұраса да беремін», – деп жар­лық шығарып, елге таратыпты. Бір күні осы жарлықты естіген бір дәруіш хан алдына келіп:

– Құрметті хан ием! Сізге айтар датым бар, – дейді. 

– Датың болса, айт, тыңдап тұрмын, – депті. 

– Мына тұрған қарт Қаратау етегі барлық ауруға ем, шипалы жер. Сіздің балаңызды сол таудың етегінде орналасқан бұлаққа алып барып, шомылдырайық. Жазылса, сол бұлақтан жазылады, – деп ханның қабағына қарайды. 

– Онда өзің жол баста. Егер айтқаның келіп, сол бұлақтан балам жазылып кетсе, не сұрасаң да беремін. Егер жазылмай қалса, онда басыңды аламын, – дейді хан. 

Сонымен дәруіштің айтқанына еріп, хан баласын нөкерлерімен сол бастауға алып барады. Үш күн, үш түн шомылды­рып, дұғасын оқып, балаға ем қолданады. Дәруіш айтқандай, шынында да, ханның ұлы төртінші күні ауруынан құлантаза айығып жазылып кетіпті. Риза болған хан, дәруіштің сұрағанын беріп, сөзінде тұрып­ты. Осыдан бастап әлгі бұлақты халық әу­лие санап, «Қотырбұлақ әулие» атап кеткен. Кейіннен елдің бәрі сол бұлаққа келіп шомылып, жанына ем, дертіне дауа тапты дейді кәрі аңыз.

Бұл бұлақтың қасиетін жергілікті ха­лық бұрыннан біледі. Кейінгі кездері бас­қа өлкелерден де бұлақ басына келетіндер көбейген. Бұлақтың кереметтілігі сонша­лық, оған шомылған адам өзін әрқашан жайлы да жақсы сезінеді екен. Қысы-жазы бір температураны ұстап тұрады. Үстіне жара шыққан  адамдар осы бұлаққа бір түсіп шықса, ертесіне-ақ үстіндегі жарасы­нан жазылып шығатын көрінеді. Сондай жанның бірі – Самат Тілеужан. 

– Медицина ғылымы қанша дамыса да, кейбір ауруларға  дауа табылмай жата­тын жағдайлар болады. Әсіресе, тері ауру­ларын емдеу оңай емес. Денеме осыдан бес жыл бұрын қызарып жара шыға бастады. Дәрігерге барсам, тері ауруы деп түрлі дәрі жазып берді. Алайда әлгі жара одан кетпеді. Керісінше, күн санап көбейе түсті. Содан ғаламтор арқылы Ресей мем­лекетінен де дәрі алдырып жағып көрдім. Одан да ем болмады. Бір күні таныстарым Шұбаркөлге баруға кеңес берді. Онда бір апта болып, көлге түскеннен кейін жараның беттері қабыршықтанып түсе бастады. Мұны көріп қатты қуандым. Алайда көлден оралғаннан кейін бір жеті өтпей-ақ  жаралар қайта шыға бастады. Содан не істерімді білмей отырғанымда, Талас ауданында «Қотырбұлақ әулие» деген жердің барын естідім. Көп ұзатпай аталған аймақты бетке алып, бұлақтың суына түсіп, жарамның бетіне балшығын жақтым. Сіздерге өтірік, маған шын, ертесіне жаралардың беті қабыршықтанып қайта түсе бастады. Бұған Шұбаркөлдің де әсері болды ма білмеймін. Алайда Қотыр­бұлақтың суына түскеннен кейін жарам жазылды. Ең бірінші, Алла әрине, екінші, осы Қотырбұлақ суы мені дертімнен айық­тырды, – дейді Самат. 

Иә, шынында, адам айтса нанғысыз жағ­дай. Алайда Қотырбұлақ суына түсуге бүгінде еліміз ғана емес, Ресей мемлекеті­нен келетіндердің де саны артқан. Ендігі мәселе – осы бұлақ суының құрамын тексеріп, оның қандай дертке дауа екенін толықтай анықтау. Содан кейін бұл маңнан бір шипажай ашып, келушілерге қолайлы жағдай жасаса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл, бір жағынан, туристік клас­тер­ді дамытса, екінші жағынан, дертіне дауа іздегендерге жасалған игі іс болары анық. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы