Бішкекте екі апта ем алған он бала елге оралды
Бішкекте екі апта ем алған он бала елге оралды
298
оқылды
Бүгін Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова халықаралық әуежайына  21 жолаушысы бар Бішкектен шыққан әскери ұшақ қонды. Елде індетке байланысты әуебағыты тоқталған болатын. Соның кесіріне Қырғызстанда екі апта ем алуға кеткен ерекше 10 бала ата-аналарымен елге жете алмай қалған еді. Олардың жетуіне қол ұшын берген ҚР ҚМ Қырғызстандағы әскери атташесі полковник Ахтан Әбілдаев "Балаларды тасымалдау үшін айрықша жағдай болған соң, бұл іске Қорғаныс министрлігінің авиациясын" тартқан. Сөйтіп, Атырауға  оралғандарға арнайы аймақ жасақталып, коронавируске жедел тест алынды. Тест қорытындысы 7-8 сағат ішінде белгілі болады.  -Бішкек әуежайында да жан-жақты тексеруден өттік, дене қызуымызды өлшеп, өзіміздің де, балалардың да жағдайын қарады. Қауіпті дерттің белгісі байқалған жоқ. Бұл тест те теріс нәтиже көрсетіп, үйімізге баратынымызға сенеміз,- дейді ерекше баланың анасы Венера Әділова. Арнайы аймақ барлық қажеттіліктермен: тамақ, гигиеналық құралдармен, киімдермен қамтылған. Бұл шара коронавирустің болмауына және таралмауына бағытталды. -Бішкектен келген 11 ана мен 10 балаға мемлекет тарапынан, Атырау облыстық әкімдігі тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта облыс әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылып, жолаушылар жан-жақты бақылауға алынады, оқшаулау аймағына орналастыру да назарда болады,-дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары, арнайы комиссия төрағасы Бақытгүл Хаменова.