«Қолдан жасалған қымбатшылыққа әрбір әкім басымен жауап береді»
«Қолдан жасалған қымбатшылыққа әрбір әкім басымен жауап береді»
271
оқылды
Әлеуметтік желілерде күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерінің бағасы аспандап кеткені жайлы өтірік-шыны аралас ақпараттар қаптап жүр. Жұртшылық бұған қатысты алыпсатарларды бетімен жіберді деп атқарушы билікке де кінә артуда. Қалай болғанда да, бұл жағдайға күрделі кезеңді пайдаланып, пайда тауып қалғысы келген саудагерлермен бірге азық-түлікті көтергенінше алуға жанталасқан елдің де әсері барлығын жоққа шығара алмайсың. Талдықорғанды айтпағанда, аудандарда да осындай жанталас барлығы жайлы жазылып, айтылып, көрсетілуде. Бүгін Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровтың төрағалығымен аудан, қала әкімдерімен өткен селекторлық кеңестің басты тақырыбы да азық-түлік бағасына қатысты болды. Осы отырыс барысында белгілі болғандай, алдағы кезде әкімдіктер ұн өндіретін «Азия Агро-фуд» компаниясымен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Соған сай Алматы облысы тұрғындары үшін ұнның келісін 130 теңгеден сатып алу мүмкіндігі туады. Алыпсатарлыққа жол бермеу мақсатында әр адамға бір қаптан ғана ұн сатылады. Облыста жүргізілген мониторинг нәтижесінде бірқатар ауданда қант, күріш, картоп және сүт бағасы қымбаттағаны анықталыпты. Облыс әкімінің орынбасары осыған байланысты жауапты тұлғаларға азық-түлік тауарларының бағасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. – Өздерің көріп, куә болып жүргендей қазіргі кезде базарлар мен дүкендерде жасанды дүрбелең туындату арқылы бағаны көтеруге ұмтылатындар пайда болуда. Біздің облыс – аграрлы аймақ. Сондықтан бірінші кезекте қажетті азық-түліктің қоры жеткілікті. Алаңдауға еш негіз жоқ. Аймақтардағы қолдан жасалған қымбатшылыққа әрбір әкім басымен жауап береді. Аудандар бір-бірімен байланыс орнатып, ынтымақтаса жұмыс істегені жөн. Мәселен, Райымбек ауданында картоптың, Балқашта күріштің, Қараталда пияздың қоры бар. Осыны есте ұстаңдар, – деді Серікжан Ислямұлы.

Болат Абаған, Алматы облысы.